Оқиға • 10 Қараша, 2020

Су қоймасының қауіпсіздігі ұдайы қадағаланады

470 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қаласы мен оған жақын орналасқан Аршалы, Арнасай, Шөптікөл, Ижевский сияқты елді мекендерді сумен қамтамасыз ететін Астана су қоймасының сыйымдылығы 410,90 млн текше метрді құрайды. Бұл су қоймасының көктемде арнасынан асып, айналасына қауіп төндірмеуі үшін қауіпсіздік мәселесі – ұдайы бақылауда.

Су қоймасының қауіпсіздігі ұдайы қадағаланады

«Қазсушар» МКМ Ақмола облыстық филиалының директоры Уәли Дәлі аталған су қоймасын тілшілерге таныстырып, оның алдағы көктемгі су тасқыны кезеңіне дайын екенін мәлімдеді. Дегенмен тиісті шараларды талап ететін мәселелер де баршылық екен.

«Есіл өзенінде орналасқан Астана су қоймасы 1970 жылы салынған. Су өткізу қуаты – секундына 1910 текше метр. Қазір 328 млн текше метр су жинадық, яғни 80%-ға толған. Пайдалануға берілгеніне 50 жыл болды десек, су қоймасы үшін бұл – көп уақыт. Жібек жолы ауылы мен 42-разъезд аумағындағы Есіл өзені арнасының су өткізу қуаты едәуір төмендеп кетті. Бұған уақытша салынған құбырлы өт­келдер мен судың балдырларға толып кетуі себеп. Сондықтан жергілікті атқарушы орган өзен арнасын тазалап, ауылдардың айналасына бөгет салуы керек», деді У.Дәлі.

Су тасқыны кезеңіндегі төтенше жағдайлардың алдын алу үшін Қазсушардың Ақ­мола облыстық филиалы жыл сайын «Қазгидрометтің» берген мәліметтері бойынша Есіл бассейндік су инспекциясының бекітуімен қалаға су жіберудің болжамды кестесін жасайды. Бұл Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігімен келісіледі.

«Күн сайын су көлемін есептеп отырамыз. «Астана су арнасы» мекемесі Нұр-Сұлтан қаласы үшін жылына 80-90 млн текше метр көлемінде су алады. Ал Аршалы ауданындағы бірнеше ауылға айына 40 мың текше метр су беріледі. Сонымен қатар елордадағы Есіл өзенінің деңгейін ұстап тұру үшін сани­тарлық су жібереміз», деді филиал басшысы.

«Қазсушар» РКМ Ақмола облыстық филиалы балансында 7 су қоймасы бар. Олар – Астана, Есіл, Сілеті, Чаглинское және Подлесненское су қоймалары. Елорданы су тасқынынан қорғау үшін 2010 жылы қорғаныс бөгеті салынған.