Аймақтар • 06 Қараша, 2020

Сайлау комиссияларының 120 өкілі арнайы оқудан өтті

228 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Биылғы 2-5 қараша аралығында сайлау комиссияларының 120 өкілі Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясында оқудан өтті. Курс тыңдаушыларының қатарында аумақтық комиссия мүшелері және Нұр-Сұлтан қаласының учаскелік сайлау комиссияларының басшылары болды, деп хабарлайды Egemen.kz

Сайлау комиссияларының 120 өкілі арнайы оқудан өтті

Сайлау комиссияларының өкілдері мен қызметкерлеріне арналған оқыту семинарын Мемлекеттік басқару Академиясы, Нұр-Сұлтан қаласының аумақтық сайлау комиссиясы және Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы бірлесе отырып іске асырды.

Семинар аясында тыңдаушылар тиімді коммуникация, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен Мәслихат депутаттарын сайлау кезеңіндегі комиссия жұмысын ұйымдастырудың құқықтық негіздері бойынша білім алды. Курс барысында ерекше назар – сайлау кезіндегі тиімді жұмыс ұйымдастырудың негізгі мінез-құлық мәселелеріне, дауыс беру кезінде туындауы мүмкін жанжалды жағдайларды шешу жолдарына аударылды.

Мемлекеттік басқару Академиясының Кәсіби даму институтының директоры Маргарита Қадырованың айтуынша, мемлекеттік қызметшілер мен сайлау комиссияларының мүшелерін оқыту –- интерактивті технологияларды қолдану мен тәжірибеге негізделген. Семинарда қатысушылар Қазақстан Республикасының сайлау заңнамасын, сайлауды ұйымдастыру және өткізу ерекшеліктерін зерделеп қана қоймай, жауапкершілік, парасаттылық және этикалық нормалар бойынша құзыреттерін  арттырды.

Онлайн оқытуды сайлау науқандарын өткізуде мол тәжірибесі бар бизнес-тренерлер, сайлау заңнамасындағы сарапшы мамандар және сайлау процестерін ұйымдастырушылар өткізді, олардың ішінде мемлекеттік басқару Академиясының бизнес-тренері, фасилитатор, психолог – Жанна Ибраева, Нұр-Сұлтан қаласы Алматы аудандық сайлау комиссиясының хатшысы – Татьяна Сухих, Нұр-Сұлтан қаласы Сарыарқа аудандық сайлау комиссиясының хатшысы – Наталья Бажутина болды.

«Сайлау кезіндегі ең маңызды сәттердің бірі-халықпен, бақылаушылармен, ұжыммен, БАҚ өкілдерімен дұрыс байланыс, коммуникация орната білу. Сол арқылы қоғам тарапынан сайлау комиссиясына деген сенім қалыптасады. Бұл ашықтық, әділеттілік, қол жетімділік, адалдық, қауіпсіздік. Яғни, осындай қарапайым мысалдармен тұтас команданың жұмысын бағалауға болады», – деп атап өтті курс тренері Жанна Ибраева.

Бүгінгі таңда Академия білім беру алаңы ғана емес, сонымен қатар сайлау комиссияларының мүшелерін оқытуға арналған әдістемелік орталыққа да айналып отыр.

Айта кету керек, 2018 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясы мен Орталық сайлау комиссиясы арасында мемлекеттік қызметшілердің құқықтық мәдениеті мен электоралдық сауаттылығын арттыру мақсатында электоралдық оқытуды ұйымдастыру бойынша ынтымақтастық туралы бірлескен меморандумға қол қойылды.

Осы меморандум аясында өткен жылы Академия және оның филиалдары базасында біліктілікті арттыру семинарлары ұйымдастырылып, онда 4151 мемлекеттік қызметші,ал 2020 жылғы көрсеткіш бойынша 5000-нан астам мемлекеттік қызметші оқыту курстарынан өтті. Сондай-ақ, жыл соңына дейін еліміздің түрлі өңірлерінде 1593 мемлекеттік қызметшіні оқыту жоспарлануда.