Білім • 06 Қараша, 2020

Жаңартылған білім мазмұны

7047 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Жаңа технологиялар ғасыры білім саласына жаңа міндеттер жүктеп отыр. Жетістігіне қарағанда, кемшілігі көп айтылып жүрген бұл саладағы реформалар қоғамды көп толғандырады. Бұған қоса індет кезінде қашықтан оқытудың жаңа әдістемелері, жаңа педагогикалық технологиялар, диагнос­тика, мониторинг процестері, бағдарламалар, сабақ құрылымын әзірлеуге қатысты мәселелер саладағы көкейкесті жайттардың салмағын ауырлата түскендей. Десек те «көш жүре түзеледіге» басымдық беретін мұғалімдер жағы тыңнан жол салып, балалардың сапалы білім алуына барынша жұмылып жатыр.

Жаңартылған білім мазмұны

Жаңартылған білім беру бағдар­ламасында білім мазмұнының жаңа­руымен қатар, критериалды бағалау жүйесін енгізу және оқы­тудың әдіс-тәсілдері мен әртүрлі құралдарын қол­данудың тиімділігі көрсетілген. Биыл жаңартылған білім беру мазмұнымен қамтылған балалардың үлесін 100 пайызға жеткізу жоспарланған. Осы орайда озық елдердің үздік тәж­іри­белерін негізге ала отырып, балаларға заман талаптарына сай білім беріп, саналы, ой-өрісі кең азамат етіп тәрбиелеуді мақсат ететін жаңа бағдарламаның ұтымды тұстары да бар дейтін болсақ, кемшіліктері де қаперде тұр.

Қазақстан-Британ техникалық универ­си­тетінің профессоры, педагогика ғылым­дарының докторы Жанат Дәулетбекованың айтуынша, жалпы білім беретін орта мектептің негізгі сатысында, яғни 5-9-сыныптарда оқытылатын әрбір пән өзіне нысан етіп алатын ғылым саласы бойынша оқушыға белгілі бір дүниетанымдық мәні бар теориялық білім беруі тиіс және де соған сай өмірлік дағдыларын қа­лыптастыруы қажет. Мысалы, биология пәні өсімдіктер әлемі туралы түсінік бе­ріп, оқушының экологиялық мәдениетін қалып­тастыратын болса, математикадағы сандық ұғымдар жүйесі жайлы білім баланың есептеу мәдениетін дамытады. Сол сияқты қазақ тілі пәні де ана тіліміздегі ғасырлар бойы қалыптасқан сөйлеу амалдары мен заңдылықтарын таныта келе, жас ұрпақтың тіл туралы лингвистикалық дүниетанымын қалыптастырып, сауатты сөйлеу дағдыларын жетілдіруі тиіс. Жаңартылған оқу бағдарламасында осы ең басты мақсат пен міндет назардан тыс қалған.

Бұл бағдарламада білім мен ғы­лымның интеграциясы мүлде еске­рілмеген, оның орнын тақырыптық ин­теграция алмастырған. Қазақ тілі пәнінің мазмұнын «Қиял әлемі», «Сән мен талғам», «Аспан денелері», «Көлік түрлері» деген сияқты жүйесіз лексикалық тақырыптар құрайды. Бағдарламада тілге қатысты теориялық материалдар сол тақырыптарға жапсырма ретінде «тілдік бағдар» деген бөлікте ғана, оның өзінде де жү­йесіз, шашыраңқы түрде берілген. Анық­тап айтқанда, бұл бағдарлама Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, «нәр­сенің атын алған да, затын ал­маған». Сондықтан мұндай жалаң ақ­паратқа құрылған қазақ тілі пәні өз міндетін атқара алмайды, сауатты ұр­пақ қалыптастыруға да қызмет ете алмайды деген сөз. Бұл жерде сауатты ұғымы тек жазу, я оқу сауаттылығы де­генді ғана қам­тымайды, ең алдымен, қазіргі өзгермелі қоғамда өмір сүруге бейімділік дегенді білдіреді.

