23 Қараша, 2013

Қолда бар мүмкіндіктер іске қосылсын

380 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жамбыл облысындағы жұмыс сапарының екінші күнін Тараз қаласындағы көне шаһардың орнына жасалып жатқан археологиялық қазба жұмыстарымен танысып, облыс орталығындағы жаңадан тұрғызылған Төле би ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан бастады.

01-22-11

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жамбыл облысындағы жұмыс сапарының екінші күнін Тараз қаласындағы көне шаһардың орнына жасалып жатқан археологиялық қазба жұмыстарымен танысып, облыс орталығындағы жаңадан тұрғызылған Төле би ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан бастады.

01-22-1102-22-11 01-1103-22-11

КӨМБЕ АСТЫНДАҒЫ КӨНЕ ШАҺАР

Тараз – көне шаһар. Оның 2000 жыл­дық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде аталып өткені белгілі. Одан бері де оншақты жыл өте шығыпты. Уақыт енді сол көне шаһардың орнына археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп, сол құнды жәдігер арқылы облыстағы туризм саласын дамытуға да ден қою керек екенін күн тәртібіне шығарып отыр.

Осыған орай облыс әкімінің шеші­мімен көне шаһар үстіне Кеңес өкіметі тұсында орналасқан «қанбазар» қала сыртына көшіріліп, тарихи орынды зерттеу жұмыстары басталған. Көне шаһар жұртындағы зерттеу жұмыстары биылғы маусымда, негізінен, цитадель мен шахристанды қазып, зерттеп, зерделеуге жұмылдырылды.

Тарихи орында жүріп жатқан архео­ло­гиялық қазба жұмыстары еліміз­дің тарихы мен мәдениетіне және ғы­лымына не береді? Көне Тараз шах­рис­танының X-XII ғасырларға тән қа­батына жүргізілген археологиялық қазбалардың нәтижесінде қаланың Қараханидтер дәуіріндегі кезеңі мұқият зерттеледі. Сонымен қатар, жәдігер-қала құрылыстары музейлендірілген нысан түрінде туристердің қызыға тамашалауына мүмкіндік туғызбақ. Көне қалашық орнында үш ай жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде жер қабатынан көптеген артефактілер шықты. Цитадель аумағындағы бір аумақтан ондаған сфераконустар табылды. Қазіргі кезде керамикалардың өңделген бөлшектерінің өзі 33 мың дананы құрап отыр. Оның ішінде 107-сі тұтас сақталған. Сондай-ақ, 33 көне тиын ақшаны, 26 шыны бұйымдарын және сүйектен жасалған 5 артефактіні құнды олжа деуге болады.

Президент Н. Назарбаев көмбе астында жатқан көне шаһардағы археологиялық жұмыс нәтижелерімен танысқаннан кейін қазақ халқының дана тұлғаларының бірі – Төле бидің 350 жылдық мерейтойы аясында тұрғызылған баба ескерткішіне гүл қойды. Қоладан құйылған, биіктігі 10,5 метр ескерткіш облыс орталығындағы халық тығыз орналасқан Төле би мен Желтоқсан көшелерінің қиылысындағы көрікті тұсқа қойылған.

Ескерткіш алдындағы алаңда Елбасы қала тұрғындарымен әңгімелесті.

ЖҮРЕГІҢІЗ ЖҮЗ ЖАСАСЫН, ЖАМАҒАТ!

Мемлекет басшысы кеше, сондай-ақ, Тараз қаласындағы жаңадан ашылған жекеменшік «Жүрек» кардиологиялық орталығымен танысты.

Оның жобасының жалпы құны 1,5 миллиард теңге болса, құрал-жаб­дық­тарының құны 800 миллион теңгені құ­райды. Клиниканың стационары – 80, кардиология бөлімі – 50, кардио­хи­рургия бөлімі – 20, жансақтау бөлімі – 10 адамға арналған. Жаңа кардио­хирургия орталығының халыққа көрсе­тетін медициналық көмектерінің қатарында ота жасаудан бастап манипуляция, зерттеулердің көптеген түрлері бар. Орталықтың штаты 135 адамнан құралған, оның ішінде дәрігерлер құрамы – 27, ал орта медициналық құрам 54 маманнан тұрады.

