Саясат • 09 Қараша, 2020

Сапалы су – қауіпсіздік кепілі

311 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Сенатта өткен Үкімет сағатында депутаттар Қазақстандағы су қауіпсіздігіне төнген қатерлер мен проблемаларды талқылады. «Қазақстанның су қауіпсіздігі: қазіргі кездегі қауіп-қатерлер және оларды шешу перспективалары» тақырыбында өткен шараға орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың басшылары, сондай-ақ су мәселелері жөніндегі сарапшылар қатысты.

Сапалы су – қауіпсіздік кепілі

 

Ауыз су жөніндегі бағдарламалар нәтижесіз

Сенат Төрағасының орынбасары Асқар Шәкіров өз сөзін­де көтерілген тақырып әрбір қазақ­стандық үшін өмірлік маңы­зы бар әрі ұлттық қауіпсіз­дік­тің ажырамас бөлігі ретінде қарас­­тырылатынын атап өтті. Адам­дардың өмір сүру сапасы мен эко­логиялық су жү­йесінің сақталуы – сапалы ауыз судың қолжетімді болуына, гидроқұ­рылыстардың жай-күйіне, су ресурстарын ұтым­ды пайдалануға байланысты.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы ақпанда Экология, геология және табиғи ресурс­тар министрлігіне «су ресурстарын басқару жөніндегі тиісті бағ­дар­ламаларды әзірлеу кезін­де елі­міздің су қауіпсіздігінің бар­лық мәселелерін мұқият талдау­ды» тап­­сырды. Қазіргі кезде жаңа Эколо­гия­лық кодекстің жо­басы Парламент Мәжі­лісінің қара­уында жатыр. Мем­лекет бас­шы­сының ол тапсырмасы осы құжат­та тиісті көрініс тапты деп үміт­тенеміз», деді Асқар Шәкіров.

Қазақстан су тапшылығы бар мемле­кеттердің қатарына кіре­ді. Су ресурстарына қажетті­ліктің өсуіне байланысты сумен қам­тамасыз етудің жыл сайын­ғы төмендеуі байқалады. Осы­ларды еске салып өткен Сенат Төр­ағасының орынбасары А.Шәкіров жоғарыда айтыл­ған мәселелер былтыр парламенттік тың­дауда жан-жақты талқыланғанын жеткізді.

«Тәуелсіздік жылдары су мәсе­лелерін шешуге тек бағдар­лама­лық құжаттар шеңберінде 790 млрд теңгеге жуық мемле­кет­­тік қаражат бөлінді. Алайда көріп отырғанымыздай, ауыз су жө­­ніндегі бағдарламалар айтар­­лық­тай нәтиже берген жоқ. Орта­­лық­тандырылған сумен жаб­дық­­тау көздерінен ауыз сумен қам­тамасыз ету көрсеткіші Қазақ­стан бойынша 77 пайызды құрады.

Трансшекаралық суды пайдалану мәселелері біздің еліміз үшін аса маңызды. Бүгінде су ресурстарының тек 56 пайызы Қазақстанда. Ал 44 па­йы­зы Қытай, Ресей, Қырғызстан және Өзбек­стан арқылы келетін транс­ше­­к­аралық өзендер есебінен қалыпта­са­тыны белгілі. Бұл саладағы халық­а­ра­­лық-құқықтық негіз қазір­гі заман шындығын ескере оты­рып, одан әрі өзек­тендіруді талап етеді», деді А.Шәкіров.

Сонымен қатар Қытаймен ара­дағы мәселелерге байланыс­ты Іле және Ертіс өзендері бойын­ша ағыны азайып, бұл Бал­қаш көлінің су деңгейіне әсер етке­нін, ел индустриясының негі­зін құ­райтын ірі өнеркәсіптік объек­ті­лердің жұмысына қауіп төндіре­тініне тоқталды. Сондай-ақ суармалы кезеңде аграрлық сектордың жұмыс істеуіне Өзбекстан және Қырғызстан тарапымен жасалған мемлекетаралық уағдаластықтар тікелей қатысты.

