Қазақстан • 05 Қараша, 2020

Маң даладағы қуғын-сүргін

1192 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

1920 жылы 26 тамызда В.Ленин мен М.Калинин қол қойып, Бүкілодақтық атқару комитеті Халық Комиссарлары кеңесінің «Қырғыз АССР-ін құру туралы» декреті негізінде Закаспий облысында I Маңғыстау съезі шақырылып, Қазақстан территориясына ену туралы шешім қабылданды. 1920 жылы 4 қа­занда Бүкілқазақстандық I съезд Маңғыстау уезін Адай уезі деп жариялады.

 

Маң даладағы қуғын-сүргін

Маңғыстау түбегінен бастап Ойылға, бір жағы Сам құмдарының оңтүстігіне, одан әрі Арал теңізіне дейін созылған кең­байтақ далада көшіп жүрген ел арасында бір­ден-бір билік жүргізу құқығы тек қана революциялық комитеттің төрағасы Тобанияз Әлниязұлының басшылығымен жүрді. Бірақ То­банияз басқарған Адай ревкомы мен орталық өкімет арасында­ғы қарым-қатынас қалыпты болмады. Се­бебі үкімет пен партия, ОГПУ органдары Адай даласында пролетариат жоқ болғандықтан, кеңес­тік органдар жау элементтердің қо­лына көшті деген күдікте болды. ОГПУ органдары Т.Әлниязов, М.Атанов, С.Балқиев және тағы басқа 85 адамның үстінен іс қозғап, жауапқа тартуға кірісті. Бұлардың ішінде партия мүшелері де бар еді.

Елдегі Кеңес өкіметіне қарсы қоз­ғалыстың басталуына негізгі себеп болған оқиға 1922 жылы күз­де Қызыл Армия қатарына 1901 жылы туған азаматтарды шақыруға қарсы тұру әрекеті еді. Ревком мүшелері мен уездегі беделді адамдар әскер қатарына қазақтарды алуға наразы болып, астыртын жиын өткізіп, әскери комиссар Стребляков пен ревкомның саяси бюро бастығы Рыбоследовті тұтқындауға шешім шығарды. Сөйтіп, қарулы көтеріліс әзірлеуге кірісті. Ал әскерге шақырылған қазақтар Форт-Александровскіден қырға қашып бой тасалады.

1922 жылы Тобаниязға «Ақса­қал­дар билігін сақтайды, бұрын­ғы ескіден келе жатқан ата салтын дәріптейді, дін мә­се­лесіне мән беріп, оны қолдайды, адай елі­­не «хан» атанған, хан болуды көксей­ді. Үлкен ықпалды, бе­делді адам. Алаш пар­тия­сымен сы­байлас, оның батыс бө­лі­­мі­нің бас­шыларының бірі» деп, ОГПУ ор­­ган­дары оны қудалауға белсене кіріседі.

1927 жылы 11 қыркүйекте Адай уезі мен Ақтөбе губерниясына қа­расты Те­мір уезі құрамындағы Ембі-Байсары бо­­лы­сының бір жар­­тысы біріктіріліп, Адай ок­ругі құрылды. Қазақ АССР-нің аймақ­­­тандыру шешіміне сәйкес округ 1928 жылғы шекаралық шек­тік негі­зін­де бар­лығы қазақ ұл­тынан құралған 5 ауданмен қал­дырылды. Адай округінің әкім­­шілік орталығы болып Ойыл кен­ті бекітілді. Ке­ңестік өкімет Маң далада өзіндік бе­делі бар ру жақсыларын жаңа құрылған кеңестік партия қатарынан шы­ға­рып, алдын түрмеге жауып, өз би­лігін енді көсіліп жүргізуге кіріскен сәт­те 1928 жылы елді жұт жайлап, мал қы­рылып, аштықтан адам шығыны күшейіп кетті.

1928 жылы 4 тамызда Форт-Алек­сан­дровск қаласында Д.Из­мам­бетов төр­ағалығымен аш­тықпен күрес ко­мис­сиясының отырысы болып өтті. Комис­сияның шешімі негізінде паек нормасы анықталды. Паек нормасы қар­жылай таратылды. Бір адамға шақ­қанда ет – 1/4 фунт, еттің құ­ны сол күні ақшалай берілді. Дән­ді дақыл – 1/4 фунт, бидай ұны – 1 фунт. Қант пен шайға әр ашық­қан адамға күніне 2 тиын беру бекітілді. Паекті тарату бір айда екі рет, әр айдың 1 және 15-іне бел­гіленді.

