«Кәсіпкерлік субъектілері шектеу және карантин шараларын бұзуды жалғастыруда, олардың арасында тұрақты түрде тәртіп бұзушылар бар. Барлығы Нұр-Сұлтан қаласында 25 нысан тіркелді, онда бірнеше рет шектеу және карантин шаралары бұзылған. Оларға қатысты аудандық полиция басқармаларынан 140-тан астам материал келіп түсті. Бұл қоғамдық тамақтану және ойын-сауық мекемелері - клубтар, караокелер», - деді Жанна Пірәлиева.
Жалпы бұл мекемелерге 15 миллион теңге айыппұл салынды. Барлығы 836 жеке, лауазымды тұлғалар мен кәсіпкерлік субъектілері шектеу және карантин шараларын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметінің бөлім бастығы Азамат Садықов жаңа заң бұзушылық жағдайлары туралы айтты.
«Мейрамханаларда ауқымды отбасылық іс-шаралар өткізу үрдісі байқалады. Мысалы, 25 қазанда мобильді топ Сембинов көшесінде карантин режимін бұза отырып жұмыс істеген «Сұңқар» мейрамханасын анықтады. Мекемеде «Қалжа тойы» шарасын өткізген 50-ден астам келуші болған. Жалпы, қала бойынша карантинді бұзудың 2029 жағдайы тіркелген. Олардың 213-і маска тағу тәртібін елемеуге қатысты», - деді Азамат Садықов.
Қала тұрғындары барлық санитарлық-эпидемиологиялық ережелерді сақтауы, аса қажеттілік болмаса адам көп жиналатын жерлерге бармауы тиіс.