Жоғарғы соттың судьясы Ирина Калашникова ел судьяларының VIII съезіне қатысушылардың назарына судьяларға арналған екі жинақты ұсынды. Бұл жинақтар биыл Жоғарғы сот пен америкалық заңгерлер қауымдастығының құқық үстемдігі бастамасы аясында дайындалыпты. Жиында сөз алған И.Калашникова зияткерлік меншік саласындағы қазіргі заманғы құқықтық қатынастарды көптеген заңнамалық және нормативтік құқықтық актілермен, соның ішінде халықаралық құқық нормаларымен және іскерлік айналым дағдыларымен регламенттелген күрделі және көп қырлы сала деп атады. Осы дауларды қарау, олар бойынша шешім қабылдау белгілі бір қиындық тудырады.
Өткен жылы аталған ынтымақтастық шеңберінде қазақстандық судьялар зияткерлік меншік саласындағы, соның ішінде инвесторлардың құқықтарына қатысты дауларды шешу жөніндегі халықаралық тәжірибені зерделеу мақсатында АҚШ-тағы соттарда болды. Соның нәтижесінде біз тілге тиек етіп отырған осы екі жинақ әзірленіпті. Біріншісі – Қазақстан зияткерлік меншікті қорғау бойынша сот істерін қарау жөніндегі әдістемелік ұсынымдар жинағы. Оны И.Калашникова және Dentons фирмасының заңгері Наталья Шаповалова әзірледі. Онда талап қою түрлері, талап-арызға қоса берілетін құжаттар тізбесі, даулардың ведомстволығы мен соттылығының ерекшеліктері келтіріледі. Сонымен қатар жинақта тараптар мен заңның құқықтық қатынастарын, анықталатын және дәлелденетін фактілерді, тікелей дәлелдемелерді анықтау мәселесі баяндалады. Авторлық құқық және тауар белгілерін қорғау саласындағы даулар бойынша сот ісін жүргізудің ерекшеліктері көрсетілген. Жинақта құжаттар мен сот актілерінің үлгілері бар. Екіншісі – зияткерлік меншікті қорғау туралы даулар бойынша сот шешімдерін құрастырудың көмекші құралы. Басылымды «Dentons» фирмасының аға заңгері Әлия Сейітова дайындап отыр. Нұсқаулықта шешімдер шығару, тараптардың құқықтық қатынастарын және нақты дауды шешуде қолданылатын құқық нормаларын анықтау бойынша ұсыныстар келтіріледі.
Екі жинақ та Жоғарғы сотта мақұлданды. Облыстық соттарға жіберілді. Сондай-ақ бұл жинақтар электронды форматта да қолжетімді. И.Калашникованың айтуынша, бұл жинақтар судьялардың қызметінде пайдалы болатын көрінеді және дауларды сапалы шешуге, материалдық құқықтық нормаларды тиісті түрде қолдануға, тұрақты сот тәжірибесін қалыптастыруға ықпал етеді.