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақстан жүрек-қан тамырлары ауруы бойынша бірінші орында тұр», деп алаңдаушылық білдіргені белгілі. Сондықтан болар, Елбасы Жамбыл өңіріндегі «Жүрек» кардиологиялық орталығын жүрек-қан тамырлары ауруымен күресудегі тағы бір құтты қадам ретінде бағалап, ризашылық білдірді.

ӨҢІРДІҢ ӨРКЕНДЕУ ӘЛЕУЕТІ ЖЕТКІЛІКТІ

Елбасы, сонымен қатар, мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында үстіміздегі жылы «Қазфосфат» ЖШС іске қосқан күкірт қышқылы зауытының жұмысымен таныс­ты. Жаңа зауыттың өндірістік қуаты жылына 600 мың тонна күкірт қышқылын құрайды. Жобаның құны – 14 миллиард теңге. Зауыт Германияның, Чехияның, Ресейдің, Жапонияның және еліміздің заманауи құрал-жабдық­тарымен жарақталған. Зауытта 138 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Н.Назарбаев, сондай-ақ, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына байланысты атқарылып жатқан жұмыстарға байланысты осы жерде кеңес өткізіп, хабарлама жасау үшін сөзді облыс әкімі Қанат Бозымбаевқа берді. Облыс әкімі соңғы жылдары әлеуметтік-экономикалық дамуда Жамбыл өңірінің айтарлықтай табыстарға қол жеткізгеніне тоқталды. Бұл істе, әсіресе, облысты өркендетудің 2011-2015 жылдарға арналған кешенді бағдарламасы үлкен септігін тигізіпті. Соңғы үш жылда өңірдегі ішкі жалпы өнім – 33 пайызға, өткен жылы 9,8 пайызға артқан. Бұл көрсеткіш жалпы облыс бойынша 764 миллиард теңгені құраған. Облыс үшін бұрын болмаған жоғары көрсеткіш. Өткен 2012 жылы жан басына шаққанда есептік көрсеткіш 719 мың теңгеге жетіп, 2009 жылмен салыстырғанда екі есеге артыпты.

Өңірдегі ішкі жалпы өнім аймақтағы ауыл шаруашылығы, құрылыс, сауда, көлік және байланыс сияқты салалар бойынша қамтамасыз етілген. Үш жылда өнеркәсіп өнімдерінің өсімі 44 пайызды, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі 7,9 пайызды құраған. Осының бәрі экономикалық дамудың үдемелі индустриялық-инно­ва­циялық бағдарламасын жүзеге асыру барысында қолға алынған. Бағдарлама шең­бе­рінде облыста бүгінде 38 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда екен. Оның жалпы қаржысы 546 миллиард теңгені құ­ра­ған. Бұл қосымша 7 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік бермек. Бүгінде 29 жоба жүзеге асырылып, оларда 4 мың жұмыс орны құрылған. Оның ішінде үстіміздегі жылы 8 жоба жүзеге асырылып, 600 адам жұмыспен қамтамасыз етілген. Оларға тартылған қаржы көлемі 21 миллиард теңгені құрапты. Бір айта кетерлігі, атал­ған 38 жобаның 19-ы, яғни 66 пайызы аудан­дарда жүзеге асырылып отыр.

Жұртшылықпен кездесу барысында Қазақстан Президенті индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының аралық нәтижелерін атап өтті.

– Индустриялық бағдарлама аясында үш жыл ішінде – 600, биыл 150 кәсіпорын іске қосылды. 250 мың жұ­мыс орны ашылды, бұл – біздің тұр­ғын­дар санын ескергенде өте жақсы нәтиже. Біз бұл кәсіпорындарды іске қосу үшін 2,2 трлн. теңге жұмсадық. Бүгіннің өзінде олар 2,5 трлн. теңгенің өнімдерін беруде, яғни іс жүзінде өзін өзі ақтады. Индустрияландыру жай ғана аясы тар мақсат емес, оның бас­ты міндеті – Қазақстанда, Кеден одағы елдерінде және оның аумағынан тыс жерлерде сұранысқа ие болатын өнімдер шығару. Индустрияландырудың екінші «бесжылдығы» өндіретін өнімдері нарықта сұранысқа ие болатын инновациялық нысандар, жаңа кәсіпорындар құруды қарастыратын болады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы бүгінде елімізде барлық негізгі салалық бағдарламалар әзірленгеніне тоқталды.

