Облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменованың айтуынша, өңірде 7 995 медицина қызметкері жұмыс істейді. Соның ішінен коронавирус инфекциясымен күреске 2 480 қызметкер жұмылдырылды. Олардың арасында қауіпті індетті жұқтырып, тіпті қайтыс болғаны бар.
– Бұл індет тұтас әлем үшін де, Қазақстан үшін де үлкен сынаққа айналды. Сол сынақта медицина саласының, Қарулы Күштер, полиция қызметкерлерінің, еріктілердің ерлікке бергісіз күнделікті ісіне ел куә болды. Әсіресе дәрігерлердің өлшеусіз еңбегі бар. Олар сырқаттарды емдеумен шектеліп қана қоймай, вирустың кең тарамауы үшін аянбай еңбек етті, – дейді облыс әкімінің орынбасары.
«Халық алғысы» медалін қауіпті індеттің бірінші толқынында алдыңғы шепте жұмыс істеп, инфекциядан көз жұмған медицина қызметкерлеріне де беру ұйғарылған екен. Өйткені өмірден өткен дәрігерлердің еңбегін ел білуі тиіс. Уақытпен санаспай, әр науқастың өмірі үшін күрескен жоғары білімді дәрігердің бірі – Нариман Ақпанов. Атыраудағы эпидемиялық ахуал ушыққан тұста рентголог вирус жұқтырғандарды рентгенге түсірген. Алайда дәрігердің өзі коронавирус инфекциясын жұқтырып, төтелей келген тажалдың қақпанына құтыла алған жоқ. Сол себептен «Халық алғысы» медалі марқұмның әйелі Дариға Мүслімоваға табысталды.
Ал Земфира Ерболатқызы қауіпті індетке шалдыққандардың басым бөлігі емделген №2 облыстық ауруханада жұмыс істейді. Орта буын қызметкері әріптестері секілді үш ай бойы отбасына бармай, індет ошағында болды. Сөйтіп, өзі таңдаған мамандығына адалдығын танытып, халықтың денсаулығын қорғау жолындағы міндетін мінсіз атқарды. Қауіпті инфекция салдарынан қос өкпесі қысылып, дем жетпегендерге оттегі аппаратын қосып, мыңдаған науқастың өмірін арашалап қалғанын мақтан тұтады.
Атырау облысы