Адай округіндегі кеңестенді­­ру жұ­мысы дұрыс жолға қойыл­ма­ған, оған жеке тұлғалар өз әсе­рін тигізген деген бағытта ал­дын ала жіберілген комиссия қо­рытындысына сүйеніп, елде ал­ғаш­қы репрессиялық жұмыстар 1928 жылдан бастап қолға алынды. Бұл адайларға қарсы репрессияның бірінші кезеңі болатын. Арнайы партиялық тапсырмамен Ойылға жіберілген Ерназаров комиссиясы жұмысының қорытындысында «Ойыл ісі» ашылды. «Ойыл ісіне» қатысты 16 адам сотқа тартылып, 12 адам әртүрлі мерзімге бас бос­тан­дығынан айырылып, қуда­ланды.

Кеңес өкіметінің саясатына қар­сылық тек Ойыл партиялық коми­тетінде ғана емес, ірі Маңғыш­лақ аудандық ұйымын­да да бар деген желеумен өлкелік комитет арнайы комиссияны Маңғыстауға да жіберді. 1928 жылғы тексеріс нәтижесінде Маңғыстау аудандық партия комитетінде 323 адам – 63,47% «жат элемент» деп та­нылып, партия қатарынан шы­ғарылды. Партия қатарында тек 91 партия мүшесі мен 37 мүше­лік­ке кандидат қалдырыл­ды. Со­ны­мен қатар осы комиссияның анық­тағанындай, жергілікті Ке­ңестік пар­тия ұйымының ыдыра­уына және Адай ок­ругіндегі ке­ңестендіру жұмысына ке­дергі кел­тіріп жүрген қарсы топ («Ойыл ісі­не» қатыстылардан басқа) өкіл­дері анық­талған. Олар: Жалау Мыңбаев, Бай­мырзаев, Алпысбай Кұлшаров, Байбос Қи­лыбаев, Ибат Игенов.

1928 жылы қазан айында Адай окру­гінің орталығы Ойылдан ок­ругтік партия комитетінің тапсыр­масымен Шабден Ера­лиев Маңғыстау аудандық партия ко­митетінің конференциясы­на қатынасу үшін Форт-Алек­сандровск қаласына ке­леді. Маң­ғыстау аудандық партия ко­ми­­тетінің 1928 жылдың 21 қа­за­нында­ғы партия конференция­сында ауданда орын алған кем­шіліктерді, қателіктерін мойындаудың орнына округтік партия комитетінің жұмысын сынады. 1 қа­­ра­ша күні Форт-Александровскіден Ш.Ера­лиевпен бірге округтік пар­тия конференциясына сайлан­ған делегаттар моторлы қайықпен Гу­рьев қаласына су жолы ар­қы­лы жолға шығады. 2 қараша кү­­ні түнд­е белгісіз себептермен Ш.Ералиев жоғалып кетеді. Маң­ғыстаудан шыққан делегаттар Ш.Ера­­лиевтің кенеттен жо­ғалуына да, қайтыс болғанына да мән бе­ріп, шара қолданбайды. Форт-Алек­сандровскіден келген бұл де­легация ок­ругтік конференция­ға қатысып, өлкелік ко­митет сая­сатына тағы да қарсы шығады. Округтік конференция аяқталған соң, Форт-Александровск делегациясы, бар­лығы 20 адам «Ералиев ісі» бойынша қамауға алынып, Қы­зылорда қаласындағы ОГПУ түр­месіне қамалған. «Ералиев ісі» бо­йынша: Ана­то­лий Адомайтис (ұлты лит­­валық), Төрәлі Сама­лықов, Жөке Ша­­баев, Айжарық Бекжанов, Айдақұл Қана­тов, бар­лығы 1929 жылы 21 мамыр күні 20 адам партия қатарынан шы­ғарылған.

