«ТОБЖ технологиясын қолдана отырып Қазақстан Республикасының ауылдық елді мекендері кең жолақты интернетпен қамту» республикалық жобасына сәйкес, Әулиеата өңіріндегі жоспарланған 72 ауылдың 67-сіне талшықты-оптикалық байланыс желілері тартылды. Компанияның баспасөз қызметі хабарлағандай, жоспарланған 223 мемлекеттік мекеме мен бюджеттік ұйымдардың 204-і жоғары жылдамдықты интернетке қосылды.
Жамбыл облысына тартылатын талшықты-оптикалық байланыс желілерінің жалпы ұзындығы 912 шақырымға тең. Жобаны жүзеге асыру арқылы облыстың 10 ауданындағы шалғай ауылдар жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етіледі.
– Бүгінгі таңда Қордай өңірінің Үлкенсұлутөр, Сұлуторы, Қалғұты ауылдарында, сондай-ақ Байзақ ауданының Құмжота және Үлгілі ауылдарында жұмыс аяқталуға жақын қалды. Қараша айының соңына дейін осы ауылдардағы қалған 19 мемлекеттік орган талшықты-оптикалық байланыс желілеріне қосылады. Бұл өңірлер тау-тасты болып келеді, сол себепті жер бедері жұмысты әжептеуір қиындатты. Мысалы, Қордай өңірінде талшықты-оптикалық байланыс желілерінің құрылысы таудың бойымен өтеді. Бірақ қиындықтарға қарамастан, жобаны белгіленген мерзімде аяқтаймыз, – дейді «Қазақтелеком» АҚ Оңтүстік аймақтық телекоммуникация дирекциясы Жамбыл МТБТ желілік-техникалық бөлімінің бастығы Шайхислам Қарақұлов.
Байзақ ауданы – облыс орталығына жақын орналасқан, бірақ осыған дейін мұнда интернет сапасы сын көтермейтін. Мадимар ауылы Байзақ ауданының шалғай жатқан ауылдарының бірі, бүгінде мұнда 2002 тұрғын тіркелген. Ауылда мектеп, әкімдік, дәрігерлік амбулатория бар. ТОБЖ тартылғанға дейін бұл ұйымдар магистральдық телекоммуникациялық хабтарға жылдамдығы төмен радиорельелік байланыс желілері арқылы қосылып келген. Бұл технологияның мемлекеттік органдарға жоғары жылдамдықты байланыс беруде мүмкіндігі тым шектеулі еді. Бүгінгі таңда кең жолақты интернетке қол жеткізген ауыл өмір сапасының да айтарлықтай артты. Мысалы, Шоқан Уәлиханов атындағы ауыл мектебінде жоғары жылдамдықты интернет қосқаннан бері мұғалімдер мардымсыз байланысты ұмытып, білім беру жүйесінің электронды платформаларын емін-еркін пайдалануға көшті. Осы мектеп директорының міндетін атқарушы Жақсылық Тайшыбековтің айтуынша, пандемияның білім саласына енгізген өзгерістері кезінде ауылдық мектептер әсіресе жүйрік интернетке зәру болды.
– Оқу жылы басталар кезде мектебімізге жоғары жылдамдықты интернет келді. Бұл өте уақтылы жасалған шаруа болды, өйткені биылғы оқу маусымында бастауыш сыныптардан басқасы, оқу жылын қашықтан оқып жатыр. Бүгінде біздің мұғалімдер қалалықтармен теңесіп, өз жұмысында «Күнделік», Daryn.online, Bilimland.kz сияқты платформаларды пайдалануда, бұл оқу процесін әлдеқайда тартымды әрі тиімді етті, – деді Жақсылық Тайшыбеков.
Мадимар ауылының дәрігерлік амбулаториясы да кең жолақты интернетке қосылды, дәрігерлер мен мамандар медициналық ақпараттық жүйелерге қол жеткізіп, қағазсыз құжат айналымына ауысуда, сонымен қатар телемедицина арқылы медициналық ақпарат алу мүмкіндігі туды. Учаскелік медбике Жанар Әбілдаева пациенттер туралы мәліметтерді электронды медициналық картаға енгізу және дәрігерлердің қабылдауына жазудың қаншалықты ыңғайлы әрі жылдам болғанын атап өтті.
ТОБЖ жобасы мемлекеттік органдар үшін де мол мүмкіндіктерге жол ашты. Жергілікті тұрғындарға мемлекеттік қызметтерді жедел жүргізу мүмкін болды. Мәселен, Ынтымақ ауылдық округі әкімінің аппаратында сегіз компьютер «оптикаға» қосылған.
Тұрақты әрі жылдам интернеттің арқасында қызметкерлер e-gov, e-Halyk, E-Kyzmet ақпараттық жүйелерін, бірыңғай мұрағатты пайдаланады. Халыққа өзін-өзі қызмет ету бұрышы ұйымдастырылды, мұнда ауыл тұрғындары 28-ге жуық сертификаттарды дербес ала алады, бұл уақыт пен ресурстарды үнемдеуге өте ыңғайлы.
«Оптикаға» қосылу нүктелерінің көбеюі келешекте «250+» жобасы аясында ауылдық жерлерде 3G / 4G ұялы байланысының мобильді желілерін дамытуға мүмкіндік береді, бұл шалғай ауылдардың тұрғындарына кең жолақты мобильді Интернетке қол жеткізуге жол ашады.