Жалпы Сарыарқа даласын ұзақ мекен еткен жұрт оның тау-тасы, өзен-көлі, оларды жағалай қонған жасыл құрақ мәңгі ән салып тұратынын біледі. Боз көдесі теңіздей толқып жатқан бетегелі белдер алып сахна сияқты көшпелі жұрттың көне сарындарын жаңғыртып жатады. Ұсақ шоқылы сілемдері ән тыңдауға жантайған күйі мәңгіге қалғып кеткен сауықшыл сері жұрттай тыныстайды. Сылдырай аққан сылқым өзендері сұлу да сымбатты аймаңдай арулардың сылқ-сылқ күлкісін келтіріп ағады. Бір сөзбен айтқанда қазақ сахарасының құйқалы бұл қыраты өнер мен дәстүрді ежелден ұштастырған елдің ең бір еңселі кезеңін еске түсіреді.
Енді осынау шеті-шегі көрінбейтін киелі кең сахнаның өнерпаздары кім деген сұрақ туындайды. Арыдан Ақан серілер, кешегіден Күләштар, беріден Бекболаттар болып бұл даланың төл таланттары осынау сәнді сахараны тамылжыған тәтті әннен ешқашан кенде қылған жоқ.
Біздің бүгінгі кейіпкеріміз дәстүрлі ән мектебінің дарабоз дарыны, дала дауысты Дәуренбек Әркеновтің де бұл мекеннің бір ардақты перзенті ретінде қара домбырасына қамшы салдырған емес.
Сұлу әндері сахнаның сәнін кіргізетін бұл есімді бергісі Арқа, арғысы Алаш жақсы білуі тиіс. Дегенмен ел газетінде есімін айшықтап айтудың жөні бөлек деп ойлаймыз.
Жалпы Әркеновтің әндерін небір өнер саңлақтары бас бармақпен бағалап жатқан болар. Дегенмен көзі тірі классик жазушы Мұхтар Мағауиннің ықыласы ерекше ауғанын атап айтқан жөн.
Былтыр бақилық болған қаламы қарымды журналист Мағауия Сембай туралы естелік мақаласында Мағауин Қарқаралыға барған сапарын баяндай келіп сонда кезіктірген екі әншіні бөлек жазыпты. Біреу біздің кейіпкер – Дәуренбек. Сөзіміз нанымды болу үшін мақаладағы сол үзікті толық ұсынғымыз келеді: «Бұл Кент сапары да есте қаларлық өзгеше оқиға болды. Тау іші, қалың қарағай арасындағы шағын алаңқайға жайғасқан едік. Қазақы дастарқан, көңілді кеңес өз алдына. Әуезі өзгеше екі әнші ініміз бар: Дәуренбек Әркенов және Құрмаш Ыбышев. Дәуренбек – консерватория бітірген және Қарағанды өнер колледжінде ұстаз. Құрмаштың атаулы оқуы жоқ, Арқаның әншілік мектебінің дипломсыз түлегі. Екеуінің де дауыстары ғажайып. Диапазонның кеңдігі ғана емес, қазақы, ұлттық сыр сыпаты тұрғысынан алғанда. Кейде екеуі кезектесе, кейде әлдебірі қатарынан екі-үш ән. Талмады, тоқтамады, екі бауырымыз жарым күн бойы жарты дүние – бүткіл Кент, Қарқаралы аймағы, Сарыарқаның аспанында қалықтап еді. Осындай да ғажайыпқа куә болдық».
Жазушы осылай деп ерекше екпінмен есімін атаған екі әншінің бірі болу біздің Дәуренбек дарынға бұйырыпты. Білгенге байыпты баға, тіпті көп әншілердің ішінен бойын биіктетіп тұрған салмақты лепес.
Дәуренбек бұл жетістікке әрине, бір күнде жете салмады. Алдымен топырағы киелі Тоқырауын бойында томаға сыпырып, Қарағанды облысына қарасты Ақтоғай ауданы, Көрпетай ауылында дүниеге келеді. Әннің Отанындай осы өлкеде ер жеткен болашақ әнші еңбек жолын қарапайым мұғалім болып бастайды. Мағауия Хамзин атындағы мысшылар мәдениет сарайында жұмыс істейді, сонда «Сарыарқа» фольклорлық ансамблінің көркемдік жетекшісі болады.
Кенен Әзірбаев, Әміре Қашаубаев атындағы республикалық ән байқауларының, «Шабыт» халықаралық фестивалінің жүлдегері, Жүсіпбек Елебеков атындағы республикалық ән байқауының бас жүлде иегері Дәуренбек Әркеновтің жеткен жетістіктері өте көп.
Талай-талай ән жәрмеңкесінде орындаушылық шеберлігімен жұртшылыққа таңдай қаққызған өнер майталманы 2006 жылы Балқаш қаласынан Қарағандыға қоныс аударды. Облыс орталығына келген соң Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің «Арқа сазы» фольклорлық ансамбліне жұмысқа тұрды. 2013 жылдан Тәттімбет атындағы өнер колледжінде қосымша сабақ береді. Гастрольдік сапармен Германия, Франция, Түркия секілді елдерге барып қайтқан дәстүрлі әнші 2011 жылы Мәдениет қайраткері атанды.
Әншінің өзі айтқандай бұл жетістіктерге жетер жолда алдыңғы аға буынының орны айрықша. «Мен үлгі тұтқан өнер майталмандары Жүсіпбек Елебеков, Манарбек Ержанов, Жәнібек Кәрменов, Қайрат Байбосынов, Бекболат Тілеухан, Мейірхан Адамбеков, Жақсыгелді Кемалов, Рамазан Стамғазиев сынды өнер өкілдері. Осы кісілердің үн таспалары арқылы тәлім алдым. Алдыңғы буын аға толқынның рухани шәкіртімін», дейді кейіпкеріміз.
