Қоғам • 09 Қараша, 2020

Оралда су тапшылығы қашан жойылады?

876 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Орал қаласының тұрғындары өткен жылдан бастап су тапшы­лы­­ғын сезіне бастады. Бұған облыс орталығында халық саны арт­уы және соңғы кезде Жайық өзенінің деңгейі төмендеуі де се­беп болған.

Оралда су тапшылығы қашан жойылады?

Орал қаласы әкімінің орынбасары Мирас Мүлкәйдің айтуын­ша, күні бүгін Орал қаласына тәулігіне 52 мың текше метр су беріледі. Бұл қалалықтарға күз бен қыста, ерте көктемде толығымен жетеді. Бірақ жаз басталысымен су тұтыну мөлшері өсіп, халық судан тапшылық көреді. Мәселен, биыл жазда суға деген қажеттілік тәу­лігіне 68-70 мың текше метрге дейін жетіпті.

– Орал қаласын жаз мезгілінде ауыз­сумен қамтамасыз ету мәсе­лесі бойынша бірнеше кеңес өт­кіз­дік. Осы салада бол­ған кем­ші­ліктерді алдағы уа­қыт­та қай­таламау, келешекте тұр­ғын­дарды ауызсумен үздіксіз қам­та­масыз ету қажет. Келер жылы халық судан тапшылық көрмеуі үшін қазірден бастап қамдану керек, – деген еді Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев мемлекеттік мекемелер мен тиісті кәсіпорын басшыларымен өткізген арнайы отырыста.

Әдетте оралдықтар үш өзеннің – Жайық, Шаған және Деркөл өзендерінің қоршауында жатырмыз деп мақтаныш етеді. Бірақ жаз кезінде ауызсу уақытпен бе­ріліп, карантин кезінде үйге қа­мал­ған халық қатты қиналды. Тұты­нушылардың суды ысырапсыз пайдалануын қадағалау үшін «Батыс су арнасы» мекемесінің жанынан «Су бақылау бөлімі» құрылды. «Батыс су арнасы» ЖШС директоры Қайырғали Имашевтың айтуынша, жаз бойы ба­қы­лау­шылар Орал қаласында 218 заңды тұлғаның, 2 008 жеке тұлғаның суды қалай пайдаланып жатқанын тексеріп шыққан. Атап айтқанда, авто­кө­лік жуа­тын 70 орын, 37 сау­на, 84 қо­ғам­дық тамақтану орны, 27 кәсіпорын тек­серілген.

– Осы тексерулер нәтижесінде, суды ысы­рап етіп, тиімсіз пай­да­лан­ған 76 оқиға анықталды. Тиісті шара­лардан кейін бүгінде олардың 47-сі талапқа сай жөнделді, – дейді Қ.Имашев.

Бақылаушылар, әсіресе, жеке секторда су шығыны көп еке­нін айтады. Су бақылау бөлі­мі Орал қаласын шартты түрде 5 ауданға бөліп, тексеру жұ­мыс­тарына кіріскен. Бірақ бұл оңай емес, өйткені қалада жеке абоно­мент­тердің саны 18,5 мыңға таяу. Соның ішінде 7 380 абоно­ме­нт шоғырланған ең үлкен аудан – Зачаганск кентінде жеке сек­тор­дың 27 пайызы ғана тексеру­ден өтіпті. Суы ысырап болып жатқан 57 жеке құдық иесіне ескерту жасалып, оның 22-сінде кемшілік жойылған.

– Орал қаласы қазір ауызсуды екі көзден – Жайық өзеніндегі су таза­­ла­ғыш қондырғыдан және Тре­кин ауы­­лы маңындағы жер­ас­ты су көзінен алып отыр. Жайықтағы қондырғы 1963 жылы іске қосылған, тәулігіне 30 мың текшеметр су алатын қуаты бар. Ал Трекин ауылындағы жерас­ты су көзі қондырғысы – 1973 жыл­дан бері қолданыста. Ол жер­­­ден тәулігіне 22 мың текшеметр су алып жатырмыз, – дейді Орал қаласы әкімінің орынбасары М.Мүлкәй.

Көріп отырғанымыздай, жаз ке­зінде тәулігіне 70 мың текшеметрге дейін сұранысы бар Орал қаласын сумен қамтуға екі қон­дыр­ғының қуаты жетпей жатыр. Бұдан шығатын жол қайсы?

– Жерасты су көзіне қосымша 6 скважина орнату керек. Мұны 2021 жылдың алғашқы жартысынан қалдырмай жасауымыз қажет. Сонда біз жерасты көздерінен алынатын су мөлшерін тәулігіне 35-37 мың текшеметрге жеткізе аламыз, – дейді қала әкімінің орынбасары.

Бұған қосымша «Орал» жерасты су көзінің №2АЭ, №3Э алаң­­дарынан да қосымша сусор­ғы қондырғысын орнату жөнін­де «ЖайыкГидроГеология» меке­ме­сі­мен келіссөз жүріп жатыр екен. Бұл да тәулігіне 2-3 мың текшеметр су өндіруге көмектеспек.

Сондай-ақ қазір су беруі на­шар­­лаған 16 скважинаны қайта бұрғылау да су мөлшерін қосым­ша 20 мың шаршы метрге көбейтеді дейді мамандар. Қазір бұл жұ­мыс­тың техникалық құжаты да­йындалып, жыл соңына дейін мер­дігер компаниямен келісім­шарт жасалмақ екен.

