22 Қараша, 2013

Сыбайластар тендерді қалай тастар?

200 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Қаржы полициясы осы жылдың 9 айында кәсіпкерлердің қызметіне кедергі келтіру, заңсыз араласу деректері бойынша 411 шенеунікке қатысты 704 қылмыстық іс қозғады. Осы кезеңде аталған санаттағы 590 қылмыстық іс сотқа жолданды.

01-АИ

 

01-АХМЕТЖАНОВ МАРАТ МУРАТОВИЧМемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында еліміздің қарқынды дамуына кедергі келтіретін көптеген кемшіліктерді алға тар­тып, оған жол беріп отырған бірқатар шенеуніктердің жұмысын сынға алған болатын. Әсіресе, мемлекеттің ел экономикасын өркен­де­тудегі сындарлы жұмыстарына сын айтқызатын барлық салаға тән жемқорлық көріністері екені анық. Сондықтан, Елбасы бұл орай­да кімге болса да сыбайлас жемқорлыққа ешуақытта төзбеу керек­ті­гін қатаң талап етті. Соның бірі қолданыстағы мемлекеттік сатып алудың сыбайлас жемқорлыққа барынша бейім сала екендігі қазір бар­шаға мәлім. Осының ұшар басынан бастау алған сыбайластық ел­ қаржысын жаппай талан-таражға салуға жол ашады. Ал оны, яғни аталған саладағы жемқорлықты алғашқылардың бірі болып­ анық­тайтын орган – Қаржы полициясы. «Біз Елбасының қатаң сы­нынан кейін мемлекеттік органдарды жайлаған сыбайлас жем­қор­лықты жоюдың жайы және бұл бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстар туралы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі төрағасының орынбасары Марат АХМЕТЖАНОВҚА жолығып, өзекті мәселелер туралы айтып беруін сұраған едік.

– Марат Мұратұлы, мем­ле­кеттік сатып алу саласын­да сыбайлас жем­қор­лық көрі­ніс­тері қашанда басым түседі. Сондықтан да мемлекеттің, түп­­теп келгенде, салық төлеуші­лер­дің, мил­лиард­таған қаржысы тиісті мақсатына жетпей, орта жол­да ұрланып жатқандығы Ел­басының да сынынан сырт қалмады. Ендеше, неліктен осы жем­қорлық деген дерт жойыл­майды? Оның тіпті күннен-күн­ге күш алып, мемлекеттік дең­гейде өрістеуіне, түбегейлі қа­лып­тасуына не себеп болып отыр?

– Сыбайлас жемқорлық әлемнің барлық еліне тән, одан әзірге арыла алған мемлекет жоқ деп айтсақ, қателеспейміз. Бірақ оның деңгейі әр елде әртүрлі және қоғам өмірінің барлық салаларында кездеседі. Сыбайлас жемқорлық арам ниет пен пайдакүнемдіктен бастау алғандықтан, материалдық игіліктер бар жерде ол қатар жүреді. Соның ішінде мемлекеттік сатып алу саласында сыбайлас жемқорлық көріністердің сипаты тым жоғары.

01-АИ

– Соның себептерін айтсаңыз.

– Әрине, оған бірнеше себеп бар. Бірін­ші­ден, біздің қоғамда сыбайлас жемқорлыққа көнудің, оған төзудің белгілі бір дәрежесі қалыптасты. Жемқорлық азаматтарымыздың тарапынан қауіп ретінде емес, күнделікті көрініс ретінде қарастырылатын болды. Олардың наразылығы, ашу-ызасы мил­лиард­таған мемлекет қаржысын ұрлаған шенеунікке қарағанда, өзінің қалтасынан бір мың теңге ұрлаған қылмыскерге әлдеқай­да басым тұр.

