Өнер • 05 Қараша, 2020

Жаңа ұлттық балет ұсынылмақ

480 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алдағы желтоқсанда ұлттық балеттің қазынасы тағы бір шығармамен толығады. Яғни композитор Тілес Қажығалиев музыкасын жазған «Дала үні» атты жаңа ұлттық балет хореограф Патрик де Бананың қойылымымен желтоқсанның 12-сі мен 13-інде көрермендерге ұсынылады.

Жаңа ұлттық балет ұсынылмақ

Шығарманың қоюшы дирижері – Абзал Мұхитдин, либретто авторы – танымал қазақстандық кинорежиссер, сценарист, ақын Бақыт Қайырбеков, хореографиялық либретто адаптациясының авторы – Жан Франсуа Вазель.

– Біз бұл маусымда осымен екінші премьераны дайын­даудамыз, сондай-ақ жыл соңына дейін жаңа толық ауқымды опералық спектакль қою жоспарымызда бар. Қазіргі жағдайға сәйкес театр­дың қарқыны жаман емес деп есептеймін. «Дала үні» ұлттық балеті – бұл қазақ­­стандық және шетелдік шебер мамандардың тың ой­ларының тандемі. Әдетте, пі­кір­лестер жиналған жерде шығармашылық туындайды, ал біз орасан зор ойларды өмірге әкеліп жүрген жоғары деңгейлі кәсіпқойларды таң­­дап алдық деген ойдамын. Залдарда дайындық жұ­мыс­тары басталып кетті, труп­па толықтай жұмысқа кі­ріскен, театр цехтарында кос­тюмдер тігілуде, декорация­лар мен бутофориялар жасалуда. Премьера өте қызықты өте­тініне се­німдімін, – деп атап өтті Қа­зақстанның еңбек сі­ңі­рген қайраткері, «Астана Опера» театрының директоры Ғалым Ахмедьяров.

Шығарма барысында ер­жүрек сәулетшіге қанат бі­тірген армандары заманауи хореография тілімен жет­кізілетін болады.

– Бұл балеттің бірін­ші бөлімі ұлттық би эле­мент­те­рінен құралған дәс­түрлі болып келеді, ал екінші бөлімі стиль­ге бағындырылған әрі әсем қала өмірін көрсетеді. Ұлттық қимыл-қозғалыстар маған шабыт береді, мен оларды зерделеймін де, өз әлеміме енгіземін, кейін өзімнің ике­­міме сай сәл өзгертіп, бейім­деймін. Хореография жа­саған кезде мен үшін музыка әрдайым бірінші орында тұрады. Аталған спектакльде біз Т.Қажығалиевтің музыкасын пайдаландық, ол өте ың­ғайлы, себебі әуел баста балет­ке арнап жазылған – деді қоюшы хореограф Патрик де Бана.

Қойылым тобына асқақ өнер әлемінің хас шеберлері енген: Рикардо Санчес Куэр­да – декорациялар бойын­ша суретші, Стефани Бауэр­ле – костюмдер бойынша суретші, Карлос Пино-Кан­тана – композитор-әрлеуші, Джеймс Ангот – жарық бо­йынша суретші. Дариға Тай­шықова – костюмдер бойын­ша суретшінің кеңесшісі, Ұлтай Ерденбекова – жа­рық бойынша суретшінің ке­ңесшісі, Алина Үсенбаева – сценографияны басқарушы, Серік Басбаев, Зарина Аймұханова – грим бойынша суретшілер.