Бұл «Имамдар үйі» негізінен еліміздегі татулық пен бірлікті нығайту, отбасы құндылықтарын насихаттау, асыл дініміздің шарттарын толық білу мақсатында салынған. Мұнда оңалту, бейбітшілік пен келісім бөлмелері, өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйрету сыныбы және дәрісхана, кітапхана, медициналық пункт, мәжіліс залы бар. Сонымен қатар, асхана мен жатақхана да бар. Қордай ауданының бас имамы Дәурен Құттыбаевтың айтуынша, аталған орталық көптің көмегімен тұрғызылған. «Ежелден ата-бабаларымыз бірлікпен тірлік қылып, ынтымақпен күн кешуді өсиет етіп қалдырды. Міне, осы мақсатта кішіпейілділікпен, татулықпен өмір сүруді дәріптеді. Ата-бабаларымыздың ұрпағына өсиеті жаңғырып тұрсын деген ниетпен «Имамдар үйі» салынды», дейді ол.
Ресми атауы осылай болғанымен, ауыл жастары бұл орталықтан жан-жақты білім мен тәрбие алып шығады. Еңселі әрі заманға сай жабдықталған, тек көпшілікке пайдасы бар іс-шараларды ұйымдастыруға арналған ғимарат бүгінде ауылдықтардың жиі бас қосатын жеріне айналған. Сондай-ақ елдің келелі кеңес өткізіп, күрделі мәселелерді талқылайтын ортасына айналмақ.
Сол сияқты, мұнда отбасылық қиын жағдайға түскендермен де тиісті жұмыстар жүргізіледі.
Жамбыл облысы