Қоғам • 06 Қараша, 2020

Шағын кәсіптің шырайын келтіруде

82 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ауылдық жерлерде екі қолына бір күрек таба алмай отырған адамдар үшін «Еңбек» бағдарламасының шарапаты тиіп-ақ тұр. Ауданда бір кәсіптің құлағынан ұс­тасам деп алға ұмтылуды ниет еткен отыздан аса ­адамның ойы оңынан орындалды. Олар кәсіп­кер­лік негіздерін оқыту курстарын сәтті тәмамдап, жұмыс­тарын ұршықша иіріп отыр.

Шағын кәсіптің шырайын  келтіруде

Кәсіпкерлік әлемінің беймәлім қыр-сыры көп. Бәлкім бұл жерде тәуекел етіп тас жұтудың реті келе бермеуі де мүмкін. Ойға алған жұмысын өрге бастыру үшін ең алдымен кәсіпкерліктің алғашқы әліппесін мұқият оқып, көңілге тоқып алған жөн. Ауданда «Бизнес Бастау» жобасы бойынша іс тетігін үйрететін кәсіпкерлік курстарға 208 адам жіберілді. Олардың 168-і сертификат алып, гранттық қаржыландыруға өтініш білдірген.

– Мемлекет тарапынан өз ісімді бастаймын, кәсібімді дөңгелетіп, несібемді молайтамын дегендерге тамаша жағдай жасалуда. Биыл біздің ауданға 35 грант бөлінді, оның 34-і берілді. Жұмыс істеймін деген адамдар көп болғандықтан, қосымша қаражат қажет болып, тағы да 15 адамға мемлекеттік грант беріледі деп күтіп отырмыз, – дейді аудандық жұмыспен қамту орталығының маманы Бақытжан Есмурзина.

Аудандағы алға ұмтылған адамның бірі – 8 баланың анасы Марта Қайсар. Ол грант арқылы екі бірдей жаңа тігін машинасын сатып алыпты. Бұрыннан іс тігуге икемі бар кәсіпкер бір жылдан бері шағын тігін шеберханасында әртүрлі тапсырыстар қабылдап, іс тіге бастаған. Негізінен, киім-кешек, үй тұрмысына қажетті жабдықтар тігумен айналысады. Ауданда бұл салада бұрын-соңды халықтың қажетін орындайтын орын көп болмағандықтан, келіп бұйымтайын айтушылар қатары аз емес. Тіккен затының сапасы жақсы болғандықтан, бірте-бірте ел құлақтанып, дүмеп келе бастаған. Марта Қайсардың айтуына қарағанда, тігіншілік өнер таңсық дүние емес. Тек іс ауқымын кеңейтуге қаражаттың тапшылығы қолбайлау болып келген екен. Енді міне мемлекеттік бағдарлама қолтығынан демеп, ісіне береке беруде.

– Отбасымыз үлкен болған соң тігін машиналарын алудың реті келмей жүр еді. Мемлекет тарапынан дәл осындай қамқорлық көрсетілуі өте оң болды, – дейді ол.

Биыл аудандағы кәсіпкерлер 18 млн теңгеден аса грант алған. Олардың әрқайсысы әртүрлі салада өз кәсіптерін дөңгелетіп, бизнес әлемінде нық қадам басуда. Бірі мал бақса, екіншісі мал өнімдерін ұқсатып, сауда сөрелеріне шығаруда. Осы орайда, мемлекеттік бағдарламалардың септігі тиіп тұрғанын айрықша айта кетуге әбден болады.

 

Ақмола облысы,

Бұланды ауданы