1929 жылы 19 ақпанда басын­да 10, кейіннен 6 делегатқа (Ж.Шы­мыр­ұлы, Б.Айболатұлы, Ж.Ізмам­бетұлы, С.Кө­бей­­ұлы, Ә.Ишімұлы, Ж.Ша­байұлы) қаса­қа­на кісі өл­тір­ді деген айып тағылып, қыл­мыс­тық іс қозғалады. Сол жылдың ба­сын­да Мемлекеттік біріккен саяси басқар­ма­ның Қазақстан­да­ғы толық өкілетті уәкіл­дігінің алқасы оларға ату жазасына үкім шығарады. Жарты жылдан ке­йін ату жазасын 10 жылға лагер­ьде өт­кізуге ауыстырылады. «Ера­лиев ісі» бойынша сотталған 4 қа­зақ: Ишімұлы, Айболатұлы, Ізмам­бетұлы, Көбейұлы бұл үкім өз­гер­генге де­йін түрмеде қайтыс болған.

Маңғыстаудағы репрессияның екін­ші кезеңі тарихта «Тобанияз ісі» аты­мен қал­ды. 1929 жылы То­банияз Әлнияз­ұлы тұтқынға алынады. «Байлардың, сау­да­герлердің, патша өкіметінің бұрын­ғы Адай округі кеңес қызметкерлері­нің контр­­революциялық ұйымы» деген қыл­­мыстық іске қатынасушы­лар деп, Қыл­­мыс­тық кодекстің 58-2-бабымен ОГПУ ор­гандары 70 адамды айыптап, тұтқын­дайды. 1930 жылы 9 қазанда ОГПУ «үш­тігінің» шешімімен Тобанияз бас­таған 21 адамды атуға, қалғанда­рын 3 жылдан 10 жылға дейін түрмеге жабуға үкім шығарады. Осының бәрі халықтың нара­зы­лығын әбден күшейтті. Бұған ұжым­дастыру кезіндегі оқиғалар қо­сылып, көтеріліс қаупі пісіп-же­тілді.

Маңғыстау жеріндегі жаппай саяси репрессияның басталуына әсер еткен оқиға 1929-1932 жыл­дарғы Адай қа­зақтарының Кеңес өкіметінің өктем саясатына қарсы жүргізген халық көтерілісі еді.

Осындай қиын-қыстау заманда Маң­ғыс­тау қазақтары ауыл ша­руашылығы өнім­дерін дайын­дау науқандарының қы­сымы мен жұттан кейінгі аштықтан құ­лазы­ған халық легі Түрікменстан жеріне қарай ығысты. Маңғыстау қазақтары үшін репрессияның үшінші кезеңі – «Адай көтерілісі» ісі. Ол тарихта 1931 жылы бол­­ды. Адай көтерілісі бойынша (1931 жыл, ­наурыз-қыркүйек) жа­уапқа барлы­­ғы 740 адам тартылып, оның 559-ы тұт­қын­ға алынды, олардың 50%-ы байлар бол­са, қалғандары орта тап пен кедейлер еді. Кінә артқан қорытынды үкімде Маңғыстау, Табын, Жылой аудандарындағы бай­шыл-ұлт­шыл топтар қазақтың тұрғы­лықты хал­қын Түрікменстанға көшіруді ұйымдастырып, көшіп бара жат­қан жолда балық кәсіпшілігін тонап, Форт-Алек­сандровскіге ша­буыл жасап, малдарын тартып алып, айдап кеткен делінген. 1931 жылы 740 адамның 281-і қамаудан босады, ал 1932 жы­лы 318-і тұтқындалғанымен, олар­дың істерінде қылмыс құрамы бол­мағандықтан тоқтатылды. Қал­ғандары кінәлі деп саналып сот­талды: 2 адам ату жазасына кесілді, 17 адам 10 жыл бас бос­тандығынан айрылды, 82-сі 5 жылға, 67-сі 3 жылға, 5-еуі 2 жыл­ға, 24-і 5 жыл айдау­ға кетті, 99-ы әдейі басқа жаққа көшіріл­ді. Сот­талғандардың көбісінің мал-мүлкі тәр­кіленді.

