Аймақтар • 06 Қараша, 2020

Ертіс өңірінің басты телеарнасына 55 жыл

819 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бұл күндері Павлодар облыстық телеарнасы 55 жылдық мерейтойын атап өтуде. Осы уақыт ішінде телеарна қалыптасу, өсу және даму, ең озық цифрлық телевизиялық технологияларды игеру, түрлі шығармашылық жобаларды іске асыру кезеңдерінен өтті, деп хабарлайды Egemen.kz

Ертіс өңірінің басты телеарнасына 55 жыл

Павлодар облыстық телеарнасының даму тарихына көз жүгірте отырып, телеарнаға жетекшілік еткен белгілі медиа маман Бауыржан Айтқазиннің кезіндегі ауқымды өзгерістер мен телеарнаның шығармашылық және техникалық жағынан ең табысты даму кезеңін ерекше атап өтуге болады. Бауыржан Айтқазин еңбек жолын тележүргізушіліктен бастап,  Қазақстан Республикасы Президенті Телерадиокешенінің Бас директорына дейінгі үлкен кәсіби мектептен өткен. Қазақстанға танымал медиа-менеджер Павлодар облыстық телеарнасын өңірлік арналар арасында жетекші орынға шығару, сондай-ақ бүгінде бүкіл Қазақстан бойынша табысты жұмыс істейтін жас журналистер тобын тәрбиелеу үшін өзінің барлық білімі мен тәжірибесін жұмсады.

Оның бастамасымен облыстық арнаның жаңалықтары мен бағдарламалар өндірісі заманауи форматқа ауысып, телеарна бәсекеге қабілетті шығармашылық ұжымға айналды.  Жаңалықтар қызметі күніне 6 рет тікелей эфирге шығып тұрды. Телеарнаға көптеген жас әрі білікті мамандар келді. Ашық және бәсекелі кастинг нәтижесінде Марина Сахарова, Ерхан Таткен, Дария Жұмабекова, Александр Смирнов, Вероника Вишневская, Мөлдір Жұмаділова, Мөлдір Қазымбет, Айзат Қожабаева сияқты экран жұлдыздары көрермендердің сүйікті тележүргізішілеріне айналды.

1

Телеарнада біліктілікті арттыру бойынша жүйелі жұмыс жолға қойылды. Қызметкерлер басқа қалаларға тағылымдамаға жіберілді. Сондай-ақ, мұнда отандық телевизия мэтрлері Бейсен Құранбек, Нұртөре Жүсіп, Нұртілеу Иманғалиұлы және т.б Павлодарға арнайы келіп, жас мамандарға жиі семинарлар өткізіп, тәжірибелерімен алмасып тұрды.

Тағы бір шығармашылық кезеңдегі жетістіктердің бірі – екі тілді жүргізушілердің эфирге шығуы. Республикалық арналарда бұл таныс көрініс болуы мүмкін. Бірақ өңірлік деңгейде Қазақстанда алғаш рет екі тілді жүргізушілердің жобасы дәл Павлодарда жүзеге асырылды.

Бауыржан Айтқазиннің бастамасымен іске асырылған негізгі идеялардың бірі "ЕРТІС" атауын танымал ету болды. Яғни,  Қазақстандағы ең ірі өзен «Ертіс» Павлодарды қиып өтетіндіктен, өзен атауымен  өңірдің тарихы, жергілікті экономика мен мәдениеттің дамуы онымен тығыз байланысты. Сондықтан Бауыржан Айтқазин "Ертіс" атауын брендке айналдыру бағытындағы жұмыстарды белсенді түрде қолға алды.  Осылайша,  көрермен талғамына сай "ЕRТIS информ", "ЕRТIS таңы" атауындағы бағдарламалар үздіксіз эфирге шығып тұрды.

"ERTIS Таңы" бағдарламасы аз ғана уақыттың ішінде ерекше танымалдылыққа ие болып, Павлодар облысынан бөлек Атырау, Шымкент, Семей, Алматы қалалары және Ресейдің жақын өңірлерінің тұрғындары студияға телефон арқылы қоңырау шалып, алғыс пен қолдау білдірді. Осындай қарапайым өңірлік бағдарламаның қонақтары Асанәлі Әшімов, Роза Рымбаева, Меруерт Түсіпбаева, Сәуле Рахмедова, Юрий Гальцев сияқты танымал тұлғалар болды.

1

Сондай-ақ "Ақпарат саласының үздігі" атағына ие болған Ертіс өңіріне белгілі журналист  Гүлжанат Иманғазинаның авторлығымен телеарна тарихы, ардагерлер мен жұмыс істеп жүрген қызметкерлер туралы алғаш рет кітап-энциклопедия жарыққа шықты. Бұл өте ауқымды жұмыс болды. Кітаптың беттерін парақтай отырып, әр оқырман телеарнаның тарихымен, оның дамуының негізгі кезеңдерімен таныса алады.

Осылайша кәсіби медиа маман Бауыржан Айтқазиннің тынымсыз еңбегінің арқасында телеарна тұрғындар арасында "Аймақтың  басты телеарнасы" атанды. Бұл құрметті атақ та, көрермендер алдындағы үлкен жауапкершілік те, қажырлы еңбектің нәтижесінде қол жеткізген ұстаным.

2017 жылдың күзінде телеарна ұжымына Армения астанасы Ереванда ТЭФИ-Әріптестік халықаралық фестивалінде медиа саласы қызметкерлерінің беделді кәсіби қоғамдастығының ТЭФИ сыйлығы (мүсіні) табысталды.

Сондай-ақ, Бауыржан Айтқазиннің тікелей бастамасымен 2017 жылы телеарна "ЕRТIS" атауына ие болды. Бұл бастама Павлодар облысы тұрғындары тарапынан үлкен қолдауға ие болды. 

Аталған жетістіктердің бәрі үлкен жұмыстың нәтижесі екені сөзсіз.