«Қазақ тілі» пәнінің жаңартылған оқу бағдарламасында оқыту мақсаты, білім мазмұны, оқыту формалары мен оқыту әдіс-тәсілдері, оқыту нәтижелері сияқты әлемдік әдістеме ғылымында берік орныққан пәнді оқыту канондары шатастырылған. Олардың ішкі жүйесі бұзылып, өзара байланыстары сетінеген. Бағдарламада «Білім мазмұны» деп оқушының тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым әрекеттеріне қойы­латын талаптар берілген. Олар маз­мұнды құрамайды, оқушының пән арқы­лы игеретін практикалық тұрғыдағы нәти­желері болып саналады. Әдістемелік канондар жүйесіндегі заман қалай өзгерсе де өзгермейтін, қоғам қалай дамыса да тұрақтылығын жоғалтпайтын бірден-бір тірек, негізгі ұйытқы – білім мазмұны. Қал­ғаны уақыт талабына сай үнемі дамып, же­тіліп, өзгеріп отырады да, білім мазмұнын қо­ғам­дық-әлеуметтік сұра­нымға сай игертуге қызмет етуі тиіс. Себебі мазмұн жоқ жерде білім де, білік те жоқ. Ал қазақ тілінің білім маз­мұнында сөйлеуге үйрететін, тіл туралы білім тұруы керек еді. Бағдарлама авторлары бұл мәселеге мән бермеген.

Дамыған елдер жаһандық өркениет құн­дылықтары дағдарысынан шы­ғудың жолын қарастыру қажет. Ж.Дәу­летбекова осы орайда озық елдер тәжірибесіне тоқталды. Ғалым атап өт­кендей, Францияның тілге, Жа­­по­ния­ның тіл мен оқу жүйесіне, Гер­мания­ның этникалық тұтастануға, Англияның салт-дәстүр тазалығына, Қытайдың экономиканы экоэтникалық ерекшелікке бейімдеуіне қа­тысты мем­лекеттік деңгейде жүргізіп отыр­ған іс-шараларына ден қоюға болады. Мәселен, халықтың тілін сақтау ғана оның басқа құндылықтарын сақтауға кепіл бола­тынын Жапония тәжірибесі мойындатып отыр. Атом бомбасынан зардап шегіп, есеңгіреп қалған жапон жұртының ес жию­дағы алғашқы амалы 170 тіл институтын ашу болды. Соның нәтижесінде аз ғана уа­қыт­тың ішінде ол әлемдегі ең дамыған елдер қатарына көтерілді.

Қазақ халқы үшін де қоғамның да, жеке тұлғаның да мәдениетінің өлшемі болып саналатын, әрі рухани дамудың бір­ден-бір тетігі, бүкіл құндылықтың бас­тау көзі – тіл. Сондықтан тілді сақтау – ел­дікті сақтау, тілді сақтау – ұлтты сақ­тау деген ұғыммен барабар. Олай болса, еліміз­дің жаһанданудың жойқын сы­ны­нан сүрінбей өтуінің, ғаламданудың ғала­мат екпініне тө­теп беруінің де жолын білім беру жүйесіндегі тілді оқыту мәсе­лелерімен тығыз сабақтастықта қарас­тыру қажет. Бұл міндетті жүзеге асы­ру­дың басты шарты – отандық білім беру жүйе­сінде бүгінгі оқушылардың, бо­лашақ ел иелерінің елжандылық рухын шың­дау, аталар аманатына адал болуға баулу, бәсе­келестікке бейімділіктерін қалып­тастыру, интеллектуалдық әлеуетін арттыру.

«Қоғамда жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру мәселесіне қатысты жүр­гізіліп жатқан бірі сәтті, бірі сәтсіз рефор­малардың барлығы да – егемен елдің әлем­дік білім беру кеңістігіне еркін ену мақсатында жаса­лып жатқан қадамдар», дейді Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық универ­ситеті Филология институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Тыныштық Ермекова.

Соның бірі – жаңартылған білім беру бағдарламасы. Артықшылығы – жалпы адам­заттық және ұлттық құн­­дылықтарды бойына сіңірген, бәсе­кеге қабілетті, өмірдегі кез келген жағ­даят­та тығырықтан шыға алатын, функ­ционалдық сауатты, белсенді және шы­ғармашыл ойлайтын, интеллектуалды және жан-жақты дамыған жеке тұлғаны қа­лып­тастыруда.

Түйткілді мәселе осы бағдарла­ма­ның же­ке­ленген пәндерге арналып түзілетін бағдар­ламасына байланысты туындағанын қоғам біледі. Бағдарлама бойынша жазылған «Қазақ тілі» оқулығын қолына ұс­таған мектеп мұғалімі, оқушы, ата-ана, қоғам белсенділері бірден оқулық авторларына наразылығын білдірді. Оқулық қан­дай бөлімдерден тұрады, онда қандай лек­сикалық немесе грамматикалық материал берілу керек деген мәселелерді оқулық автор­лары емес, бағдарлама түзушілер анықтайды. Қазақ мектеп­теріндегі «Қазақ тілі» пәнінен жаңар­тыл­ған мазмұндағы үлгі­лік оқу бағ­дарламасының басты кемшілігі – қазақ тілін ана тілі ретінде оқитын оқушы мен екінші тіл ретінде оқитын оқушы сұра­ны­сының, оған қойылатын талаптың еске­ріл­меуінде.