Маңғыстау даласындағы жаппай қу­ғын-сүргін тек жергілікті ұлт өкілдері – қазақтарды ғана жазалаумен тоқтап қалмады. Репрессия өңірдегі басқа ұлт өкілдеріне де өз зардабын тигізді. Өңір халқын әлеуметтік тапқа бөлген комиссия 1926 жылы 21 шілдеде Баутино балықшы кентінде алғашқы кулактар тізімін жариялады. 1930 жылы Баутинода «балық өндірісіндегі саудагер, кулактар» тобы талқандалды. 19 адамнан тұра­тын Баутино балықшыларына «кулак» деген айып тағылды. ОГПУ «үштігінің» шешімімен Баутино елді мекенінің 19 тұр­ғынынан 11 адам – 10 жылға, 5 жылға 6 адам бас бостандығынан, 3 жылға бас бостандығынан 2 адам айрылды. Со­ны­мен қатар 1930 жыл­ғы 21 қараша күні Форт-Алек­сандровск қаласында өт­­кен қа­лалық сайлау комитетінің ше­ші­мі­мен Баутино кентінің 56 тұр­ғыны (бар­лығы еуропалық ұлт өкілдері), Форт-Алек­сан­дровск қа­ласының 6 тұрғыны (барлығы қа­­зақтар) сайлауға қатысу құқы­ғынан айрыл­ған. Олардың дені қазақтар, арасында 8 орыс, 2 түрікмен болған. 1931 жы­лы Бау­тино кенті бойынша сайлау құқы­­ғынан айрылған отбасылар саны­на толықтырулар енгізіліп, бұ­­рынғы 56 адам отбасынан қа­лып қойған ересек бала санымен то­лықтырылып, адам саны 75-ке жеткен. Сайлау құқығынан айрыл­ған адамдар жағдайы күрт на­шар­лап кетті. Олар Кеңес өкіме­тінің жат элементі ретінде танылды.

Маңғыстау даласындағы реп­рессия­ның төртінші кезеңі 1937-1938 жылдар аралығын қамтыды. 1938 жылғы саяси репрессия құр­бандарының бір оқиғасы «Же­менейлер ісі» деген атпен бел­гілі. 1938 жылы 4 шілде күні Аман­қызылит жерінде отырған 70 отбасынан құралған Маңғыстау ауданының №18 аулы «Микоян» жер өңдеу серіктестігіне таң атпай, шырт ұйқыда жатқанда ОГПУ өкілдерінен құралған астаулы машина келіп тоқтап, 54 ер-азаматты ағаш үйге қамап, ас-сусыз, отбасыларына түсініктеме бермей, келесі күні таң ата жолға шығып, Форт-Александровск қаласындағы түрмеге қамады. Олар Атырау түр­месінен Ресейге жер аударылып, 27 қыркүйек пен 3 қараша аралығында 54 қазақтың 38-і атылған. «Жеменейлер ісі» бо­йынша атылған Маңғыстау қа­зақтары ішінде Сейтмағанбет Төлепов, Жәлек Төлепов, Шариғат Айтжанов, Қапаш Қинақов, Үсен Қинақов және тағы да басқалар бар. Олардың барлығы НКВД-ның Гурьев облысындағы «үштігі» РКФСР Қылмыстық кодексінің 58-2,6,7, 11-баптары бойынша сот­талып, жазаның ең ауыр түріне үкім шығарылған.

Маңғыстау өңіріндегі жаппай қу­ғын-сүргін қиындығы халықтың жағ­дайын күйзелтіп, ел есеңгіреп қалды. Репрессия құрбандығына ұшыраған тү­бек қазақтарынан басқа ұлт өкілдері шоғырланған Форт-Александровск, Бау­тино балық шаруашылығы кенттері де босап, бір сәтте қаңырап қалды. Ал Маңғыстау қаройын тастап көшкен жергілікті ұлт өкілдері аштық пен жоқ­шылықты арқалап, басқа елдің босағасын паналады. Асыра сілтеу саясатының құр­баны болған елдің басым бөлігі тү­бекті тас­тап, алды Түрікменстан, Қара­қалпақстан, Хиуа жерлеріне өтті. Сөйтіп, кезінде ақ патша да бағындыра алмаған Маң дала­ның халқын өз уысында ұстап қалуға жанталасқан жаңа құрылған Кеңес өкіметі бір сәт елі жан-жаққа босып қашқан тү­бек тұрғындарының көшін қайыра алмай дағдарды. Маңғыстаудағы репрессия өте ауқымды тақырып, ол туралы деректер жылдан-жылға толығып, арнайы зерттеу ісіне сұранып тұр.

 

Эльвира АБЛАНОВА,

тарих ғылымдарының кандидаты,

Ш.Есенов атындағы КМТжИУ «Қазақстан тарихы және гуманитарлық пәндер» кафедрасының доценті

АҚТАУ