Қоғам • 06 Қараша, 2020

Түзеу мекемелерін де түрлендіру қажет

587 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қылмыс болған жерде жаза да болуы тиіс. Олай болмаған жағдайда әлемнің әлдеқашан астан-кестеңі шығар еді. Әдетте, қолымен істеген қылмысты мойнымен көтертіп, сотталушыны жазасын өтеуі үшін түзеу мекемелеріне қамап келеміз ғой. Алайда адамды абақтыға қамау өмірді үзу дегенді білдірмейді. «Айдан, жылдан жаңылдырған» мекемелерде де өмір бар. Осыны ұмытпауымыз керек. Ұмыту былай тұрсын, сотталушылардың жай-күйіне, түзеу мекемелерінің жаңғыруына мән беретін кез келген секілді.

Түзеу мекемелерін де түрлендіру қажет

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің ішкі істер саласын реформалау мәсе­лесіне айрықша назар аударып келе жатқаны белгілі. Бұл ре­форма түзеу мекемелерінің жай-күйі, сотталушылардың жағ­дайы мәселесін де айналып өтпеді. Мәселен, ел Президенті «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты биылғы Қазақстан халқына Жолдауында «Бейнебақылау жүйесін дамыту жөнінде көп айтылады. Бірақ соған қарамастан құқық қорғау органдары көбінесе өздерінің ғи­мараттарында құрылғысыз отырады. Түзеу мекемелеріне жəне полицияның қызметтік ғимараттарына жаппай бейне­бақылау орнатуды тапсырамын», деген болатын.

Мемлекет басшысының тап­сырмасы ескерусіз қалған жоқ. Президент тапсырмасына сәй­кес ішкі істер саласын рефор­малау барысында түрмелер мен колониялардағы ахуалды жақсарту мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде. «Біздің негізгі мақ­сатымыз – әлеуметтік әді­леттілікті орнату, жасаған қыл­мыстары үшін жазасын өтеп жат­қан азаматтарды түзету және қылмыстық құқықбұзу­шылық жасамау жөнінде ескерту. Қылмыстық заңнаманы із­гілендіру жұмыстарының нә­тижесінде кейінгі 9 жылда түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жатқандардың саны 2 есе (57 мыңнан 30 мыңға дейін) азайды. Түрмеге қамалғандар санының әлемдік рейтингінде Қазақстан 100-ші орында тұр. Ал осыдан 18 жыл бұрын еліміз АҚШ пен Ресейден кейін 3-ші орында болатын. Бүгінде еліміздің пе­нитенциарлық жүйесінде 82 ме­кеме бар. Онда отыз мыңға жуық адам жазасын өтеп жатыр. Яғни түрлі режімдегі 66 колонияда 25 мыңға жуық сотталушы қамауға алынған. Сондай-ақ 16 тергеу изоляторларында тергеу амалдары жүргізіліп жатқан 5 мыңнан астам адам бар», дейді Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы, полиция полковнигі Жанат Ешмағамбетов.

Оның айтуынша, құқық қорғау органдары пенитенциарлық жү­йе­ні жаңғыртуға бағытталған мақсатты жұмыстарды әлі де жүргізіп келеді. Ал пенитен­циар­­лық жүйеге ең алдымен сот­талу­шының бас бостандығын шек­теу арқылы жазаны жүзеге асыру функциясы жүктелетіні белгілі.

– Жазаны жүзеге асыру­ жүйесін жетілдіру мәселесі Мемлекет басшысының Жолда­уында да көрініс тапқанын ай­рықша атап өткім келеді. Пре­зиденттің тапсырмасы негізінде түзеу мекемелерінде бірыңғай бей­немониторинг енгізіледі. Ол өз кезегінде жағдайды уақтылы қадағалауға мүмкіндік береді. Осы арқылы сотталушының не­месе құқық қорғау органы қыз­меткерінің тарапынан жасалуы ықтимал заңбұзушылықтың алдын алуға мүмкіндік пайда болады, – дейді Ж.Ешмағамбетов.

Осылайша, елімізде қылмыс­тық атқару жүйесін дамыту жө­ніндегі Жол карталарының аясында сотталғандардың құқықтық және ұстау жағдайын жақсартуға, цифрландыруға және жүйенің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар жұмыс атқарылып жатқан көрінеді. Түзеу мекемелеріндегі сотталушыларға электронды түрде шағым жолдау құқығы енгізілді. Алдағы уақытта мұндай әрбір мекемеде прокуратураға, сотқа және жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне тікелей шағым жа­сауға болатын электронды терминалдар орнатылады. Сонымен қатар  рұқсат берілген тағам, киім, кітап секілді түрлі тауарлар мен заттарға тапсырыс беруге болатын «электронды дүкен» технологиясы енгізіліп жатыр.

Түзеу мекемелерінде енгі­зілген енді бір жаңа­шылдық – сотталушылардың туған-туыс­тарымен бейнебайланыс ар­қылы хабарласа алу құқығы. Бұл жаңашылдық әсіресе карантин кезінде жоғары бағаланған көрі­неді. Карантин күшейген кезде кездесу түріндегі бейнебайланыстың саны 33 мыңға жетіпті. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың тапсырмасы негізінде бейнебайланыс және телефонмен хабарласу түріндегі кездесулердің саны ұлғайтылып отыр.

