Аймақтар • 04 Қараша, 2020

Бағы жанған боксшылар

403 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Атыраудың төрінде ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған кәсіпқой бокс кеші өтті. «SULEIMEN Promotions» проумоутерлік компаниясы ұйымдастырған додаға Қазақстан мен Танзания боксшылары қатысты. Кәсіпқой бокс кешіне облыс әкімдігі қолдау көрсетті.

Бағы жанған боксшылар

Кәсіпқой бокс додасында алдымен ринг төріне әлем чемпионы Бекзат Нұрдәулетов шықты. Оның қарсыласы – 28 жастағы Ибраһим Маокала. Жекпе-жек алты раундқа жоспарланған еді. Бірақ кәсіпқой бокстағы алғашқы қарсыласын екінші раундта ауыр соққымен нокаутқа түсірген Бекзат Нұрдәулетов бабында екенін байқатты. 

Екінші жұпта тағы бір отандасымыз Данил Семенов қарсыласы Мұса Аджибуды төртінші раундта техникалық нокаутқа жіберді. Ауыр салмақтағы боксшылардың бұл жекпе-жегі де алты раундқа созылуы тиіс еді. Үшінші жекпе-жекте қазақстандық Евгений Павловтың бағы жанды. Ол тәжірибелі Гудлак Мреманы екінші раундта сұлатып салды.

Ал Абылайхан Жүсіповтің кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегі жеңіспен басталды. Оған Танзаниядан келген қар­сыласы Мешак Мванкемва біраз қар­сылық танытуға тырысты. Сөйтіп бірін­ші орта салмақтағы қос боксшының айқасы алты раундқа созылды. Дегенмен, төрешілер жеңісті қазақстандық боксшыға беруге шешім қабылдады.

Атырауда бірінші рет өткен кәсіпқой бокс кешінің басты айқасы қазақстандық боксшы Бек Нұрмағанбет пен  тағы бір танзаниялық Абдалаһ Пазимен арасында өтті. Төрешілер алты раундқа жалғасқан жартылай ауыр салмақтағы жекпе-жекте қазақ ұланының шеберлігін жоғары бағалады.

Осылайша, ринг төрінде қазақтың намысын қорғаған бес боксшының айбыны асқақтады. Оның ішінде Бекзат Нұрдәулетов, Данил Семенов, Абылайхан Жүсіпов кәсіпқой бокста алғаш рет бақ сынады.

 

Атырау облысы