«Су шаруашылығы объекті­лері мен құрылыстарын толық ауқым­ды паспорттауды жүргізу, олар­дың техникалық жай-күйін есепке алу ерекше назар аударуды та­лап етеді. Су ресурстарына, ир­ри­гациялық жүйелерге және су­­мен қамтамасыз етудің барлық инфра­­құрылымына толық аудит жүргізу қажет.

Жыл сайын су тасқыны кезе­ңінде дренаж жүйесі мен нөсер­лік кәріз­дің қараусыз қалуына, жекелеген жағ­дайларда – олардың мүлдем болмағанына бетпе-бет келе­міз. Көптеген елді мекен зар­дап шегіп, адамдар баспана мен мүліктерін жоғалтады. Мем­лекет экономикалық шығынға ұшы­райды. Биыл Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыс­тары су апатына тап келді.

Гидрометеорологиялық қыз­мет­­терді толық қаржыландырмау, гидро­тех­никалық құрылыстар салуды жет­кіліксіз жобалау, су басу қаупі бар учаскелерде объек­тілерді заңсыз салу және басқа да мәселелер Үкімет пен жер­гілікті билік органдары тарапынан тұрақты бақылауға алынуға тиіс.

Су қауіпсіздігі мәселелеріне Сенат депу­таттары ерекше назар аударады. Жақында Сенатта Қарағанды облы­­сының және төтенше жағдайлар ми­нистр­л­і­гінің басшылығымен кездесу өтті. Онда төтенше жағдайлардың сал­дарын жоюға емес, алдын алу­ға көңіл бөлінді. Басқаша айт­қанда, бар проблемаларды нақты талдау, жағдайдың дамуын болжау және міндеттерді кешенді шешу қажет», деді А.Шәкіров.

Жиын барысында транс­шек­аралық су пайдалану мәсе­лелерінің маңызын ескере отырып, осы саланың халықара­лық-құқықтық негізін қалыптастыру ұсынылып отыр. Сондай-ақ су шаруа­шылығы объектілері мен құрылыстарын толық көлемде паспорттауды жүргізу, олардың техникалық жай-күйін есепке алу қажеттігі атап өтілді.

Үкімет сағатын жүргізіп отыр­ған Сенаттың Халықаралық қаты­настар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Құл-Мұхаммед судың тасуы мен топан су жыл сайынғы проблема екенін атап өтті.

«Мемлекет деңгейінде табиғи апат зардаптарымен күрес және оның салдарын жоюды негізгі міндетіне алған жеке министрлік құрылды. Өткен аптада ғана азаматтық қорғау мәселелері бо­йынша кеңейтілген отырыс барысында алдын алу жұмыстарының басымдыққа ие екені атап өтілді», деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.

 

Көрші елдер келісімді орындамай отыр

Үкімет сағатында негізгі баяндаманы жасаған Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мыр­зағалиев су туралы заңнаманы жетіл­діру мәселелеріне екпін берді. Қазақ­­стандағы су ресурс­тарының қазіргі ахуалына тоқталған ведомство басшысы трансшекаралық өзендер төңірегінде әңгіме қозғады.

«Қазақстан мен Қытай ара­сын­­дағы су қатынастары Транс­­ше­каралық өзендерді пайдалану және қорғау саласындағы ынты­мақ­тастық туралы үкімет­ара­лық келісіммен реттеледі. Қазір­гі негізгі проблема – Транс­ше­каралық өзендердің су ресурс­тарын бөлу жөніндегі келісімнің болмауы. Негізі келісім бойынша жұмыс 2015 жылдан басталған. Кіріс­педен және 31-баптан тұра­тын бірыңғай құрылым келісілді.

Қытаймен өте күрделі келіс­сөздер өтеді. Қытай шекара ма­ңын­дағы ешбір елмен су бөлу жө­нінде келіссөздер жүргіз­бей­тінін ерекше атап өткім келеді. Қазақстан – Қытаймен келіссөздер жүр­гізіп жатқан алғашқы және жалғыз ел.