Бағдарламаның олқы тұстары бас­қа да баспа авторларымен бірге «Оқулық» ор­талығы ұйымдастырған семинарларда, баспасөз бен әлеумет­тік желілерде де әл­де­неше рет талқы­ланып, ұсыныстар ай­ты­лып жүр. Бағдар­ламада «Гендік өзгеріс­ке ұшыраған тағамдар», «Ғылыми фан­тас­тика», «Био­алуантүрлілік. «Қызыл кі­тапқа» енген жануарлар мен өсімдіктер», «Қор­шаған орта және энергия ресурс­тары», «Био­технология және гендік инженерия келешегі», «Әлемдегі қақ­тығыстар және бейбітшілік», «Табиғи ресурстар­ды тиімді пайдалану», «Индус­­трияландыру: ұлт­тық өндіріс» деген тақырыптар берілген. Бұл – қате. Шын мәнінде, мектептегі «Қазақ тілі» оқулығының басты миссиясы – лингвистикадан жүйелі білім беру. Бұл дегеніңіз – жаңартылған білім беру маз­­мұнын жоққа шығару емес, аталған бағ­­дар­­ламаның ұтымды тұстары өте көп. Мәселе – лингвистикалық білім­ді таным­дық біліммен үйлестіре білу­де. Инновация, жаңа­шылдықтың бәрі – өткенге топырақ шашу емес. Қа­зіргі заманға керегі – жаңар­тылған білім мазмұны, инновация, дәстүрлі клас­сикалық білім үштігінің синтезі. Ал­дыңғы екеуі соңғыны жойып жібереді деген сөз емес. Лингвистикалық білім «Қазақ тілі» оқулығының негізі болуы тиіс. Ал жаңартылған білім беру – жоқтан жара­тылған дүние емес, дәстүрлі оқыту мазмұнына енген тамаша бастама. Соны үйлестіру қажет.

Мемлекеттік тілді дамыту институ­тының атқарушы директоры, филология ғылымда­ры­ның кандидаты Бижомарт Қапалбек жаңартылған мазмұндағы бағдарламаға орай «Мектептеріміз білім саласындағы реформалардан көз ашпай келеді. Тәуелсіздіктің алғаш­қы жылдарында жаңа буын оқулық­тары жазылып, балалар бірнеше жыл осы оқу­лы­қтармен білім алды», деп пікірін біл­дір­ді. Одан ол кейін он екі жылдық мектепке кө­шу мәселесін көтерді.

«Оқулықтар жарыққа шығып, пи­лоттық мектептерде оқытылды. 2016 жылдан бас­тап жаңартылған оқу бағдарламасы енгізі­ліп, оқулықтары жазыла бастады. Биыл 11-сы­ныптың оқулығы енгізілді. Ал 2016 жылы шық­қан оқулықтар толықтырылып, қайта басылуда. Яғни әрбір 4 жыл сайын оқулық қайта басылып тұруы керек. Осы орайда тағы да бір дүрбелең бас­талайын деп тұр, – дейді Б.Қапалбек.

Ал 2025 жылдан бастап 12 жылдық бағдарлама енгізілмек. Дәл қазіргі кү­ні Ал­тын­сарин атындағы білім ака­де­мия­сының мұрындық болуымен пәндер бойынша жұмыс комиссиялары құрылып, осы бағ­дарламаны әзірлеу үстінде. Б.Қапалбек ары қарай қолданыстағы жаңартылған бағ­дар­ламада ескерілмеген мәселелерді на­зар­ға алды. Біріншіден, қазақ тіліне қатысты бағдарламаның өзегі ретінде лексикалық тақырыптардың таңдалуы дұрыс емес. Қазақ мектебіндегі қа­зақ тілінің өзегі линг­вистикалық білім, яғни граммати­ка болуы керек. Бағдар­ламадағы оқу мақ­саттары да өте қа­рапайым, моно­тілді баланың дең­гейіне сай емес. Лек­си­к­алық тақырыптар кө­біне өзге тілді аудиторияда қазақ тілін үй­рену үшін, үй­ренушілерді сөйлету үшін бері­леді. Қазақ мектебіндегі бала сауатты сөй­леуге, күрделі мәтіндер құ­рауға үйренуі тиіс. Бес стильдің бар­лық жанрында мәтін тудыра алу үшін оған орта мектепке сай линг­вис­тикалық білім керек. Бағдар­лама да, одан шығатын оқулық та осы мақ­саттарды қам­тамасыз етуі керек.

 

АЛМАТЫ