Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтің айтуынша, аймақта 2 530 төсектік орын жасақталған болса, оның ішінде 253 төсектік орын жан сақтау бөліміне тиесілі болып отыр. Бүгінгі таңда өңірдегі медициналық мекемелерде 253 өкпені жасанды желдету құралы, 706 оттегі баллоны, 542 оттегі концентраторы, 1 009 импульстік оксиметр, 19 цифрлы рентген аппараты, 10 компьютерлік және 7 магниттік-резонанстық томографтар бар. Жуырда тағы да облысқа 74 өкпені жасанды желдету аппараты, 7 компьютерлік томограф, 4 цифрлы рентген аппараты, 4 оттегі стансасы, сондай-ақ 74 жедел жәрдем көлігі, 8 жылжымалы медициналық кешен және 100 көпфункционды төсек жеткізіледі. Сонымен қатар облыстың бас дәрігері амбулаторлық деңгейде де, стационарлық деңгейде де дәрі-дәрмектің жеткілікті қоры бар екенін жеткізді.
Жалпы, Жамбыл облысында аталған жұмыстарға 4 410 медицина қызметкерін тарту жоспарланып отыр. Оның ішінде 882 дәрігер, 1 764 орта буын медицина қызметкерлері және 1 764 кіші буын медицина қызметкері бар. Сонымен қатар облыс әкімдігі мен С.Асфендияров атындағы Ұлттық медициналық университетінің арасында жасалған ынтымақтастық туралы меморандум аясында қосымша 150 маман тартылады. Бүгінгі таңда өңірде 7 ПТР-зертханасы бар болса, жергілікті әкімдік одан әрі зертханалық зерттеулердің тиімділігін және аталған зертханалардың саны мен сыйымдылығын арттыруды жоспарлап отыр. Алайда облыста коронавирус індетімен күресте денсаулық сақтау саласы 100 пайызға дайын болғанымен, әлі де мобильді топтардың жұмысы көңіл көншітпей тұр. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев та мұны сынға алған болатын.
Шындығында, коронавирус инфекциясы қаупі әлі толығымен жойылған жоқ. Өкінішке қарай, көпшілік әлі де жиын-той өткізуді тоқтатпай отыр. Оның бірқатары әшкереленіп те жатыр. Мәселен, қазан айында Тараз қаласында мобильді топтар 3 033 нысанды тексеріп, карантиндік режімді бұзғаны үшін 18 хаттама ғана толтырыпты. Сол сияқты, өңірдегі Сарысу, Мойынқұм, Меркі, Жуалы, Қордай аудандарындағы мобильді топтардың да жұмысы ойдағыдай емес.
Қазіргі таңда мемлекет тарапынан карантин талаптарын қатаң сақтау туралы көпшілікке жиі ескертілуде. Бүгінде инфекциялық стационардан 4 090 азамат сауығып шыққан. Биыл 4 қарашаға дейін Жамбыл облысының аумағында жалпы коронавирус індетін жұқтырудың 4 199 жағдайы тіркеліп, 100 мың тұрғынға шаққанда аурушаңдық көрсеткіші 363,1-ді құраған. Аталған уақыт аралығында пневмонияның 137 жағдайы анықталыпты. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, олардың ішінде 1 833 науқас симптомды, ал 2366 науқас симптомсыз болып шыққан. Қазіргі таңда инфекциялық стационарда 32 науқас ем қабылдауда. Оның 21-нің жағдайы орташа болса, өкінішке қарай, 11 науқастың жағдайы ауыр дәрежеде болып отыр. Бүгінде қауіпті індет жұқтырғандардың денсаулығы жіті назарға алынған.
Бір қуанарлығы, Жамбыл облысының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Салтанат Алибаеваның 5 қарашадағы №40 «Жамбыл облысы Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» қаулысына сәйкес, облыс аумағында кейбір карантин талаптары жеңілдетілді. Сондай-ақ күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық, маскалық және әлеуметтік қашықтық талаптарын сақтай отырып, өңірдегі театрлар мен мешіттердің жұмыс істеуіне рұқсат етілді. Сонымен қатар алдағы екінші тоқсаннан бастап, қалалық және ауылдық аймақтағы контингенті 300 оқушыға дейінгі мектептер дәстүрлі оқу форматына көшірілетін болды. Алайда әрбір сыныптардағы балалардың саны 15-тен аспауы керек. Жалпы білім беретін мектептерде 1-5 сыныптар, ал халықаралық мектептерде 7-сыныпқа дейін кезекші кластарда оқытуға рұқсат етілген.
Жамбыл облысы