Қоғам • 09 Қараша, 2020

Дауыл мен бораннан қалай сақтануға болады?

5981 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қаласының Төтенше жағдайлар департаменті "Қазгидромет" РМК мәліметінше, 9-11 қарашада Нұр-Сұлтанда көктайғақ, оңтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні 15-20 м/с болады. 9 қарашада күндіз жел екпіні 23 м/с жетеді, 10-11 қарашада бұрқасын күтіледі, деп хабарлайды Egemen.kz.

Дауыл мен бораннан қалай сақтануға болады?

"Қала тұрғындары мен қонақтары абай болып, ауа райының өзгеруін бақылап, енгізілген шектеулер туралы ақпаратпен танысуға кеңес беріледі. Құрылыс нысандарына қолайсыз ауа райына байланысты халықты және аумақты қорғау бойынша қосымша шаралар қабылдау қажет, мүмкіндігінше объектілердегі құрылыс-монтаждау жұмыстарының қызметін шектеу керек", делінген хабарламада.

Сондай-ақ құтқарушылар төтенше жағдай кезінде өзін қалай ұстау керектігі туралы бірқатар ұсыныс айтты.

"Егер сіз қатты желде қалып қойсаңыз, қорған болатын ғимараттарда аялдауға кеңес береміз. Үйлердің қабырғаларына жақын жерлерде тұрмаңыз, өйткені шатырлардан шифер мен басқа шатыр материалдары құлауы мүмкін. Ешқандай жағдайда қоғамдық көлік аялдамаларының, билбордтардың, аяқталмаған ғимараттардың, ағаштардың астына тығылмаңыз. Қатты жел кезінде электр желілерінің астында тұру және үзілген электр сымдарына жақындау өте қауіпті", дейді сарапшылар.

Дауыл кезінде ең алдымен тұрғын үйлердегі электр желілері мен жабдықтардың, жылыту пештерінің жағдайын тексеру керек. Пәтерде электр желісінің кернеуі жоғарылаған кезде барлық тұрмыстық электр құрылғыларын дереу өшіру керек.

Құлап қалмас үшін көктайғақ кезінде келесі ережелерді сақтау қажет:
- биік өкшелерден бас тартып, табаны тайғанамайтын аяқ киімді таңдаңыз;
- жолдағы жүргіншілер өтетін жерде өте мұқият болыңыз: асықпаңыз және жүгірмеңіз;
- көлбеу беті бар барлық жерлерді айналып өтуге тырысыңыз;
- мүмкіндігінше қолдарыңыз бос болуы керек, ауыр сөмкелерді алып жүрмеуге тырысыңыз, қолыңызды қалтаңызға салмаңыз, бұл құлау қаупін туғызуы мүмкін;
- қарт адамдарға резеңке ұшы бар немесе үшкір ұшы бар арнайы таяқша ұстау қажет.

Төтенше жағдай туындаған жағдайда 112 телефон нөміріне қоңырау шалу қажет.