Аймақтар • 09 Қараша, 2020

Дәрігерлерге – «Халық алғысы»

422 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұрында да дәрігер қадірлі мамандықтың бірі еді. Ал жаһанды жайлаған коронавирус инфекциясымен күресте адам жанына араша болуды таңдаған жандардың қадірі тіптен арта түсті. Арына да, ақ халатына да қылаудай дақ түсірмеген дәрігерлер халықтың денсаулығын сақтау үшін отбасына бармай, қауіпті індетпен күрестің бел ортасында жүрді. Жақында өмір мен өлім үшін арпалысқан науқастарға жан жылуын аямай, жылы сөзімен де, шипалы емімен де дем берген 70 қызметкерге «Халық алғысы» медалі берілді.

Дәрігерлерге – «Халық алғысы»

Облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменованың айтуынша, өңірде 7 995 медицина қызметкері жұмыс істейді. Соның ішінен коронавирус инфекциясымен күреске 2 480 қыз­меткер жұмылдырылды. Олар­дың арасында қауіпті ін­дет­ті жұқтырып, тіпті қайтыс бол­ғаны бар.

– Бұл індет тұтас әлем үшін де, Қазақстан үшін де үлкен сынаққа айналды. Сол сынақта медицина саласының, Қарулы Күштер, полиция қызметкерлерінің, еріктілердің ерлікке бергісіз күнделікті ісіне ел куә болды. Әсіресе дәрігерлердің өлшеусіз еңбегі бар. Олар сырқаттарды емдеумен шектеліп қана қоймай, вирустың кең тарамауы үшін аянбай еңбек етті, – дейді облыс әкімінің орынбасары.

«Халық алғысы» медалін қа­уіпті індеттің бірінші толқы­нын­да алдыңғы шепте жұмыс істеп, инфекциядан көз жұмған медицина қызметкерлеріне де беру ұйғарылған екен. Өйткені өмірден өткен дәрігерлердің еңбегін ел білуі тиіс. Уақытпен санаспай, әр науқастың өмірі үшін күрескен жоғары білімді дәрігердің бірі – Нариман Ақ­па­нов. Атыраудағы эпиде­мия­лық ахуал ушыққан тұста рентголог вирус жұқтырғандарды рентгенге түсірген. Алайда дәрігердің өзі коронавирус инфекциясын жұқтырып, төтелей келген та­жал­дың қақпанына құтыла алған жоқ. Сол себептен «Халық ал­ғы­сы» медалі марқұмның әйе­лі Дариға Мүслімоваға табысталды.

Ал Земфира Ерболат­қызы қа­уіпті індетке шалдық­қан­дар­дың басым бөлігі емделген №2 облыстық ауруханада жұмыс істейді. Орта буын қыз­меткері әріптестері секілді үш ай бойы отбасына бармай, індет ошағында болды. Сөйтіп, өзі таңдаған мамандығына адал­ды­ғын танытып, халықтың денсаулығын қорғау жолындағы міндетін мінсіз атқарды. Қауіпті инфекция салдарынан қос өкпесі қысылып, дем жетпегендерге оттегі аппаратын қосып, мыңда­ған науқастың өмірін арашалап қал­ғанын мақтан тұтады.

 

Атырау облысы