Екіншіден, мемлекеттік сатып алу жүйе­сінің сыбайлас жемқорлыққа барын­ша бейім болуы оның тиімсіздігінен. Яғни, мемлекеттік сатып алу тетігі одан әрі жетілдіруді қажет етеді. Өйткені, бүгінгі кейпіндегі мемлекеттік сатып алу үрдісі, оны бақылау және тексеру тәртібі арам ниетті шенеуніктер мен олармен сыбайлас кәсіпкерлерге мемлекет қаржысын оңды-солды ұрлауға мүмкіндік беріп отыр. Осының салдарынан халықтың қажеттілігіне бағытталған мемлекеттік бағдарламалар толық орындалмай, мақсатына жетпей жатыр. Мәселен, Қаржы полициясы органдары осы жылдың 9 айында ғана мемлекеттік сатып алу саласында 433 қылмысты анықтады. Өткен жылдың осы мерзімінде мұндай қылмыстардың саны 290 болатын. Демек, жоғарыда аталған кезеңде қаржы полициясы мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру барысында орын алған 255 қылмыстың бетін ашты, бұл өткен жылмен салыстырғанда 4 есе артық.

– Сонда ең көп қылмыс қандай бағ­дар­ламалар аясында анықталып отыр?

– Ең көп қылмыс «Жұмыспен қамту-2020», «Ақ бұлақ», «Қолже­тім­ді баспана-2020» және «Агро-бизнес-2020» бағдар­ламаларының шеңберінде анықталды. 45 қылмыс еліміз үміт артып отырған Үдемелі индустриялық-инно­вация­лық даму бағдарламасының аясында жасалған.

– Расында, «сенген қойым сен бол­саң» дегендей, өте ұят жағдай екен. Дегенмен, мемлекеттік сатып алу бірнеше кезеңнен тұратын үрдіс қой, сондықтан оның қай сатысында сыбайлас жемқорлық қылмыс­тар көп жасалады деп нақты айта аламыз?

– Қаржы полициясының жедел-тергеу қызметі көрсеткендей, сыбайлас жемқорлық қылмыстар мемлекеттік сатып алудың барлық сатыларында дерлік орын алған. Мәселен, мемлекеттік сатып алу бюджетін жоспарлау сол сатып алу конкурстарын болашақта өткізетін бюджеттік бағдарлама әкімшісінің құзыретіне жатады. Яғни, өзі жоспарлайды, өзі сатып алады. Көп жағдайда осы арам пиғылды лауазымы жоғары адамдарда ел қаражатын ұрлауға деген ниет бюджетті жоспарлау сатысында пайда болады. Сондықтан олар тауарларды, қызмет пен жұмыстарды сатып алудың бағаларын әдейі көтеріп жоспарлайды. Яғни, қылмыстық ниетін жүзеге асыру үшін шенеунік өзімен сыбайлас кәсіпкерлермен сөз байласа отырып, оларды конкурстарға қатыстырып, жеңіске жетуіне жағдай жасайды. Кейін олар бюджеттен аударылған қаражатты жалған кәсіпорындардың есеп-шоттары арқылы қолма-қол ақшаға ауыстырып, өз пайдаларына жаратады.

– Бұл нағыз шектен шыққандық қой. Ондай адамдардың аттарын атап, түстерін түстей аласыз ба?

– Әрине, мұндай қылмыстардың айқын мысалы ретінде Жер ресурс­тарын басқару агенттігінің бұрынғы төрағасы Ө.Өзбеков, оның орынбасарлары Б.Нақыпбеков пен А.Жампейісов, сонымен қатар, Агенттіктің және ведомствоға қарасты басқа да лауазымды тұлғалардың сөз байласып жасаған заңсыз іс-әрекеттерін айтуға болады. Олар бюджеттен топографиялық-геодезикалық және картографиялық өнімге, оның ішінде Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы Теңіз картасын құруға бөлінген 906 млн. теңгені ұрлағандары үшін түрлі мерзімдерге бас бостандығынан айырылып, сотталды.

Аталған ақшалай қаражат бюд­жет­тік сатып алуды жоспарлау сатысында-ақ жоғарылатылған, кейін теңіз картасын жасау бойынша жұмыстардың бөлігін екі рет қаржыландыру жолымен және «Қазгеодезия» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны филиалдарының, онымен байланыс­ты кәсіпорындар және жалған фирмалардың есеп-шоттарына аударып қолма-қол ақшаға айналдыру арқылы ұрланған.

– «Жау кеткен соң қылышыңды тасқа шап» дегендей, көбіне болары болып, боя­уы сіңгеннен кейін қимылдап жатамыз. Осыған орай Қаржы полициясы соңғы екі жылда өз қызметін, жұмысын бағалаудың өлшемдерін түпкілікті қайта қарағанын білеміз. Бұдан қандай қорытынды шықты?