– Шағын және орта бизнес үшін түр­лі жеңілдіктер ұсынылады. Мем­лекеттің «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында мол қа­ра­жат бөлуге мүмкіндігі бар. Бүгінде біз шамамен жартысының пайыздық мөл­шер­лемесіне субсидия бөлеміз. Осының барлығын пайдалану керек. Сондай-ақ, мемлекет «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша азаматтардың жаңа мамандыққа ие болып, жұмысқа орналасуына мүмкіндік береді. Денсаулық сақтау және білім беру жөніндегі салалық бағдарламалар қабылданды. Республикада мектептер мен ауруханалар құрылысы жалғасуда, өйткені, бірінші кезектегі мақсат – азаматтарды әлеуметтік қамтамасыз ету. Тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында жеңілдік арқылы жекеменшік тұрғын үй сатып алу үшін жағдай жасалған, – деді Қазақстан Президенті.        

Нұрсұлтан Назарбаев облыста жұмыс белсенді жүргізіліп жатқанын атап өтіп, әкімдіктің өңірді дамыту жөніндегі қызметіне оң бағасын берді.

Сонымен қатар, Қазақстан Президенті индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын қарқынды іске асыруды жалғастыру қажеттігіне назар аударып, зор келешегі бар ауыл шаруашылығы мәселелерімен кешенді түрде айналысуды, сондай-ақ, жол бойындағы апаттарды азайтуға бағытталған алдын алу жұмыстарын жүйелі жүргізіп, оған қатысты көзқарасты қатайтуды тапсырды.

БІЛІМДІ МЫҢДЫ ЖЫҒАДЫ

Облыстың білім саласындағы қиын түйіндерінің бірі апатты жағдайдағы мектептерді жою болатын. Бұл туралы Елбасы да ескертіп айтып жүр. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда өңірде апатты жағдайдағы 19 мектеп бар. Және олардың саны өсе түсуде. Себебі, облыстағы 458 мектептің 94-і саманнан салынған. 2009-2012 жылдар аралығында облыста құрылыс және қайта жаңғырту есебінен 18 мектеп пайдалануға берілсе, оның 12-сі апатты жағдайдағы және 5-еуі үш ауысымды мектептердің орнына пайдалануға берілді. Тек биылдың өзінде облыста 12 мектептің құрылысы жүргізілуде. Нәтижесінде 8 апатты және 2 үш ауысымды мектептің мәселесі шешілмек.

Облыстағы білім саласының біраз жетістіктерге жеткеніне тоқталған облыс әкімі: «Осы жылы Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы бойынша облыстың орташа көрсеткіші 75,02 баллды құрап, республикалық көрсеткіштен 0,52 баллға жоғары болды. Егер 2009 жылы біз республика бойынша соңғы орында болсақ, қазір бел ортаға көтерілдік», деген болатын. Осы тұста Нұрсұлтан Назарбаев: «Бел орта дейсің бе? Ол қай тұс?» деген. Облыс әкімі: «8-орын», деп жауап берді.

Елбасы елімізде мектеп, аурухана және тағы басқа ғимараттар көптеп салынып жатқанын, оған қажетті қаржының көптеп бөлініп жатқанын айта келіп, бұл тұрғыда, тіпті, Кеңес өкіметінің жетпіс жылында жүргізілмеген құрылыстар жүргізілгенін ескертіп өтті.

