Аймақтар • 07 Қараша, 2020

Мекенжайын нақтылау үшін енді алматылықтарға ХҚО-ға барудың қажеті жоқ

234 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы» Заңының 6-бабына сәйкес, мемлекеттік органдардың шешімімен жылжымайтын мүліктің сәйкестендіру сипаттамалары өзгерген жағдайда, өзгерістерді тіркеу құқық иесіне жүктелмейтінін еске салады.

Мекенжайын нақтылау үшін енді алматылықтарға ХҚО-ға барудың қажеті жоқ

Мұндай өзгерістерге, атап айтқанда, елдімекендердің атаулары, көше атаулары, сондай-ақ ғимараттардың және басқа құрылыс нысандарының (мекен-жайлардың) реттік нөмірінің өзгеруі немесе ҚР әкімшілік-аумақтық құрылым реформасына байланысты кадастрлық нөмірлердің ауысуы жатады.

Жылжымайтын мүліктің сәйкестендіру сипаттамасы бойынша мемлекеттік органдардың шешімімен енген өзгерістерді мемлекеттік тіркеу мемлекеттік ақпарат жүйелерін өзара ықпалдастыру аясында жүзеге асады.

Енді жылжымайтын мүлік объектісінің мекенжайы өзгерген жағдайда, тіркелген құқықтар мен жылжымайтын мүлік объектісінің техникалық сипаттамалары туралы анықтамада мекенжайдың тарихи деректері қоса көрсетіледі (жаңа мекенжаймен бірге ескі мекенжай атауы да жазылады). Мысалы, Алматы қ., З. Қабдолов к-сі, 15 (бұдан бұрын Алматы қ., Маречек к-сі, 15).

Сонымен қатар құқық белгілеуші құжаттарда алдыңғы мәліметтер сақталады, бұл ретте жылжымайтын мүлік объектілерінің мекенжайын нақтылау қажет емес.