– Қызметтің ашықтығын қам­тамасыз етуге бағытталған маңыздың қадамның бірі – қоғам­дық бақылау комиссияларымен, ұлттық тәуелсіз пенитенциарлық механизммен тығыз байланыс орнату. Олардың құрамына қоғам өкілдері, әлеуметтік қыз­меткерлер, заңгерлер, құқық қор­ғаушы дәрігерлер бар. Аталған комиссия мүшелері қызмет барысында түзеу мекемелеріне 500-ге жуық рет қатынады. Олар жазасын өтеп жатқан сотталушылардың жағдайын бақылап, әңгімелесу, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Мұндай азаматтармен тығыз байланыс орнату арқылы ғана біз сотталушылардың құқығын бұ­зуға мүмкіндік туғызатын жағ­дайларды түбегейлі жоя аламыз деп ойлаймын», дейді комитет төрағасы.

Сонымен қатар елімізде пробация қызметі де жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Бұл қызмет бас бостандығынан айырмай жаза­сын өтеп жатқан тұлғаларды қадағалайды. Сондай-ақ олардың әлеуметтік-құқықтық көмек алуы­­на қол ұшын созады. Бұл ретте бейәлеуметтендіру қыз­меті де аса маңызды екенін ай­та кету қажет. 2017 жылы елі­міз Орталық Азия аймағында ал­ғашқы болып Елбасының тапсырмасы негізінде әлеуметтік бейімдеудің кешенді стратегиясын бекіткен болатын.

– Біз үшін әр сотталушы бос­тандыққа әлеуметтік тұрғыда бейімделіп барып шыққаны маңызды. Оның тағы да қылмыс жасауға себебі болмауы тиіс. Осы мақсатта әлеуметтік байланыстарды қалпына келтіру, тұрмыстық, баспаналық мәсе­лелерді шешу, жұмысқа орналастыру, құқықтық сұрақтар бойынша, медициналық және психологиялық көмек көр­сету жолға қойылуда. Сонымен қа­тар біз сотталушыны еркін өмір­­ге бейімдеуді жазаны өтеп жүрген кезінен бастап қолға аламыз. Жалпы орта білім мен кәсіптік білімді игеру үшін бар­лық жағдай жасалған, – дейді Ж.Ешмағамбетов. Осылайша, бүгінде еліміздегі түзеу меке­мелерінде жылына 2 мыңға жуық адам оқытылатын 50 жал­пы білім беру мектебі бар көрінеді. Ал кәсіби мамандықты жылына 3 мыңға жуық сотталушы игерді.

Түзету мекемелерін жаңғырту ісіндегі маңызды қадамның бірі – медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру. Яғни елімізде 2 со­матикалық, 1 психиатриялық және 3 туберкулезге қарсы ауру­ха­на жұмыс істеп тұр. Соны­мен қатар 57 медициналық бө­лім­ше, 15 медициналық пункт бар. Сотталушылар аумақтық меди­циналық ұйымдарда тіркеуде тұр. Барлық сотталушы алғаш келгенде бастапқы тексеруден өтеді. Қажет болған жағдайда азаматтық денсаулық сақтау қызметінің мамандары да шақырылады. Сот­талушының созылмалы ауруы болған жағдайда тіркеуге алынып, тексеруден өтеді. Тиісті кеңес бе­ріліп, ем қабылдайды. Жыл са­йын денсаулық сақтау сала­сы ма­мандарының, жылжымалы диаг­ностикалық кешендердің кө­мегімен профилактикалық тексерулер жүргізіліп тұрады. Осы жылдың өзінде 2 мыңнан астам ауру адамға консультациялық-диагностикалық кеңес беріліп, 120-дан астам ота жасалыпты.

Мұндай шаралардың нәти­жесінде туберкулезбен күрестің тұрақты тенденциясы байқалады. Кейінгі жылдарда мұндай диаг­ноз қойылған аурулар саны 5 есе төмендесе, оның құрбаны бол­ғандардың саны 8 есе төмен­депті. Ал аурулардың жалпы саны 4 есе азайғаны байқалады.

– Қазіргі уақытта медицина қызметкерлерінің жетіспеушілігі мен медициналық құрал-жаб­дық­тардың ескіруі сынды проб­леманың бар екендігін мойында­уымыз керек. Оның себебі де белгілі – төмен жалақы мен тұр­ғын үй жағдайының болмауы. Бұл мәселе мүдделі органдармен бірлесіп пысықталды және алдағы жылдың басында осы мәселе шешілетін болады. Ал медициналық құрал-жабдықтар осыдан 7-8 жыл бұрын сатып алынған еді. Медицина бір орын­да тұрмайды ғой. Қазіргі жабдықтар техникалық тұрғыда ескірді. Тиісінше, жаңартуды қажет етеді. Қаржыландырудың жеткіліксіздігін ескере отырып, жер­гілікті бюджеттердің қо­сым­ша қаражатын пайдалану мүм­­кіндігі қарастырылып жатыр. Себебі көп жағдайда жазасын өтеп жатқан тұлғалар сол өңір­лердің тұрғындары саналады, – дейді полиция полковнигі.