Парламент • 05 Қараша, 2020

Сенат мемлекеттік шекара, көші-қон және кеме қатынасы туралы заңдарды қабылдады

164 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz Парламент Сенатының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сенат мемлекеттік шекара, көші-қон және кеме қатынасы туралы заңдарды қабылдады

Отырыс барысында сенаторлар "Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын күзету және ұлттық қауіпсіздік мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңды қабылдады.

Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, мемлекеттік шекара ұлттық қауіпсіздігіміз бен елдігіміздің кепілі. Бұл заң ұлттық қауіпсіздік органдарының басқару қызметін оңтайландыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, инфрақұрылымды дамыту және арнайы техникаларды қолдану арқылы мемлекеттік шекараны күзету мен қорғау жүйесін жетілдіруге жол ашады.

"Заңда маңызды нормалар қарастырылды. Олар Президентіміздің мемлекеттік шекараның мызғымастығын қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын іске асыруға арналған. Қазіргі таңда әлемде түрлі сын-қатерлердің туындап жатқанын көріп отырмыз. Сондықтан шекараны уақыт талабына сай күзетудің және қорғаудың мықты жүйесін қалыптастырудың маңызы зор. Осы орайда бүгін қабылданған заң ұлттық қауіпсіздік органдары мен шекара қызметінің тиімділігін арттыруға, шекарамыздың беріктігін қамтамасыз етуге қызмет етеді деп сенеміз", деді Сенат Төрағасы.

Сонымен қатар сенаторлар "Кеме қатынасы туралы келісімді ратификациялау туралы" заңды қабылдады. Сенат Төрағасы бұл құжаттың Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің байланысын нығайтуға, көліктік инфрақұрылымды дамытуға және тауар айналымын арттыруға септігін тигізетінін атап өтті.

"Қазақстандық флоттың ашық теңіздерге шығуы үшін осы келісім мен заңның стратегиялық маңызы бар. Бұл құжат алдағы уақытта Ресейдің ішкі су жолдары арқылы Қара және Жерорта теңізіңдеріндегі порттарға дейін тасымалданатын жүк көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Сол арқылы ел экономикасының өркендеуіне ықпал етеді", деді Мәулен Әшімбаев.

Одан бөлек, отырыста депутаттар "Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Беларусь Республикасының Үкіметі арасындағы көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы" заңды қабылдады. Осы келісім аясында мемлекеттер азаматтардың көші-қоны, көші-қон заңнамасының бұзылуы және заңсыз көші-қон жолдары туралы ақпараттарды, сондай-ақ, елдердің бірінің аумағында тұруға негіздемесі бар тұлғалардың құқықтық мәртебесі жөніндегі мәліметтерді алмасуға мүмкіндік алады.

Отырыс кезінде сенаторлар тиісті мемлекеттік органдарға бірқатар депутаттық сауал жолдады. Әли Бектаев өз сауалында Түркістан қаласының инфрақұрылымын дамытуға қаражат бөлу мәселесін көтерсе, Әбдәлі Нұралиев Жамбыл облысы тұрғындарының табысын арттыруға қатыстыжобаның екінші кезеңін қаржыландыруға назар аударды. Өз кезегінде депутат Ақылбек Күрішбаев отандық жоғары оқу орындарының жұмысындағы түйткілдерге тоқталып өтті. Ал Әлімжан Құртаев Түркістан қаласындағы Халықаралық туризм және меймандостық университетін жабдықтауға және Қажымұқан Мұңайтпасовтың 150 жылдығына арналған мемориалды кешен құрылысына қажетті қаражат бөлу мәселесін сөз етті. Өз сауалында сенатор Андрей Лукин азаматтарды әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту мәселелеріне, сондай-ақ, жұмыссыздықпен күрес шараларына баса мән берді. Ал Бақытжан Жұмағұловтың сауалында оқулықтардың сапасын арттыру керектігі кеңінен айтылды.