Қоғам • 06 Қараша, 2020

«Бақытты отбасы» іскерлікке бастайды

250 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматыдағы кыз-келіншектер мен көпбалалы аналар арасындағы кәсіпкерлікті дамыту үшін қолға алынған «Бақытты отбасы» бас­тамасы бұдан былай басқа бағытта жұмыс істеуі бек мүмкін. Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев тағдыр тәлкегіне тап болған әйелдерді әлеуметтік қолдау орталықтарына барған кезінде осындай шешім қабылдады.

«Бақытты отбасы» іскерлікке бастайды

Қала билігі үшін өткен жылы Ал­матының әр ауданында «Бақыт­ты отбасы» әлеуметтік қол­дау орталықтарын ашу бас­ты мақсат болса, биыл оның тиім­ділігі алдыңғы қатарға шығып отыр. Мұндай орталықтар әйел­дердің, әсіресе көпбалалы ана­лар­дың іскерлік белсенділігін арттыруға септігін тигізуде.

– «Isker Ana» бағдарламасы ар­қылы бизнес дағдыларына үйретуді бастап, инновациялық жобаларды іске қосу үшін гранттар ұсындық. Ақмарал Басирова құрған Алатау ауданының «Бақытты отбасы» орталығы бір жылдың ішінде Алматының өзге аудандары үшін ғана емес, еліміздің басқа өңірлері үшін де үлгі бола білді», дейді орталықтардың тіршілігімен танысқан шаһар басшысы.

Әкімнің айтуынша, мұнда әйел­дерге кеңес беріліп қана қой­­майды. Қиын жағдайға тап бол­ған әйелдердің өздеріне қайта сенуіне, өздеріне ұнайтын нәрсені таңдап, өмір салтын толығымен өзгер­тулеріне көмектеседі. Аналар балаларға өз еңбегімен ақша табуға болатынын көрсетеді. Күн сайын мұнда 150-ге жуық әйел келеді. Бір жыл­дың ішінде 25 мың әйел адам 31 бағыт бойынша түрлі курстарда бі­лім алды.

Алматы әкімі бір жыл бұрын орта­лыққа бапкер ретінде келген Мөл­дір Жүнісбекованың өмірін мысалға келтірді. Ол 500-ге жуық әйел­ді оқытса, соның 200-і бүгін жұ­мыс тапты. Тіпті ол жаңа жұмыс орындарын құруда. «Бизнестің жол картасы-2025» бойынша 2,5 млн теңге көлемінде грантқа ие болған Мөл­­дір 10 әйел еңбек ете алатын ті­гін цехына арналған жабдықты са­­тып алды.

Бастаған ісін баянды етіп отыр­ған Мөлдірге шаһар басшысы: «Сәттілік серігіңіз болсын! Жақсы­лық­қа сеніңіз! Біздің тарапымыздан әрдайым қолдау мен көмек болады», деп демеу білдірді.

Жыл басынан бері Алатау ауда­ны­ның «Бақытты отбасы» ор­та­лы­­­ғын­да 27 мың әйелге «Іскер ана» бағдарламасы бойынша ақ­­па­рат­тық-консультациялық-ресурс­тық қол­дау көрсетілді. Тре­нинг­тер мен курс­тарда 25 мың адам оқыды.

Сонымен қатар «Бизнес Бастау» жобасы бойынша 537 әйел білімін жетілдірді, олардың 300-і грант алып, киім жөндеу, кондитер, шаштараз, маникюр салондарын ашты, балалардың даму кітаптарын жасап, автокөлік мұқабаларын тігіп және басқа да салалар бойынша өздерінің кәсіптерін бастады.

Екі әйел «Бизнестің жол картасы-2025» аясында инновациялық жобаларды іске асыруға 2-ден 5 млн теңгеге дейін мемлекеттік грант алды. Өндіріс шеберханаларын ашу үшін алаңдар беріліп, ал өнімдерін сату үшін базарлардан 50-ге жуық орын бөлінген.

 

АЛМАТЫ