Қоғам • 06 Қараша, 2020

Концерт өткізгендер айыппұл төледі

169 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Індеттің екінші толқынынан қауіптенген ел үкіметі жаппай сақтық шараларын күшейтіп жатқан тұста Шымкент қаласындағы Наурыз алаңында жастардың қатысуымен думанды концерт өтті. Бұл дәстүрлі «U:hack» жаңашыл идеялар фестивалінің қорытынды концерті болатын.

Концерт өткізгендер айыппұл төледі

Негізінде ұйымдас­ты­ру­шы­­лар бар­лық карантиндік та­лапты қатаң сақ­тай отырып онлайн жобаның жабылу салтанатын офлайн режімде өткі­зуге шешім қабылдаған екен. Осылайша арақашықтық сақ­талған, тек көлік ішін­де оты­рып тамашалайтын іс шара деп жоспарланған. Алайда бұл та­лап сақ­тал­мады.

Жуырда Шымкент қаласы Бас мем­ле­кеттік санитарлық дәрігері Әбді­манап Түлебаев­тың жаңа қаулысы жа­рия­­лан­ды. Онда қаладағы каран­тин мен шектеу шаралары 9 қараша сағат 00:00-ге де­йін ұзартылғаны жазылған. Қаулыда «Көрмелер, ойын-сауық, спорт­тық, отбасылық, салта­натты ес­те­лік іс-шара­лар­ды, форумдарды, кон­фе­ренцияларды, семинарларды және адам көп жиналатын өзге де іс-шара­ларды қоғамдық орындарда, оның ішінде үйде өткізуге тыйым салынсын», деп көрсетілген.

Аталған концерттің видео­сы әлеу­меттік желіде таралысымын, ел-жұрт төтенше жағдай кезінде каран­тин талаптарын өрескел бұзған ұйым­дас­тырушыларды сын­ға алды. «Каран­тин уақы­тын­да мынау не концерт? Ипподромда ұлттық спорттан өтетін тур­нирге рұқсат бермей, даңғаза рэпер­лерді тайраңдатқандарың қалай? Ұлт­тық құндылығымыз жо­ғалып, орнын #uhack басқан заман-ай», деп жазды қала тұрғыны Мақсат Шағырбаев.

Енді бір топ жас аталған ша­раның қалаға пайдасы мол жоба екенін мақ­тап, халықтың мәдениетін сынға алды.
«...Қа­лайша, сіздер, әкімдік пен ұйым­­дас­тырушыларды кінә­лай аласыздар? Олар жағынан ба­р­лығы жақсы ұйым­­дас­ты­рылып, жұртқа мүм­кін­дік бере алды. Бұл жерде кінәлі – тек халық мәдениеті. Жеке басым сол кон­цертке қатыстым. Концепция бойын­ша барлығы көліктерінде отырып, радио­ларын қосып, тыңдап отырулары қажет еді. Шымкенттің жастарын жаман­дайын десем, өзіме тиеді. Алайда шыны керек – жабайымыз», деп ашынды «U:hack» қатысушы Елнұр Дүйсенбеков.

Дейтұрғанмен жастардың «Uprojects» жобасына Шым­кент қала­сы­ның әкімі Мұрат Әйтенов тікелей қолдау көр­сетіп, онлайн шараның бейнебаянына түсіп, сәттілік тіле­ген екен. Сондай-ақ жек­­сен­біде өткен кешкілік думан­ға Шымкент қалалық по­лиция департаментінің қыз­мет­кер­ле­рі, жедел жәрдем көлік­те­рі шақыртылған.

«Қалада жедел жәрдем көлігі жетіс­пей жатқан шақ­та қайдағы бір концертке қыз­мет­тік көлікті ұстап отыру ­қаншалықты заңды? Ал көшелердегі кептелісті реттеуі тиіс полиция қыз­мет­кер­лері бұл концертте не істеп жүр?», дейді медицина саласының маманы Гүлдана Талғатқызы.

Негізінде «Uprojects» қо­ғам­дық бірлестігі концерт өт­кізуге арнайы рұқ­сат ал­ма­ған жағдайда құқық қор­ғау қызметкерлері бұл жиынды тоқ­татар еді. Бірақ кеш­кі­лік думан ұзаққа созылып, қорытындыланған.

Біз осы мәселе бойын­ша қа­лалық Поли­ция депар­та­ментінің өкілдеріне хабар­лас­қан едік.

«Халық арасында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу мақса­тын­да Шымкент қаласы Бас мемлекеттік санитарлық дәрі­ге­рінің №41 қаулысына сәйкес карантиндік режім ұзартылған. Алайда көрсетілген шектеулерге қарамастан, карантин талаптарын өрескел бұзып, 2020 жылдың 1 қарашасында Бәйдібек би даңғылы бойында орналасқан «Наурыз» алаң­ын­да «Uprojects» қоғамдық бір­лес­ті­гі «U:hack» фестивалін сақтық шара­ла­рын ескерусіз ұйымдастырып, азамат­тардың автокөліктерінен шығып, алаңға жиналуына жол берген. Осыған байланысты аталған ұйымның басшысына ӘҚБтК-нің 425 бабымен шара қолдану үшін жинақталған құжаттар Әл-Фараби ауданы Тауарлар мен көр­сетіле­тін қызметтердің сапасы мен қа­уіп­сіздігін бақылау бас­қар­ма­сына жол­данды», дейді Шым­кент қалалық По­лиция депар­та­ментінің баспасөз хатшысы Рәбиға Жүніс.

Көп ұзамай «Uprojects» қо­ғам­дық бірлестігінің жетек­шісі Тоқтар Әлімбе­ков өзінің әлеуметтік желіде­гі парақ­ша­­сында жоба қорытындысы бо­йын­ша ойымен бөлісті.

«Барлық карантиндік шараларды қатаң сақтай отырып жабылу салта­на­тын офлайн режімде өткізуге ше­шім қабылдадық. Біздің команда қонақтарға қазіргі кезде әлемнің бар­­лық дерлік астаналарында қатаң ере­­желер­мен өткізілетін, адамдар ара­­сын­дағы байланысты азайта отырып, мара­паттау рәсімін автомобиль кино­теат­­ры стилінде өткізу арқылы барлық қолайлы жағдайларды жасауға тырысты. Алайда іс-шара соңына таяған сәтте аздаған адам музыкалық кеш­тің атмос­ферасына, іштегі эмоцияға бері­ліп, көліктерінен еріксіз шығып кетті. Біз бірден тексеріп тоқтата алма­дық. Сол үшін айыппұл төлеп те үлгер­дік», деді ол.

Өкініштісі, жаз басында жергілікті би­ліктің салғырт­ты­ғы­нан төтенше жағ­дай кезінде қаншама тұрғын жақын­да­рынан айырылды. Осыған бай­ланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қала әкімі Мұрат Әйтеновке сөгіс жа­рия­ла­ған еді. Ал енді осындай көп­­шілік шараларға қала әкімдігі дер кезінде тыйым сал­маса, бас санитардың қаулы­сы­на құлақ аспаса, мәселенің соңы ушығып кетпесіне кім кепіл?

Әзірге елде той тойлайтын емес, өмірді қалай сақтап қалу туралы ойланатын кезең. Се­бе­бі бүгін топтасып концертке қа­тысқан жұрттың барлығы тест сынағынан өткеніне еш­кім жауап бере алмайды. Сон­дықтан кез келген тұрғын сақтық шараларын барынша күшейтіп, үйде болуы керек.

 

ШЫМКЕНТ