Дәстүрлі әннің Дәурені туралы Арқа әнінің ақтұйғыны Мейірхан Адамбеков ағасы ерекше айтып кетіпті. Шәкірті шығарған ән жинақтардың біріне жазған алғысөзінде: «Дәуренбек айтатын әндерінің мекенін өзгертпей, арнасын ұлттық сарынмен тазалап отыратын әнші. Сондай-ақ бір әннің мақамдық ырғағын жалаң айқайға салмай, әнді сөзінің кілтімен ашып отырғанды ұнатады. Менің көңіліме түйгенім – әнші, сазгер, ұстаз Дәуренбек Манарбек әндерінің шырақшысындай болып көрінеді» дейді.
Шынымен де Дәуренбектің есімі естілген кезде оның ар жағынан Манарбек Ержановтың бай мұрасы басын көтереді. Тіпті Манарбектің төл шәкірті есебінде «Сайра бұлбұлды» Дәуренбек отырған ортада басқа әнші бастамайды. Бұл рухани ізеттің ар жағында үлкен дәстүр барын білдіреді. Дәуренбектің мұрағатына зер салсақ сол Манкеңнің зерлі тақиясы да біздің кейіпкердің қолында екенін білуге болады.
Бағалы жәдігерді Дәуренбекке ақын Абзал Бөкен ағасы аманаттапты. Бұл оқиға туралы ақын «Қазақ әдебиеті» газетіне үлкен мақала да жазды. Біз бұл дәстүр жалғастығын жақсы ырымға балап, тіпті Манарбектің сол тақиясы арқылы Дәуренбекке алып әншінің атақ-абыройымен бірге қасиеті, киесі де дарысын дейміз.
Дәуренбек Әркеновтің ерекше қасиеттерінің бірі – ол жай әнші емес, зерттеуші ұстаз, сырлы сазгер. Оның зерттеушілігін айғақтайтын алғашқы еңбек – «Ән ғұмырым, мәңгі жырым – Ақтоғай» деген аудио жинақ. Ақын, жазушы Серік Сағынтай екеуі құрастырған құнды еңбекте Ақтоғай өңірінен шыққан бүгінде көзі тірісі бар, өмірден ерте өткендері бар, 38 өнерпаздың дауысы жазылған. Алтын қорды ақтарып жинаған бұл үнтаспаны шығарудағы Дәуренбектің әнге, қазақ өнеріне деген жанашыр пейілін байқау қиын емес.
Одан бөлек өзінің жүрегін жарып шыққан сырлы саздары мен репертуарындағы әндерді де әнші бірнеше дискке жеке жинақтады. Өз әндерінің топтамасын атақты айтыскер ақын Аманжол Әлтай «Ән-Дәурен» деген атпен шығартып берсе, «Сырнайым – сазды сырласым», «Ән – серігім» деген дисктер де Дәуренбек дауысының дара жинақтары.
Қайраткерлік қадам еңбекқорлық қасиеттен туатыны белгілі. Кейбір әншілер құсап әнді жалындырып айтқызып, жинағын жарнамалап қана қоймай оқулық жазып, ертеңгі болашақ жастарға құнды еңбектер қалдыру Дәуренбектің басты ұстанымдарының бірі.
Оған Манарбек Ержановтың әндері мен күйлерінің толық жинағын құрастырған «Бақыт жыры» деген еңбегі куә. Аталған оқулық Манарбек мұраларының ноталары мен ән тарихына, күй шежіресіне қатысты толық ақпараттар айтылғандығымен ерекше. Бұл кітап Қарағанды облыстық Мәдениет, архив және құжаттама басқармасының мұрындық болуымен жарыққа шыққандығын айта кетуіміз керек. Болашақта да осы жұмыстардың жалғасуына аталған басқарма айрықша мән берсе дейміз. Себебі, әнді айту бөлек те, оны зерттеу, насихаттау тіпті қажет дүние. Д.Әркенов «Бақыт жыры» кітабынан бөлек «Ән керуен» деген кітаптың да авторы. Бұл кітапқа да өзінің және сол өңірдегі сазгер ағаларының әндері мәтіндерімен, ноталарымен бірге топтастырған. Бүгінге дейін сазгер Дәуренбек ретінде оншақты әннің авторы һәм орындаушысы.
Дәуренбектің ұстаздығын бүгінде консерваторияны аяқтап, үлкен өнер жолында жарқырап келе жатқан шебер шәкірттері дәлелдейді. Жігітке жеті өнер аз демекші, Дәуренбек жасаған домбыралар да ерекше үнімен біраз елдің төрін тойға бөлеп жүр.
Дәуренбек – кеше мен бүгіннің, өнер мен өмірдің, ұстаз бен шәкірттің, қазақы дүниетаным мен өркениет өрін жалғап жатқан дара көпір сияқты. Әлі де атқарар жұмыстары жетерлік. Тек қасиетті қара домбырасының шанағынан шабыт кетпесін дейміз. Көмейіне бұлбұл ұялап, таңдайынан тамылжыған тәтті ән төгетін кешегі сал-серілердің бүгінгі сарқыты Дәуренбек. Әркеновтің әнімен сол салқар көш сән-салтанатымен ертеңге жалғасады. Дала дауысты Дәуренбектің дауысында Алаштың асыл мұраты бар.