Аймақтар • 09 Қараша, 2020

Қызылорда облысында төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссия отырысы өтті

411 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бүгін аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен облыстық төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссия отырысы өтті. Күн тәртібінде екі мәселе қаралды. Атап айтсақ, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Б.Данилов ағымдағы жылғы орман шаруашылықтарындағы өрт қауіпті кезеңнің қорытындысы және 2021 жылғы өрт қауіпті кезеңге дайындық шаралары мен азаматтық қорғау және төтенше жағдайлар қызметтерінің қыс мезгіліне дайындығы туралы баяндады, деп хабарлайды Egemen.kz

Қызылорда облысында төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссия отырысы өтті

Қызылорда облысы аумағында орман және жануарлар дүниесін қорғау бойынша 8 мемлекеттік мекеме орналасқан. Осы мекемелердің қорында 6,6 млн. га жер көлемі болса, оның 3,1 млн. га орманды және тоғайлы алқаптар алып жатыр.

2014-2020 ж.ж. аралығында облыс бойынша мемлекеттік өртке қарсы қызметі жоқ елді мекендерде кезең-кезеңімен барлығы 22 өрт сөндіру бекеті құрылды.

Жыл басынан мемлекеттік орман қорында 48 өрт оқиғасы орын алып, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 8 есеге көбейген. Келтірілген залал көлемі 9,4 млн. теңгені құрап отыр.

Жалпы өрттің шығуына себеп - көктемгі және күзгі кезеңдегі ауылшаруашылығы жерлеріндегі шөптерді өртеу болып отыр.

Еске салайық, 21 қазанда Жаңақорған ауданы, Түгіскен ауылындағы егістік алқапта шамамен 30 гектар жерінде өрт оқиғасы орын алды. Өрттің салдарынан осы алқапта жайылып жүрген 1 300 бас уақ малының 261 басы өліп, 686 басын күйік шалған.

Осы ретте, аймақ басшысы Қызылорда қаласы мен аудан әкімдеріне, көктемгі егіске дайындық және күзгі егін жинау науқанынан кейін егін алқаптарын өртеу кезінде өз тараптарынан кезекшілік ұйымдастыруды және өртеу алдында облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасынан рұқсат алуды қатаң тапсырды.

«2021-2025 жылдарға мемлекеттік өртке қарсы қызметі жоқ елді мекендерде кезең-кезеңмен өрт бекеттерін құру» жоспарын іске асыру барысында бөлек ғимараттар мен қажетті өрт сөндіру құрал-саймандарымен жарақтандыруды, қолданыстағы заңдылықтарға сәйкес ерікті өрт сөндіру құрылымдарының қоғамдық бірлестіктер нысанында құрылуын қарастыруды, өз аумақтарындағы шаруа қожалықтарына 2021 жылғы көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысында өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау және оның жауапкершілігі жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, қажет болған жағдайда тиісті құзырлы органдарды қатыстыра отырып, кінәлілерді жауапкершілікке тартуды ұйымдастыруды және алдағы 2021 жылғы өрт қауіпті кезеңде ауыл шаруашылығы алқаптарын өртеу кестесін әзірлеуді жүктеді.

Облыс аумағы бойынша 2642 шақырым қатты жабынды автомобиль жолдар жүйесі өтеді. Республикалық маңызы бар жолдардың жалпы ұзындығы 1112 шақырым және жергілікті маңызы бар автожолдар 1530 шақырым құрайды.

2020-2021 жылғы қысқы кезеңдегі төтенше жағдайларды жоюға облыстық Азаматтық қорғау қызметтерінің барлығы 1324 адам және 383 бірлік әр түрлі техникалары дайындыққа келтірілген.

Алайда, жыл сайын қысқы мезгілде ауа райының қолайсыз жағдайларына байланысты республикалық және облыстық маңыздағы автожолдарда көлік құралдарының жолаушыларымен бірге түрлі себептермен жолда тұрып қалу фактілері орын алып келеді.

Нақтырақ айтсақ, 2018-2019 жылдары Қызылорда-Жезқазған автожолында 107 көлік 208 жолаушысымен қар құрсауында қалған. Сондай-ақ, Ақтөбе облысында жолдың жабылуына байланысты, транзиттік көліктер Арал ауданының территориясында ұзақ уақытқа тоқтап, жолаушылар мен жүргізушілер жылыту пунктеріне көшірілді.

Оған қоса, азаматтардың қысқы уақыттағы қауіпсіздік шараларын сақтамауы салдарынан балық аулау кезеңдерінде мұз астына түсіп, қаза болу жағдайлары да тіркелуде.

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова күрделі метеорологиялық жағдайларда күтіп-ұстаушы мекеме жол бойы мониторинг жұмыстарын жүргізіп, күнделікті ауа-райы болжамын ескеріп, қауіпті деген жол учаскелеріне қар тазалайтын техникаларын жақын орналастыруы керек екенін ескертті.

Сондай-ақ, жолаушылар тасымалдау көліктерінің жолға шығу жағдайларын және қыстық дизель отынымен қамтамасыз етілгенін қатаң бақылауға алуды, жол бойы орналасқан жылыту бекеттерінің үздіксіз жұмыс жасауларын қамтамасыз етуді, жолдың жабылғаны жөніндегі дабылды ескерту алысымен, санатына қарамастан көлік құралдарының жолға шығуына қатаң түрде шектеу қоюды, 2020-2021 жылдың күз және қыс айларында облыстық және аудандық маңыздағы жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында көктайғаққа қарсы материалдар, жанар-жағар май қорларын жасақтауды тапсырды.