АНА. БАЛА. ДЕНСАУЛЫҚ

Облыста «Балапан» бағдарламасы да қарқынды түрде іске асырылуда. Осы бағдарлама шеңберінде өңірде соңғы 4 жылда 55 балабақша және 130 шағын орталық пайдалануға беріліпті. Ағымдағы жылы 11 балабақшаның құрылысы жүргізілуде екен. Облыста аналардың туу көрсеткіші де жоғары. Жылына 28 мыңнан астам сәби дүниеге келуде. Мысалы, 2009 жылы – 27 080, 2010 жылы – 27 493, 2011 жылы – 28 640, 2012 жылы – 28 517 және 2013 жылдың 6 айында 14 082 сәби жарық дүние есігін ашыпты.

Облыста денсаулық сақтау саласын қаржыландыру көлемі соңғы үш жылда 42 пайызға артқан. Тұрғындарды тегін және жеңілдетілген дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге бағытталған бюджеттік қаржы көлемі 2,6 есеге ұлғайған. Соңғы төрт жылда облыста 44 денсаулық сақтау нысаны пайдалануға беріліпті. Денсаулық сақтау саласындағы маман-кадрлардың тапшылығы да шешілуде екен. 2011 жылдан бастап дәрігерлердің шетелде тәжірибеден өту дағдысы қалыптасып, олар Ресейде, Латвияда және Израильде дайындықтан өтіп қайтыпты. Облыс қаржысы есебінен медициналық жоғары оқу орындарында бүгінде 87 ауыл түлектері білім алып отырған көрінеді. Олар университетті аяқтаған соң өз ауылдарына келіп, жаңа ауруханалар мен амбулаторияларда жұмыс істемек.

Атқарылған мақсатты шаралар арқасында өңірде ана өлімінің деңгейі екі еседен астам, нәресте өлімі 25,6 пайызға азайған. Сонымен қатар, өкпе ауруының деңгейі 13,2 пайызға төмендепті. Өңір тұрғындарының орташа өмір сүру жасы соңғы он жылда 2,5 жылға өсіп, 70 жасқа жақындаса, туу көрсеткіші 63,3 пайызға артқан.

Елбасы кеңес барысында бірқатар сала басшыларын тыңдап, мысалы, «Еурохим» сияқты үлкен жобаның өңір әлеуетін жақсартуға үлес қосатынына, сондықтан тиісті министрліктер, әкімдіктер бұл компаниямен бірлесіп жұмыс атқаруы керектігіне тоқталды. Сонымен бірге, облыста бір кездері құрылыс жұмысы тәп-тәуір басталып, бірақ іске қосылар кезде сан түрлі сылтаулар айтып, жұмыс істеуден тайқып шыға келген Мойынқұм цемент компаниясы мен оның жұмыс істеуін ұйымдастыра алмай отырған басшыларды сын тезіне алып, «Бүгінде Астана, Алматы сияқты қалалардағы ірі құрылыс нысандарына цемент жетпей жатыр. Ал басқа жақтың цемент жасау­шылары бағаны өсіруде. Сендер неге осы зауытты жедел іске қосып, аталған құрылыс нысандарын арзан цементпен қамтамасыз етпейсіңдер», деді.

Іске жауапты басшылардың айтуынша, аталған цемент зауыты келесі жылдың екінші жарты жылында іске қосылмақ. Сондай-ақ, Елбасы Жамбыл облысында суармалы алқаптардың тиімді пайдаланылмай отырғанын және жасанды су бөгендерінің жасалмауын сынға алып, табиғаты қолайлы мұндай өңірде көкөніс, жеміс-жидек, сүт, жұмыртқа өнімдерін еліміздің басқа өңірлері мен шет елден тасымалдамай-ақ халықты қамтамасыз етуге болатынын ескертті.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өңірге жасаған екі күндік жұмыс сапары барысында облыста атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын бере келіп, кейбір кемшіліктерді жою жолында жұмыс істеуді тапсырды.

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан».

Жамбыл облысы.

Суреттерді түсіргендер

С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.

Соңғы жаңалықтар

Қайтарылған активтің игілігі

Аймақтар • Бүгін, 08:40

60 отбасының қуанышы

Қоғам • Бүгін, 08:38

Ата заң жобасы сараланды

Саясат • Бүгін, 08:22