Әлем • 09 Қараша, 2020

Кеме нарығы үшін тайталас

792 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Италия мен Францияның кеме жасау саласындағы ынтымақтастығы бірқатар қиындыққа тап келді. Мәселенің бәрі Fincantieri мен Chantiers de l’Atlantique компанияларын біріктіруге талпынудан туындап отыр.

Кеме нарығы үшін тайталас

Жоғарыда айтып өткен компания­лардың алғашқысы Апеннин түбегінде орналасқан. Кейінгісі – француздардың меншігінде. Әлемдік нарықта екеуі де бір-біріне бәсекелес саналады. Әсіресе олар  Еуропадағы кеме жасау саласына белсене араласып жүр.

2017 жылы Франция президенті Эммануэль Макрон мен Италияның сол кездегі премьер-министрі Пауло Ген­тилони екі компанияны біріктіру жөнін­дегі келісімге қол жеткізген. Содан бері тараптар бұл бағыттағы жұ­мыс­­ты аяқ­тауға белсене кірісті. Тіпті Ита­лия жыл басында Еуропалық одақ­тан компанияларды біріктіру жөнін­дегі нормативтік құжаттарды жеңіл­детуді сұраған-ды. Жоспар бойынша, ком­паниялардың бірігуі әлемдік нарықтағы кеме жасау саласында, әсіресе круиздік кемелер нары­ғына тың серпін беруі тиіс еді.

Дегенмен бұл келісімнің орындалуы қиындап барады. Біріншіден, Еуропалық одақ бірігу жөніндегі заңнаманы дер кезінде қабылдап үлгерген жоқ. Оның басты себебі – коронавирус індеті. Шар­тараптың түкпір-түкпірі қатерлі дертпен күресуге кірісіп кеткенде, қарт құрлық шенеуніктерінің бірігу туралы ойлануға мұршасы болмады.

Екіншіден, Fincantieri қазіргі таңда қытайлық әріптестерімен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Француздардың пайымдауынша, мұндай ынтымақтастықтың кері әсері мол болмақ. Мәселен Франция Сенаты Еуропада қолданылатын бірегей технологияларды Қытай тарапы көшіріп алуынан қауіптенеді. Сондай-ақ кемеге қажетті жабдықтарды жергілікті өндіру­шілерден емес, Қытайдан тасуы ықти­мал деп есептейді. Сондықтан шығар, сенаторлар бұл келісімді өте үлкен стратегиялық қателік деп бағалады.

Қазіргі таңда кеме жасау саласында озық шығуға ұмтылып жатқандар жетерлік. Мәселен, жүк кемелерін шы­ғаруда Қытай мен Оңтүстік Корея компаниялары алдына жан салмайды. Алайда круиздік кемелер нарығы толықтай еуропалықтардың меншігінде. Осыған қарамастан, Бейжің билігі круиздік кеме жасауға деген ниетін жасырған емес. Сондықтан Fincantieri-дің қытай­лықтармен ынтымақтаса жұмыс істеуіне Франция шенеуніктерінің алаңдауына негіз бар.

Жалпы, италиялық компания Fincantieri-дің Францияның Chantiers de l’Atlantique компаниясын сатып алу құны 59,7 миллион долларды құрайды. Бұл Еуропалық одақ аясында біріккен басқа компаниялар құнынан әлдеқайда төмен. Мәселен таяуда ғана Фиат пен PSA Group компаниялары бірігу туралы уағдаластыққа қол жеткізді. Бұл келісімнің құны 38 миллиард долларға тең. Осылайша Еуропадағы екі үлкен көлік шығару компаниялары бірігіп, машина жасау саласындағы 4-ші күшке айналмақ.

Бірігу бағасының төмендігіне қара­мас­тан, келісім жүзеге асып жатса, қарт құрлықтағы кеме жасау саласына тигізер әсері ерекше. Құрлықтағы круиз кеме жасауда ешкімге дес бермейтін Fincantieri компаниясы франциялық бәсекелесін қатарына қосқаннан кейін тек немістің Meyer Werft компаниясымен ғана тайталаспақ.

Кейбір сарапшылар компаниялардың қосылуына коронавирус індеті кері әсерін тигізуі мүмкін деген болжам айтады. Әзірге Fincantieri де, Chantiers de l’Atlantique те пандемия залалы туралы тіс жарған жоқ. Бұған басты себеп мынада. Кемеге тапсырыс беру тура­лы келісімдер әдетте 5-10 жылға жаса­латын­дықтан, індеттің қысқа мерзімде тез әсер етуі екіталай.

Дегенмен бірігуді жүзеге асыруға басқа да мәселелер кедергі келтіруі ықти­мал. Мәселен, бәсекелесін «жұтып қой­ған» Fincantieri алдағы уақытта нарықта монополистке айналып шыға келмей ме? Бұл да талқылауды қажет ететін тақырып. Сондай-ақ италиялық компания біріккеннен кейін өзіне жүктелген міндетті қаншалықты орындай алады? Аталған сұрақ та басы ашық күйінде қалып отыр.

Әзірге Апеннин түбегіндегі шенеу­ніктер келісімнің жүзеге асқанын құп көреді. Олардың пайымдауынша, қазір­гідей кезеңде ұлттық мүддеден еуро­палық мүддені жоғары қойып, жаһандық тұрғыда ойлану керек.