Аймақтар • 05 Қараша, 2020

Таразда медресе-колледжінің жатақханасы ашылды

465 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, елдің бас мүфтиі Наурызбай қажы Өтпенов Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келді, деп хабарлайды Egemen.kz облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Таразда медресе-колледжінің жатақханасы ашылды

ҚМДБ төрағасын аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев қабылдады. Кездесу барысында діннің ұлтаралық келісімді нығайтудағы рөлі туралы жан-жақты қаузалды.

- Біз ортақ күш-жігеріміздің арқасында қоғамдағы келісім мен тыныштықты сақтай алып отырмыз. Біз бірлік, төзімділік және мейірімділік қағидаттарын негізге ала отырып, барлық қиындықтарды еңсеретінімізге сенімдімін. Халықтың рухани тұтастығын нығайтуға, әлеуметтік мәселелерді шешуге ҚМДБ-ның өңірдегі филиалы да айрықша атсалысуда. Бірлескен жұмыстар нәтижесінде Қордай ауданындағы ахуалды тұрақтандыру мүмкіндігіне қол жеткіздік. Имамдардың ротацияланып, қазіргі таңда мешіттерде уағыздар қазақ тілінде жүргізілуде, - деді Бердібек Сапарбаев.

Ол «Бейбітшілік пен келісім» жобасының іске асыру барысы туралы тоқталып, оның негізінде аудандардағы қоғамдық-саяси ахуалға мониторинг жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Еліміздің бас мүфтиі Қордай ауданында "Имамдар үйі" ашылатынын хабарлады. Жаңа орталықта дін қызметкерлері үшін біліктілікті арттыру курстары ұйымдастырылатын болады. Бұл күні Бердібек Сапарбаев пен Наурызбай қажы Өтпенов "Һибатулла Тарази" медресе-колледжі жатақханасының ашылу салтанатына қатысты. Олар жаңа ғимаратты аралап танысып, ондағы оқу және тынығу үшін барлық қолайлы жағдай жасалғанын атап өтті. Екі қабатты ғимаратта барлығы 12 жатын бөлме, екі оқу кабинеті, кітапхана, асхана, кір жуатын, жуынатын бөлмелер және монша орналасқан. Жатақхана демеушілік қаражат есебінен бой көтерген.

Бүгінде медресе-колледжде 61 студент оқиды десек, олардың арасында еліміздің басқа өңірлерінен келіп білім алып жатқандар да бар. Бүгінгі күнге дейін олар медресе ғимаратында тұрып келген.

Облыс жұртшылығы мен мұсылман қауымының өкілдері алдында құттықтау сөз сөйлеген аймақ басшысы 30 жыл бойы ҚМДБ жастарды толеранттылық негізінде тәрбиелеуге, қазақ халқының салт-дәстүрлерін құрметтеуге ерекше көңіл бөліп келе жатқанын атап өтті. Елімізде діни білім алушылар үшін барлық жағдай жасалған.

- Өткен жылы имамдар жамағатқа еліміздің мұсылмандарының рухани тұғырнамасына айналған "Жеті рухани қазық" құжатын ұсынды. Ол еңбексүйгіштік, мейірімділік, патриотизм сияқты адамгершілікке үндейтін құндылықтарға бағытталған. Діни қызметкерлер жастарға осы құндылықтардың мағынасын, конфессияаралық диалог негіздерін түсінуге баулиды. Қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштықты қамтамасыз ету арқылы ғана біз халықтың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндігіне қол жеткізе аламыз, - деді облыс әкімі.

Наурызбай қажы Өтпенов бүгінде жоғалған дәстүрлер қайта жаңғырып, мешіттер бой көтеріп, медреселер ашылып жатқанын тілге тиек етті.

Облыс әкімі мен еліміздің бас мүфтиі "Һибатулла Тарази" облыстық мешітінде "Asyldin" студиясының, "Әжелер мектебі" клубының жұмысымен танысты.

Төрайымы Жәмилә Жұмабаеваның айтуынша, клуб түрлі ұлт өкілдерінен құралған. Әжелер жас қыздарды халықтық дәстүрлерге баулып, бақытты өмірдің құпиясымен бөлісіп, дұрыс жолға тәрбиелейді.

- Қазақтар тіпті «Анаңды үш рет Меккеге арқалап апарсаң да, қарызыңнан құтылмайсың» дейді. Сіздердің өмірлік тәжірибелеріңіз жас ұрпақ үшін баға жетпес өнегеге толы. Сіздер өмірде шатасып, жаза басып жүрген қыздарға қол ұшын соза аласыздар, - деді облыс әкімі әжелерге.

Наурызбай қажы Өтпенов оларға отбасы институтын дамытуға қосқан үлестері үшін алғыс білдірді.

Айта кету керек, бүгінде облыста 358 діни бірлестік тіркелген десек, оның ішінде 312 мешіт пен 46 шіркеу бар. Алты облыстық, жеті қалалық және 10 аудандық ақпараттық-түсіндіру топтарының құрамындағы теологтар, дінтанушылар, психолог және мемлекеттік қызметкерлер тиісті жұмыстар жүргізуде.