Аймақтар • 10 Қараша, 2020

Өткен күннен бір белгі

402 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Зардабы әлі толық жойыла қоймаған Екінші дүние­жүзілік соғыста қол­да­нылған қару-жарақ­тар көп кездеспейді. Дегенмен өткен күннің ұмы­тылмас бел­гісіне айналған қару­дың бірі облыстық тарихи-өл­кетану музейінің қорында сақтаулы тұр. Бұл – әйгілі «Максим» пулеметі.

Өткен күннен бір белгі

Тарихи дерекке сүйенсек, бұл қаруды британдық өнертапқыш Хайрем Стивенс Максим 1873 жы­лы ойлап тапқан екен. Бастап­қы кездегі салмағы – 240 кило, калибрі – 11,43 мм. Кейін­нен «Бердан» мылтық патро­ны­ның калибріне ауыстырылып, салмағы 64 килоға дейін же­ңілдеген. Осындай тарихы бар пулеметті музей қорына 1970 жылы «ДОСААФ» Гурьев облыс­тық спорттық атқыштар клубы тапсырыпты.

– «Максим» Екінші дүние­жүзілік соғыста кеңестік пуле­метшілердің басты қаруы болды. Оны соғыс кезінде, әсіресе артиллерияда, танктерде, бронды машиналарда, авиацияда ке­ңінен қолданды. Мәселен, Кеңес Одағының Батыры атан­ған қа­зақтың қайсар қызы Мән­шүк Мәметова осы пулеметпен жауға қарсы минутына 600 оқ жаудырған, – дейді музей қызметкерлері.

 

Атырау облысы