– Иә, біз қылмыстарды бұрынғыдай, яғни олар жасалып, азаматтар мен мемлекетке залал келтірілген шақта ғана анықтайтын үрдістен бас тарттық. Бүгінгі күні Қаржы полициясының жұмысы залал келтірілмеген уақытта, яғни қылмыстардың алдын алуға немесе олардың ерте сатыларында жолын кесуге бағытталған. Бұған қол жеткізуге жедел қызметімізде қолданылатын қылмыстарды ашу мен тергеудің жаңа әдістері мен технологиялары көмектеседі.

Солардың бірі – былтыр Қаржы полициясы агенттігінде құ­рыл­ған Ахуалдық орталық. Бұл – анықтамалық-ақпараттық жүйелерге қосылған, қылмыстардың жасалу мүмкіндігін талдау жолымен болжайтын немесе оларды анықтайтын кешен. Біздің Ахуалдық орталықтың және облыстардағы Қаржы полициясы бөлімшелерінде құрылған ақпараттық-талдау бөлімдерінің сарапшылары мемлекеттік органдар мен мекемелердің сатып алу жоспарларын күнделікті мониторингтен өткізу нәтижесінде бағаларды көпе-көрінеу жоғарылатудың көптеген деректерін анықтады.

Мәселен, Ақмола облысындағы ау­дандық ауылшаруашылық бөлім­дерінің бірімен АИ-92 маркалы бен­зиннің 1 литрін 325 теңгеден сатып алу жоспарланғандығын талдаушыларымыз анықтап, біздің дер кезінде араласуымыздың нәтижесінде 1 млрд. теңгеден астам бюджет қаражатының мақсатсыз пайдаланылуына жол берілмеді.

– Иә, расында бұл мысал қаржы поли­ция­сының мемлекет қаржысын ұрлау­ға жол бермегендігін көрсетеді, яғни қыл­мыстың алды алынды дейміз. Бірақ бұл жоғарылатылған баға мемлекеттік сатып алудың жоспарына қалайша енді, әртүрлі мемлекеттік органдардың келісуінен қалай өтті деген сұрақ туындайды ғой. Бұған не дейсіз?

– Дұрыс айтасыз. Міне, осыған орай Қаржы полициясы агенттігі мемлекеттік сатып алуларды жос­пар­лау және келісу кезінде жоғарыла­тылған бағаларды енгізу және оларға жол бергені үшін әкімшілік жауапкершілікті енгізуді ұсынады. Сонымен қатар, біздің ойымызша, тау­арлар, жұмыс пен сатып алынатын қызметтердің орташа бағаларының ортақ базасын құру қажет. Ол нарық­тық бағаға сүйене отырып қалып­тастырылуы тиіс. Оған қоса, бюджеттік сұраныстардың қоғамдық бақылауын қамтамасыз ету де ең тиімді шара болар еді.

– Жалпы, мемлекеттік сатып алуды жос­парлау ісін түбегейлі қайта қарау қажет дейсіз ғой. Бұл сөзімізге дәлел ретінде мемлекеттік сатып алудың тағы қай сатыларында сыбайлас жемқорлық қылмыстар жиі көрініс береді?

– Мемлекеттік сатып алуды, оның бағаларын жоспарлау сатысында бас­тал­ған қылмыс одан әрі де жалғасын табады. Тапсырыс берушінің конкурстық құжаттаманы дайындау және конкурсты жария­лау сатыларында арам пиғылды лауазымды тұлғалар өздерімен сыбайлас кәсіпкерлердің жеңісін қамтамасыз етуге қажетті барлық айла-шараларын жасайды. Олар техникалық мамандануда өздерінің фирмалары жеңетіндей, басқа кәсіпорындарды ысырып тастайтындай талаптарды көрсетеді. Тіпті, өздерінің қылмыстық мақсаттарына толық жету үшін конкурстың нәтижелерін қорытындылауға да ықпал етеді. Сөйтіп, конкурс өтіп, өзіне қажетті кәсіпорынмен мемлекеттік сатып алу келісімшартына қол қойылған соң, мәміле бойынша бюджет қаражатының бөлінуін қамтамасыз етеді.