– Түрлі апат кезінде судың далаға ағып кетуін болдырмау үшін негізгі магистралды желілер бойына 20 датчик орнату туралы шешім қабылданды. Қазірдің өзінде біз 5 датчикті орнаттық. Жыл соңына дейін тағы 10 датчик, келер жылдың маусым айына дейін қалған 5 датчик орнатылады, – дейді М.Мүлкәй.

Осы күндері Тасқала топтық су құбыры мекемесін Орал қала­сы­ның коммуналдық мен­ші­гі­не өткізу процесі жүріп жатыр. Бұл да қаланың құрамындағы Зачаганск, Деркөл кенттерін сумен үздіксіз қамта­масыз етуге оң әсерін тигіз­бек. Сондай-ақ Серебряков жерасты су көзінен тәулігіне 6-7 мың текшеметр су алуға болатын 5 ск­ва­жина бұрғылау туралы да шешім бар. Бұл жоба мақұлданса, 2021 жылдың бюджетіне 25 млн теңге қосылуы тиіс.

– Суды заңсыз пайдалану, ысы­рап­қа жол бермеу үшін біз 2021 жылдың маусым-шілде айларына дейін кезең-кезеңімен Орал қаласының барлық аумағын, жеке секторды аралап, тұр­ғын­дармен кез­десуді жоспарлап отырмыз, – дейді Орал қаласы әкімінің орынбасары.

Өйткені халқымыз айтқандай, «су­дың да сұрауы бар». Жоғары­да­ғы шаралар кешенді түрде жүзеге асса, 2021 жылы Орал тұрғындары биыл­ғыдай судан тапшылық көр­меуі тиіс.

Осы орайда облыс халқын сумен қамтамасыз ету мәселесіне тоқталсақ.

Облыста 428 ауыл бар, соның 226-сы орталықтандырылған ауыз­сумен жабдықталған. Бұл өңірдегі барлық елді мекеннің 52,8%-ын құрайды. Ал жалпы облыс тұрғындарының
87,7%-ы, яғни 282,3 мың адам таза сумен қамтылған.

Халықты таза сумен қамту көр­сет­кіші соңғы жылдары тез көте­рі­ліп келеді. 2020 жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде ұзындығы 292,188 км су құбыры тартылып, 25 ауылды сумен жабдықтау үшін 5,8 млрд теңге бөлінді. Осылайша, 17 нысанның бір бөлігі жаңадан салынып, бір бөлігі жаңартылды.

Қазіргі таңда жалпы ұзындығы 210,3 шақырым болатын 11 жоба бо­йынша жұмыс аяқталды. Бұл 17 ауылда су мәселесі шешілді деген сөз. Жыл соңына дейін ұзындығы 81,888 км су құбыры тартылып, тағы 8 ауыл сумен қамтылады.

Сондай-ақ 2020 жылы «Жұмыспен қам­ту­дың 2020-2021 жылдарға арналған Жол картасы» бағдарламасы шеңберінде 1,8 млрд теңге бөлініп, 5 мыңнан аса халқы бар 7 ауыл­ды қамтитын 7 сумен жабдықтау нысаны жаңар­тылуда.

Осылайша, жыл қорытындысында 27 мың адамды қамтитын 32 ауылда су құбыры жетеді. Ұзындығы 372,259 шақырым желі бойында ха­лықты таза сумен қамтамасыз ететін 24 нысан пайдалануға беріл­мек. Мәселен, Ақжайық ауданында – Кеңсуат, Жамбыл, Битілеу, Базартөбе, Қызылжар, Қадырқұл ауылдары; Теректі ауданында – Богдановка, Приречное ауылдары; Сырым ауданында – Қосарал, Жетікөл, Тоғанас, Аңқаты, Құспанкөл, Тасқұдық; Қазталов ауданында – Қарасу; Бәйтерек ауданында – Володарское, Асан, Үлкен шаған, Колесов, Октябрьское; Тасқала ауданында – Тасқала, Мереке, Қалмақ ауылдары; Бөкейорда ауданында – Шоңай мен Мұратсай; Жәнібек ауданында – Тегісшіл, Шыңғырлау ауданында – Алмаз, Ақтау, Ардақ; Бөрлі ауданында – Ақбұлақ; Жаңақала ауданында – Қырқопа мен Қызылоба таза сулы болады.

Бүгінде облыс құрылысшылары 2021 жылы республикалық бюджетке сумен жаб­дық­тау және реконструкциялау нысандары бо­йынша 5,5 млрд теңгеге 18 жобаны іске асыруға бюджеттік өтінім ұсынып отыр. Бұл жобалар іске асса, батысқазақстандық ауыл­дардың 57%-ы немесе 289,3 мың адам орта­лықтандырылған сумен жабдықтаумен қамт­амасыз етіледі. Бұл дегеніңіз – облыс тұр­ғындарының 90 пайызға жуығы сапалы ауыз­суға қол жеткізеді деген сөз.

Қазірдің өзінде 15 нысанның құрылысы мен қайта жаңартылуы мақұлданып, 3,9 млрд теңге нақты бөлінетін болды.