Жалпы Келісімге трансшек­аралық өзендердің экожүйесін сақтау мәселе­лерін енгізуді талап етіп отырмыз. Қытай тарапы бұған мүдделі емес. Соған қара­мастан отандық сарапшылардың табандылығының арқасында өткен жылы тараптардың су ресурстарына құқық­тарын кешенді қарау және транс­шекаралық су объектілерінің экожүйе­лерін сақтау бойынша қытай тарапымен уағдаластыққа қол жеткіздік», деді министр.

Бұдан кейін М.Мырзағалиев Өзбек­станмен арадағы мәселелер төңірегінде әңгіме қозғады. Оның айтуынша, Кеңес өкіметі тұсында бұзылған Сырдария өзенінің бассейнін қолдану тәртібі әлі толыққанды реттелген жоқ.

«Қазақстан төменгі ағысында ор­наласқан ел ретінде вегетация кезе­ңінде суармалы судың тап­шылығын қат­ты сезінеді. Осыған байланысты, суар­малы судың қажетті көлемін алу үшін тараптардың әрқайсысымен жеке келіссөздер жүргізуге мәжбүрміз.

Биыл Өзбекстанмен елеулі келіс­сөз өтті. Осы жылдың жаз айында проблемалық мәселелердің бар­лық спектрін қамтитын және олар­дың шешу мерзімдерін ай­қын­­дайтын су қатынастары сала­сындағы ынтымақтастық мәсе­лелері жөніндегі жол картасына қол қойылды. 1991 жыл­дан кейін салынған және қайта жаңар­тыл­ған су шаруашылығы құрылыстарына бір­лескен тексеру жүргізілді. Сондай-ақ Транс­шекаралық су объектілерін бірле­сіп басқару, пайдалану және қорғау туралы келісім жобасы талқыланды», деді ведомство басшысы.

М.Мырзағалиевтің сөзіне сүйенсек, Қырғыз­станнан бастау алатын өзендер­дің де түйіні әлі толыққанды тарқамаған. Мәсе­лен, Талас және Шу өзендерін пайдалану жөніндегі ереже 1983 жылы бекітілген. Ал 2000 жылы Шу және Талас өзендерінде су шаруашылығы құры­лыстарын пайдалану туралы үкі­мет­аралық келісімге қол қойылған.

«Қырғызстан тарапы Қазақ­станға негізінен Шу өзені­нің бассей­нінде орналасқан мемле­кет­аралық арналар арқылы су беру кестесін мерзімді түрде сақтамайды. Оған қоса, біздің өңір қазір суы аз табиғи кезеңге тап болды. Су беру кестесін сақ­тамаудың барлық себебі қараша айының соңында өтетін Комиссия отырысында талқыланбақ.

Қазіргі уақытта су беру кесте­сінің бұзылуына жол бермеу мақсатында келе­сі жылдарға нақты шаралар қабыл­данып жатыр. Қазақстан тарапы Киров су қоймасындағы (Қырғызстан) жөн­­деу жұмыстарын аяқтады. Бұл су қоймасын жинақтау ре­жи­­­­міне өткізуге мүмкіндік берді. Өз кезегінде осы жайт келесі ве­ге­­тациялық кезеңге қажет­ті су кө­лемін жинау үшін үлкен сеп­ті­гін тигізеді», деді М.Мырзағалиев.

Ресейден келетін өзендерде су дең­гейінің азайғанына қара­мас­тан, екіжақ­ты келісім аясын­да оны реттеуге мүмкіндік бар. Мәселен, Омбы қаласында өткен Қазақстан мен Ресейдің XVI өңір­аралық ынтымақтастық фору­мы барысында Жайық өзені бас­сейнін сауықтырудың бірлескен бағдарламасын әзірлеу туралы келісімге қол жеткізілді.

Бұдан кейін министр өзен бассейн­дері бойынша жүргізілген талдау қоры­тындысымен таныс­тырды. Ведомство басшысының сөзіне сенсек, Қазақстан суы аз табиғи кезеңге кіріп отыр. Былтыр оның көлемі 83 шақырым текше метрге теңескен. Бұған дейін бұл көрсеткіш 90-100 шақырым текше метр деңгейінде еді.

