Қоғам • 06 Қараша, 2020

Ерекше кештерімен белгілі еріктілер клубы

481 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жер-жердегі жұртшылыққа, әсіресе қайырымдылық жасауға етене жақын адамдарға «Ақтөбе қайырымды жандар» волонтерлер тобын таныстырып жатудың өзі артық. Өздерінің тақырыптық һәм ерекше кештерімен белгілі волонтерлер 2016 жылдан бері игі істерін атқарып келеді. Қамкөңіл жандарға дастарқан жайып, сол арқылы олардың бір сәтке болса да көңілін көтеруді көздеген үлкен жүректі жастар әртүрлі топтағыларды қатар қамтиды. Ал олардың осылай клуб құруына алматылық Айдын Тоқсанбаева деген белсенді қыздың бастамасы әсер еткен. Ол – идея авторы.

Ерекше кештерімен белгілі еріктілер клубы

Әлқисса... Осыдан 5 жыл бұрын, яғни 2015 жылы Ай­дын өзі тұратын қалада «Ал­маты қайырымды жандар» тобын құрады. Оған себеп­ші болған – әжесі Лена. Кей­уана­ның: «Тағдыры ауыр заман­дастарымның көңілін көтеріп, олар­дың басын бір қосайықшы...» деген сөзін жерге тастамай, өзі секілді жігіттер мен қыздардың көмегімен дастарқан жаюды қолға алады. Кейін бұл игі үрдіс Нұр-Сұлтан, Ақтау, Шымкент, Тараз қалаларында жалғасын табады. Біздің Ақтөбеде де 2016 жылы осындай клуб құрылады.

– Қазіргі таңда еліміздегі үл­кенді-кішілі 20 қалада біз секіл­ді қайырымды жандардың тобы бар. Мақсатымыз – аз қамтылған, көңі­лі жүдеу адамдардың басын қосу, кез келген қиындықтың уа­қыт­ша екенін түсіндіру, оларға қолдан келгенше көмек­тесу. Біз­дің өзге топтардан айыр­ма­шы­­­лығымыз – ешкімге ақша­лай жәрдемдеспейміз, арасында тек азық-түлік таратамыз. Ең бас­ты жобамыз – дастарқан жаю. Яғни жылына үш рет мейрамханада 200-250 адамды жинап, ме­рекелік кештер өткіземіз. Бі­рінші кезекте ата-әжелерге, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, сосын ата-анасынан айырылған балаларға осындай қамқорлық көрсетеміз, – дейді «Ақтөбе қайырымды жан­дар» волонтерлер тобының же­тек­шісі Әсем Жұмабаева.

Көпшілікке «100 ата-әже ке­ші», «Нағыз батырлар ке­ші», «Ертегі әлемі кеші» атау­лары таныс болар? Бұл – жоға­рыда айтылған кештердің тақы­рыптары. Волонтерлер былтыр тағы бір жобаны іске асырған. Ол «Анаға тағзым» деп атала­ды. Қайырымдылық кешке жал­ғызбасты, көпбалалы аналар қа­ты­сады. Артынша әзиз тілектер ай­тылып, Құран оқытылады. Жи­налғандар бір-бірімен танысып, билеп, ән шырқайды.

Асылы, қазіргі таңда аш жүр­ген ешкім жоқ, тек хал сұрасып, шер тарқатып, жалпы көңіл сергі­туді құнттай бермейтініміз рас. Ұйым­дастырушылар күнделікті күй­бең тіршілік, қым-қуыт шаруалар мен жұмысбастылықтан басқаға мойын бұра бермейтін өмірімізде осы бір олқылықты барынша түзеуге тырысып-бағып жүр...

– Тобымызда 50 шақты адам­ бар. Олар­дың 80 пайызы­ – сту­дент жастар. Тек кәме­лет жа­сы­нан асқан­дарды қа­был­­­дай­мыз. Мұқтаж жан­­дар­­ға көмек­тескендіктен, волонтер­лердің өз­дері қай жағынан да мық­ты болуы керек. Бірінші ке­зек­те, әри­не, рухты айтып отырмын.

Басты талап – әр мүшеміз әлгінде айтқан тақырыптық кеш­терге билетті өткі­зуі қажет. Сол арқылы олар өзде­рімен қоса бірнеше арнаулы топ­тағы адамның шарамызға қа­ты­суына мүмкіндік жасайды. Әр билеттің бағасы – 3 мың теңге. Волонтерлердің ара­сын­да бізді қаржылай қол­дап, бірақ отырысымызға келмей­тіндер де кездеседі. Яғни олар өзге­лерге көрінгенді, жариялы түрде жәр­демдескенді онша көп қала­майды. Негізінен еріктілердің көпшілігі өзіміз сияқты қарапайым жандар. Әрқайсысында тек «басқаларға қолұшын созсам» деген ниет-тілек бар,  – дейді әңгімелесушіміз Әсем.

«Ақтөбе қайырымды жандар» тобының өкілдері мерекелер қарсаңында көмекке зәру адам­дарға сый-сияпаттар жасап, ара­сында үй-жайы жоқ, далада жүр­гендерге ыстық тамақ та таратады.

– Тұрақты түрде ешкімге көмек­тес­пейміз. Себебі адамдар жақсы нәрсеге тез үйренеді, соған қалып­тасып кетеді. Сон­дық­тан кез кел­геніне «біз­дің асып-тасып бара жат­қан бай­лығымыз жоқ, тек жақсылық жа­сауға құштармыз. Жағдайы қиын басқалардың да барын ұмыт­паңыз» деп ескертеміз, – деп әңгіме арасында сыр шертті топтың жетекшісі.

Біз тілге тиек етіп отырған клуб­тың алға қойған жоба-жос­пар­лары көп. Соның бірі кезекті «100 ата-әже кешін» жақ­сы деңгейде өткізу. Одан соң бас­қа топтағы адамдарға осылай дас­тарқан жаю.

 

Айбек ТАСҚАЛИЕВ,

журналист

 

Ақтөбе облысы