– Діни басқарма төл телеарна ашуды былтырдан бері қолға алып, осы бағытта бірқатар жұмыс істеді. Енді, міне, сол табысқа қол жеткізіп отырмыз. Төл арнамыз ҚМДБ құрылғанына 30 жыл толған мерейтой қарсаңында ашылуының өзі тарихи оқиға. Аллаға шүкір, қазір мүфтияттың медиа саласындағы әлеуеті жылдан-жылға жетіліп, ақпарат кеңістігінде өзіндік орнын тапты. Отыз жыл мерзім ішінде «Иман» журналы мен «Мұнара» газеті оқырманға жол тартты. Бүгінде Діни басқармаға қарасты 21 сайт жұмыс істейді. Бұдан бөлек Мүфтият жанынан ашылған «Хикмет» телерадиостудиясы 10 жылға жуық өз өнімдерін көрермендер мен тыңдармандарға ұсынып келеді. Аллаға шүкір, бүгінде ютуб желісіндегі діни бағытта жасалған өнімдердің 70 пайыздан астамы Діни басқармаға тиесілі. Жаңадан дүниеге келген арна тек діни мазмұндағы телебағдарламалармен шектелмейді. Эфирде тарихи-танымдық, ғылыми-тағылымдық, қазақы салт пен дәстүрге басымдық беріледі, – деді баспасөз конференциясының беташар сөзін айтқан ҚМДБ төрағасының орынбасары Ершат Оңғаров.
Өз кезегінде сөз тізгіні тиген Мұхамеджан Тазабек жаңадан діни арна ашылуына байланысты бұған дейін 10 жыл бойы үздіксіз діни-ағартушылық бағытта жұмыс атқарып келген «Asyl arna» жабылатынын, алдағы уақытта «Тәлім ТВ» атты жаңа арна ашып, қазақ қоғамының ұстыны отбасылық, тұрмыстық, әлеуметтік мәселелерді жақсы жағынан насихаттайтынын айтты. Сонымен қатар 10 жыл бойы жинақталған діни контенттерді түгелдей жаңа арнаға басы бүтін өткізіп беретінін жеткізді.
Жиын барысында жаңа арнаның алдағы жұмыс бағыты, шығармашылық әлеуетінің мазмұны жайлы баяндаған телеарна басшысы Нұржан Дарқұловтың сөзіне құлақ түрсек, «Халық арнасы» діни-ағартушылық бағытта 24 сағат жұмыс істеп, екі тілде хабар таратады. Ақлақ, ақида, пайғамбарлар және ислам тарихы мәселелері қамтылады. Қоғамда өзектілігі зор шариғи сұрақтарға жауап беру үшін «сұрақ-жауап» айдары қарастырылған. Бұған ҚМДБ пәтуа бөлімінің мамандары тартылады. Сонымен қатар дәрістік сипаттағы «Құран оқып үйренейік», «Намаз оқи білейік», «Дұға жаттайық», т.б. бағдарламалар бар. Телеарна өз жұмысын қоғамдағы зайырлы құндылықтар мен шариғат талаптарын қабыстыра отырып жүргізеді. Екіншіден, қазақ даласының сан ғасырлық діни мәдениеті бар. Сол себепті арнада дін мен дәстүр сабақтастығын кеңейтуге бағытталған контенттерге басымдық беріледі. Атап айтқанда, «Атаның сөзі – ақылдың сөзі», «Інжу-маржан», «Тұлғалар тағылымы», «Рухани жаңғыру» қатарлы бағдарламалар көпшіліктің көзайымына айналады. Сонымен бірге «Мүфият тынысы», «Бөлім сағаты», «Баспасөзге шолу», «Халал даму» айдарымен ақпараттық сипаттағы бағдарламалар көрсетіледі. Балаларға арналған мультфильм, тәрбиелік мәндегі «Балаларға базарлық» жобасы мен бейнебаяндар да бар.