Ал кәсіпкер өз кезегінде лауазымды тұлғаның қитұрқы әрекеттері үшін сыйақы ретінде оған пара береді немесе бөлінген мемлекет қаржысын бірлесіп жейді. Осындай сыбайластықтың соңғы сатысы ретінде лауазымды тұлға кәсіпкерден атқарылған жұмыстың сапасына, мөлшеріне, дұрыстылығына қарамастан, оны қабылдап алады. Осылайша, мемлекет қаржысының ұрлануымен қатар, жұмыс істемейтін, арзан немесе бұрын қолданыста болған материалдардан салынған, сапасы сын көтермейтін нысандар іске қосылады. Олардың кейбіреуі бір аптаның ішінде істен шығып, құлап та жатады.

– Таяқтың екі ұшы бар дегендей, мемлекеттік сатып алуларға қатысатын барлық кәсіпкерлер тек бюджет қаражатын ұрлауға ғана ниеттенгендер емес шығар. Осы орайда тендерлерге қатысып, алайда, теріс пиғылды шенеуніктер тарапынан қысым көрген кәсіпкерлер не істеуі керек?

– Әрине, кәсіпкерлердің ішінде адал ниетті, заң жолымен жүретіндері баршылық. Кей жағдайларда заңды жолмен тендерлерге қатысып, жұмысты атқару құқығына ие болған кәсіпкерлер лауазымды шенеуніктер тарапынан тиісті бюджет қаражатын бөлу, ішінара жұмыстарды қабылдау немесе жұмысты толық қабылдауы үшін түрлі қысымға, яғни бопсалауға ұшырайды. Мұндай жағдайда, көп кідірмей, қаржы полициясына хабарласу қажет. Кәсіпкерлер қылмыскер шенеуніктің айтқанына еріп, өздері де қылмыскерге айналмауы тиіс.

Қаржы полициясы осы жылдың 9 айында кәсіпкерлердің қызметіне кедергі келтіру, заңсыз араласу деректері бойынша 411 шенеунікке қатысты 704 қылмыстық іс қозғады. Осы кезеңде аталған санаттағы 590 қылмыстық іс сотқа жолданды. Мұндай қылмыстардың негізгі бөлігін кәсіпкерлерден пара талап ету, лауазымды тұлғалардың қызметтік өкілеттігін асыра немесе теріс пайдалану құрайды.

Жақында Үкімет Парламентке сатып алу жүйесін жетілдіруге бағытталған заң жобасын енгізді. Онда мемлекеттік сатып алуларды жүзеге асыратын ортақ оператордың құрылуы көзделген. Осы ұсынысқа Қаржы полициясы қалай қарайды?

– Аталған заң жобасын дайындауға Қаржы полициясы агенттігі де қатысты. Біздің тарапымыздан енгізілген біршама ұсыныстар онда көрініс тапты. Бүгінгі күні мемлекеттік сатып алулардың орталықсыздануы оның ең осал жағы болып отыр. Неге дейсіз ғой, өйткені, қазіргі кезде мемлекеттік сатып алуды жүргізу құқығына 12 мыңнан астам субъекті ие. Олардың қатарына орталық мемлекеттік органдармен қатар, облыстардағы аудандық салалық бөлімдер де кіреді. Мұндай жағдайда, мемлекеттік сатып алулардың заңдылығын толық бақылау және бірізділігін қамтамасыз ету мүмкін емес.

Осыған орай Қаржы полициясы жылдың басында мемлекеттік сатып алуларды бір орталықтан жүргізуді ұсынған болатын. Міне, осыдан келіп, аталған ұсыныстың негізінде заң жобасына мемлекеттік сатып алуларды жүзеге асыратын ортақ операторды құру ережесі енгізілді.

– Бірақ бұл бастаманың толық жемісті болуы үшін тағы бірқатар өзгерістер енгізу қажет шығар?

– Дұрыс айтасыз, өте қажет.

– Қандай?

– Мәселен, ортақ операторға конкурс­тар­ға қатысушы кәсіп­орындарды, жеке кәсіп­керлерді тиісті санаттарға бөлу құқығын беру қажет. Мемлекеттік сатып алуды ор­тақ ұйымдастырушы қатысушыларды олар­дың жүзеге асырған жобаларына сәйкес, салықтық жүктемесіне орай әртүрлі санаттарға бөлуі тиіс. Осыдан кейін тапсырыс берушілер ортақ ұйымдастырушыға техникалық құжаттаманы береді, соған қарап ол мемлекеттік сатып алудың санатын анықтайды. Яғни, бұл конкурсқа тек тиісті санатқа ие кәсіпорындар ғана қатыса алатын болады.

