Қоғам • 06 Қараша, 2020

МӘМС аясындағы қолжетімді медициналық қызметтер

238 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Биыл 1 қаңтардан бастап Нұр-Сұлтан қаласында алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарына тіркелген азаматтардың жалпы саны 1 191 650-ге жетті.

МӘМС аясындағы қолжетімді медициналық қызметтер

МӘМС аясында елорданың медициналық мекемелері профи­лак­тикалық тексеру, консуль­тативтік-диагностикалық және стационарлық көмек, сондай-ақ қалыпқа келтіру емі бойынша қызмет көрсетті. Бұл туралы арнайы брифингте қалалық қоғамдық денсаулық сақтау бас­қар­масының басшысы Тимур Мұратов мәлімдеді.

Оның айтуынша, жыл басынан бері КТ және МРТ, медициналық-генетикалық зерттеулер сияқты медициналық қызметтің қымбат түрлері БМСК дәрігерінің жолдамалары бойынша барлық пациентке тегін көрсетілді.

Сондай-ақ қаңтар айынан бас­тап, амбулаториялық деңгейде ұсынылатын дәрілік заттардың тізімі көбейді. Атап айтқанда бұл тізімге 29 ересек және 53 балалар аурулары бойынша жаңа нозология енгізілген.

"Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КеАҚ елордалық филиа­лының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров атап өткендей, науқастармен тұрақты кері байланыс жүргізіледі.

– Байланыс-орталығына 1406 нөмірі арқылы азаматтардың өтініштері мен шағымдары қа­был­данады. Медициналық қыз­мет көрсету мәселелері бойынша қордың Нұр-Сұлтан қаласы бойынша байланыс орталығында 2020 жылғы 1 қаңтар мен 1 қараша аралығында 92 241 өтініш тіркелген, олардың барлығын бөлім мамандары қараған, – деді Н.Қабдықапаров.

МӘМС жүйесіндегі өз мәр­те­беңізді ресми сервистер арқылы – ӘМСҚ сайтында (fms.kz), "Qoldau 24/7" мобильді қосымшасында, Telegram-дағы Saqtandyru-bot-та тексеруге болады. "Qoldau 24/7" қосымшасын жүктеп алып, өтініш, алғыс, ұсыныс қалдыруға болады. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және медициналық қызмет көрсету мәселелері бойынша кеңес алу да мүмкін.