«Осыған байланысты, суармалы жерлер­дегі жағдай қиындады. Әсіре­се ел­дің оңтүстік облыс­тарында қатты сезіл­ді. Өйткені ел­дегі суармалы ал­қап­тар­дың 90 па­йызы осы жақта орналасқан. Республика бойынша қолданысқа алынатын судың 97 пайызы оңтүстік өңірге тиесілі.

Вегетациялық кезеңнің қоры­тын­дысы бойынша Алматы облысында өткен жыл­дармен салыс­тырғанда қар 35 па­йыз­ға аз түсті. Жамбыл облысында жауын-шашын орташа көрсеткіштен 15-20 па­йызға төмендеді.

Мұндай проблемалар Түркіс­тан және Қызылорда облыс­тарында да бар. Бірақ су шаруа­шылығының қолайсыз жағдайына қарамастан, Мемлекет бас­шысы бұл мәселелерді шекаралас ел­дердегі әріптестерімен кездесу кезінде көтергендіктен, су беру жоспары 90-100 пайызға орын­далды. Сонымен қатар коллек­торлық-дренаждық суларды қай­та пайдалану практикасы жүр­­гізілді», деді министр.

 

Суару желісі әбден тозған

Ведомство бас­шысы ирри­гация­лық инфрақұ­рылым­ның жай-күйіне де тоқталды. М.Мырзағалиев кел­тірген деректерге сай, олардың басым бөлігі кеңес заманында салынған және қазіргі уақытта олар физикалық жағынан да, моральдік жағынан да тозған. Осыған байланысты 2023 жылға дейін екі мың шақы­рымнан астам суару желісін қайта жаңарту жос­парланып отыр.

«Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі 2017-2021 жыл­дарға арналған мемлекеттік бағ­дарл­амада 41 авариялық су қой­масын қалпына келтіру көз­делген. Оның ішінде 2017-2019 жыл­дар кезеңінде 10 нысан пай­далануға берілді. Екеуі осы жылы аяқ­талады. 2021 жылы тағы 8 ны­санды аяқтау жоспарланған. Қал­ған 21 нысан 2025 жыл­ға дейін іске асырылады. Бұ­дан басқа, 9 өңірде жалпы көле­мі жылына 3,6 млрд текше метр­лік 39 жаңа су қоймасын салу жос­парланған. Оларды іске асыру үшін 115 млрд теңге қажет.

Су қоймаларын салу 70 елді мекен үшін су тасқыны құбылыс­тарының қаупін азайтуға, 394 мың гектар жаңа суармалы жерлер­ді айналымға енгізуге және ауыл шаруашылығында 129 мың­нан астам жұмыс орнын құруға жағ­дай жасайды. Сонымен қатар транс­ше­каралық өзендердің су көле­міне тәуелділікті алып тастауға мүмкіндік береді. Атап айтсақ, Қырғызстаннан 30 пайызға дейін, Өзбекстаннан 25 пайызға дейін, ал Ресейден 15 пайызға дейін тәуел­ділікті арылтады», деді министр.

М.Мырзағалиев Үкімет алдында ауылдық елді мекендерді 2023 жылға дейін 100 пайыз таза ауыз сумен қам­тамасыз ету туралы нақты тапсырма қо­йыл­ғанына назар аударды. Осы міндет­ті орындау Индустрия және инфрақұры­лымдық даму министрлігіне жүктелген. 

«Бүгінде республика бойынша жалпы ұзындығы 15,5 мың ша­қырымдық 74 топтық су құ­быр­лары бар. Оның 37-сі – рес­пуб­ликалық меншікте, ал қалған 37 әкімдіктердің меншігінде тіркелген. 2019 жылы Павлодар облысында Май және Беловод топтық су құбырлары, сондай-ақ Қарағанды облысында Жәй­рем-Қаражал су құбырлары пай­далануға берілді.

Биыл Алматы облысында Қаскелең, Қызылорда облысында Талап және Жиделі, Солтүстік Қазақстан облысында Пресновтің екінші кезегі, Батыс Қазақ­стан облысында Жымпиты топтық су құ­бырлары бойынша жұмыстар аяқта­лады. Нәтижесінде 37 ауыл­дық елді мекеннің 46 мыңға жуық тұрғыны таза ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Бұдан бас­қа, 1 қала мен 39 ауылдық елді мекеннің ескі су беру жүйесі қай­та жөндеуден өтіп, ауыз судың сапа­сы артады. Өз кезегінде, бұл 287 мың тұрғынды қамтиды.