Арнайы ақпараттық жүйе кон­курстың күрделілігіне сай келетін қажетті санаты бар барлық кәсіпорын­дарға конкурс туралы хабарлама жолдайды. Ал қатысушылар электронды түрде өз бағаларын жібереді. Келіп түскен бағалардың негізінде автоматты түрде жеңіскер анықталады. Десек те, мемлекеттік сатып алуларды біртұтас ұйымдастырушы органды құру барлық мәселелерді шешпейді. Кешенді сипаттағы қосымша шаралар қабылдау қажет.

Ең бастысы, мемлекеттік сатып алу процесінің толық ашықтық режімін қамтамасыз етуіміз керек. Құқық қорғау және бақылаушы органдар бюджеттің әрбір теңгесі қайда жұмсалып жатқандығын білуі тиіс, ал бюджет қаржысымен жұмыс істейтін кәсіпкерлер толық ашықтық режімін сақтауға дайын болулары тиіс.

Мәселен, мемлекеттік сатып алу конкурсында жеңіске жеткен кәсіп­керлер жұмсалған бюджет қаражаты аударылған соңғы контрагент пен субмердігерге дейін көрсетілген есептерін жариялауды міндеттеуді ұсынамыз. Сонымен қатар, толық ашықтықты қамтамасыз ету үшін екі электрондық реестрді енгізу ұсынылады: біртұтас оператордың лауазымды тұл­ғаларымен сыбайлас тұлғалардың реестрі және мемлекеттік сатып алуларға қатысушы тұлғалардың түпкілікті бенефециарларының реестрі. Бұл мемлекеттік сатып алуларға қатысу және одан әрі келісім-шартты орындау кезінде сыбайластықты автоматты түрде болдырмауға жағдай жасайды. Ұйым­дастырушымен сыбайлас тұлғалардың кері қайтарылуының әрбір жағдайы электрондық есеп ретінде Қаржы полициясына заң бұзушылармен профилактикалық жұмыс жүргізу үшін жіберіледі.

– Марат Мұратұлы, әлі күнге дейін даулы болып отырған мәселе – ұлттық компаниялардың мемлекеттік сатып алу заңының шеңберінде болмауы. Бұл мәсе­ле бойынша Қаржы полициясының ұстанымы қандай?

– Шын мәнінде бүгінгі күні бұл мәселе көкейкесті болып отыр. Ұлттық компаниялар мен холдингтердің сатып алу көлемдері бюджеттік сатып алулардан бірнеше есе көп. Оған қоса, егер бюджеттік қаржының жұмсалуы мемлекет тарапынан әртүрлі тетіктер арқылы, оның ішінде қаржылық бақылау органдарымен бақылауда ұсталса, ал ұлттық компаниялар мен холдингтердегі қаржылық арналар ондай тексерістен тыс қалып отыр. Олардың жұмсалуы осы компаниялар тарапынан ғана тексеріледі. Яғни, бүгінгі күні квазимемлекеттік сектордың «Мемлекеттік сатып алу­лар туралы» заңы­ның аясына кірмей­тіндіктен, олардың қар­жылық қызме­тіне қатысты тексерісті уәкі­летті мем­лекеттік органдар емес, өздерінің ішкі аудит қызметтері ғана жүзеге асырады.

Әрине, мұндай тексерістердің толықтығы және шынайылығы қашанда күмән тудырады. Оған қоса, бұл қорытындылар процессуалдық шешім қабылдауға негіз бола алмайды. Сондықтан Қаржы полициясы агенттігі ұлттық компаниялар мен хол­дингтердің, сондай-ақ, мемлекеттік қа­ты­суы бар барлық кәсіпорындар қыз­меті­нің «Мемлекеттік сатып алулар туралы» Заңының реттеу шеңберіне кіргізілуін қолдайды.

Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен

Александр ТАСБОЛАТОВ,

«Егемен Қазақстан».

__________________________________

Суретті салған Айдарбек ҒАЗИЗҰЛЫ.

Соңғы жаңалықтар