Аймақтар • 06 Қараша, 2020

Шина шығаратын зауыт салынады

500 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қарағанды облысындағы Саран қаласында ресейлік «Татнефть» компаниясы автокөлік шиналарын шығаратын зауыт салмақшы. Бұл туралы аталған компанияның басшы­сы Наиль Маганов облыс басшылығымен кездесу барысында мәлімдеді.

Шина шығаратын зауыт салынады

«Біз бұл жобаны мерзімінде және сапалы жүзеге асыру үшін ең жақсы ресурстарды жібереміз. Қазақстанның, атап айтқанда Қарағанды облы­сы­ның автомобиль өнеркәсібін дамытуға өз үлесімізді қосуға дайынбыз. Жоба жаңа жұмыс орындарын құру, импортты алмастыру және экспорттық әлеуетті қамтамасыз ету сияқты өлшемдерге сәйкес келеді», деп атап өтті Н.Маганов.

Бірден айта кету керек, қазірдің өзінде ауқымды жобаны іске асыру бойынша жол картасы әзірленген. Аса ірі жобаға салынатын инвестициялардың жалпы көлемі шамамен 111 млрд теңгені құрайды. Жоспар бойынша зауыт құрылысы келесі жылдың наурыз айында басталмақшы.

Ресейлік инвестордың ай­туын­ша, іске қосылуы 2022 жыл деп болжанған кәсіпорын арада үш жыл өткенде өзінің жобалық қуаттылығына толық қол жет­кізбекші. Яғни кәсіпорын жылына 3 млн жеңіл көлік шинасы мен 0,5 млн жүк көлігінің шинасын жасайтын болады. Ал жергілікті климаттың ерек­ше­лігіне сәйкес жасалынатын «Мade in Kazakhstan» таңбалы бұл өнімдер ішкі нарықпен қатар шетелдерге де экспортқа шығарылмақшы.

Қарағанды облысының басшылығы шетелдік ин­вес­тор­ға қолдан келген көмектің бәрін көрсетіп жатыр. Мысалы, кәсіпорын құрылысына жер телімі беріліп, оған инфра­құ­ры­лымды жеткізу басталған. Қазірдің өзінде ресейлік ком­пания өкілдері өңірдің ин­вес­ти­ция­лық климатына жоғары баға беріп отыр.

Жергілікті «Сарыарқа» әлеу­меттік-кәсіпкерлік корпорация­сы бұл жобаға қатысушы ретінде өзіндік үлесін қосады.

Жаңа өндіріс орнының өңір үшін жаңа бағытты дамытуға мүмкіндік беретін маңызды жоба болғалы тұрғаны рас. Ең бастысы, зауыт іске қосылған кезде мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылады. Инвестор мен жергілікті атқарушы билік арасында өткен кездесуде ай­тылғандай, кәсіпорында жер­гілікті мамандар жұмыс істей­тін болады. Сондай-ақ жаңа жұ­мыс орындарынан үміт­тілерді Татарстанда оқытып алу да даярлық бағдарламасы бойынша қарастырылған.

Жалпы, Қарағанды облысы көршілес Ресей мемлекетінің аймақтарымен көптеген сала бо­йынша әріптестік тығыз қа­рым-қатынас орнатқан. Мыса­лы, қазіргі таңда өңірде 891 бірлескен кәсіпорын жұ­мыс іс­тейді. Ал биылғы тауар айна­лымының 1 млрд АҚШ долларынан асқаны тараптар арасындағы іскерлік байла­ныс­тардың өсе және нығая түскенін байқатады.

Бүгінгі таңда шағын ғана Саран қаласы инвесторларды магнитше тартқан құтты мекен болып тұр. Жоғарыда айтылған шина шығаратын кәсіпорыннан басқа, қаладағы бұрынғы резина-техникалық бұйымдары зауытының аума­ғында қытайлық Yutong компаниясымен бірлесіп автобус шығаратын жаңа зауыт салынып жатыр. Жоспар бо­йынша кәсіпорын жыл соңына таман өзінің алғашқы өнімін шығармақшы. Жоба жүзеге асы­рылғанда 1 100 адам жұ­мыс­­пен қамтылады деген болжам бар. Зауыт жобалық қуа­ты­на сәйкес, жылына 1 200 автобус және 500 арнайы техника шығара алады. Дайын өнім ел аумағында сатылады, сондай-ақ жақын шетелдерге экспортталуы мүмкін.

Жалпы алғанда, Сарандағы бұл жарқын жобалар іске асқан­да, шағын қаланың индус­трия­лық аймағын ғана емес, оның әлеуметтік жағдайын да жан­дандыруға игі ықпалын тигізеді деген үміт бар.

 

Қарағанды облысы