Биыл үш топтық су құбы­рының құрылысы басталды. Олар: жаңадан салынып жатқан Ақмола облысындағы Макинск пен Ақтөбе облысындағы Жаныс би топтық су құбырлары. Соны­мен қатар Қарағанды облысындағы Ес­құла топтық су құбырының жаңа бөлігі салы­нуда. Аталған топтық су құбыр­лары 2021 жылы пайдалануға беріледі. Нәти­жесінде 3 ауылдық елді мекенде тұратын 1,3 мың адам сапалы ауыз су­мен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар 3 қаланы сумен қамтамасыз етет­ін құ­бы­р­лар жаңартылады. Яғни 94 мың тұр­ғын үшін берілетін ауыз судың са­пасы жақсарады», деді Мағзұм Мырзалғаиев.

Сондай-ақ жиын барысында министр су заңнамасын жетілдіру жөнінде пікірін білдірді. Оның айтуынша, көптеген сарапшылардың бағалауы бойынша су заңнамасы одан әрі жетілдіруді талап етеді.

Іс-шара барысында БҰҰ Бас хатшысы­ның Орталық Азия бойынша арнаулы өкілі, БҰҰ-ның Орталық Азияға арналған превентивті дипломатия жөнін­дегі өңірлік орталығының басшысы Наталья Герман сөз сөйледі.

«Орталық Азия өңірінде толық­қанды әрі тұрақты эконо­микалық және әлеу­меттік даму тұр­ғысында су және эколо­гия­лық проблемалар өзекті болып қала беретінін атап өткім келе­ді. Соңғы жылдары БҰҰ Бас Ас­сам­блеясында Орталық Азия ел­­дерінің бастамасы бойынша ын­ты­мақтастықты нығайтуға, со­­ның ішінде су-экологиялық мәсе­­ле­­л­ерге бағытталған бірқатар ма­­ңыз­­ды қарарлар қабылданды», деді ол.

Сонымен қатар сөз алушылар еліміз­дегі су ресурстарының жай-күйі, азамат­тық қорғаныс сала­сындағы алдын алу жұмыстарын жақсарту мәселелеріне тоқталды. Түркістан облысының әкімі Өмір­­зақ Шөкеев Өзбекстандағы бө­геттің бұзылуынан зардап шеккен Мақтаарал ауданындағы ел­ді мекендерді қалпына келтіру бо­йынша жүргізіліп жатқан жұмыс­тар туралы хабарлады.

Отырыс қорытындысы бо­йынша сенаторлар орталық және жергілікті атқарушы орган­дардың ақпаратын, депутат­тар­дың, халық­аралық ұйымдар өкіл­дерінің, ғалымдар мен ма­ман­дардың сөз­дерін тыңдай келіп Үкіметке жі­бе­рілетін және олар­дың орындалу мәсе­лелерін тұрақ­ты бақылауда ұстайтын ұсы­нымдар әзірледі.

Атап айтқанда, халықаралық ынты­мақ­тастықты кеңейту керек. Мәсе­лен  шекаралас мемлекеттермен транс­­шекаралық өзендер бойынша халық­аралық шарттарды жетілдіру, транс­шекаралық өзендер бойынша келіссөздер комиссиясын құру, оған ерекше мәртебе беру, сондай-ақ шекаралас мемлекеттермен қол қойылған халықаралық шарттардың орындалуына мониторинг жүргізуді ұсынды.

Бұдан бөлек, нормативтік құқықтық негізді жетілдіру, сумен қамтамасыз етуге кететін шығынды азайтып, су шаруа­шылығы инфра­құрылымын мем­лекеттік бюджет есебінен ғана емес, сондай-ақ мемлекет-жеке­меншік әріп­тестікті дамыту есе­бінен де жаңғырту және реконс­трукциялауға кеңес берілді.