Оқиға • 10 Қараша, 2020

Жалғыз жортқан жолаушы қос өңірдегі киелі мекендердің арасын велосипедпен жүріп өтті

1517 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жақында Атыраумен қоңсы қонған Маңғыстаудың Бейнеу ауданында тұратын Раббым Борашев Оғландыдан Ақмешітке дейін жол талғамайтын жүрдек көлікпен емес, қазақы ұғымға шайтанарба атауымен сіңген қос дөңгелекті велосипедпен жүріп өтті. Ойлы-қырлы, төбе-адыры көп дала жолымен жалғыз жортқан жолаушыны да, кең жазиралы қазақ елінің әр қиырындағы, жұмыр жердің әр түкпіріндегі өзге дінді жаһан жұртшылығын да ерекше қызықтырған Оғланды қандай жер? Аптап ыстықта да самал жел есіп тұратын Ақмешіт ше? Қос мекенді бір-бірімен не байланыстырады?

Жалғыз жортқан жолаушы қос өңірдегі киелі мекендердің арасын велосипедпен жүріп өтті

Ақмешіт – Атыраудағы киелі мекен­нің бірі. Мұнда есті қариялардан жет­кен аңызға бергісіз әңгімелердің ар­қауына айналып, бір басына бірнеше ға­жайып қасиет қонған Бекет ата Мыр­за­ғұлұының кіндік қаны тамған. Жем өзенінің жағасындағы биік төбенің үс­тінде орналасқан мекенде оның атасы, әкесі мен анасы, ұлы жерленген. Ал Маңғыстаудың Оғландысы – Бекет атаның мәңгілік тыныстаған мекені.

Қос өңірдегі киелі мекеннің екеуі де Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында басымдық берілген Қазақстандағы киелі жерлер географиясының картасына енді. Қазір Оғландыда да, Ақмешітте де та­биғи газ, жарық пен су бар. Екеуіне де ел-жұртын берекеге бастар бірлік пен жүрекке иман ұялатар имандылыққа үндеген ағартушы, алдағы күнді дәл болжаған көреген әрі абыз, аруағынан медет тілеген жанды жебеген әулие, жер астынан бірнеше мешітті қашап салған сәулеткер Бекет атаның ғажайып қасиеттерімен тереңірек танысуға келу­ші көп.

– Алғаш рет Бекет ата жайлы сегіз жа­сымда әкемнен естіген едім. Со­дан бері есте жоқ ескі заманның сан қат­парлы шежіресінен сыр тиегін ағыт­қан қариялардың әңгімесіне құ­лақ түріп келемін. Оның үстіне биыл Бекет атаның туғанына 270 жыл тол­ды. Осының бәрін ой елегінен өткі­зіп, Оғландыдан Ақмешітке дейінгі ара­лықты велосипедпен жүріп өтуді ұйғар­дым. Осы ниетіме отбасым қолдау білдірді, – дейді бізбен әңгімесінде Раббым Борашев. – Мақсатым – қазақ елінің киелі жерлерін жас ұрпаққа кеңі­нен насихаттау. Бір мезгіл сары да­ланың саф ауасымен терең тыныс­тап, жастарға саламатты өмір салтын ұстанудың денсаулық үшін маңызды екенін ұғындыру.

Оның айтуынша, бұдан бұрын Бей­неуден Шалқар стансасына велосипедпен барған екен. Сол кезде отбасына ескертпей, алыс жолға шығыпты. Жаңадан тартылған темір жол бойын­да қайнаған қызу тірлікті көріп, бұл бағыт­тың мұнайлы түбек атан­ған Маң­­­ғыстау үшін маңызды жоба бол­ға­нына көз жеткізіпті. Қазір Маңғыс­тау­дан қатынайтын жолаушылар пойы­зы аталған темір жол арқылы Алматы шаһарына екі күнде жетеді.

– Шалқарға жүрдек автокөлікпен баруға болатын еді. Сондай автокөлікке мінсең, барар жеріңе тез жетуге асыға­сың ғой. Алайда автокөлікті емес, велосипедті таңдадым. Өйткені көлік­тің бұл түрімен асықпай жүргенде, ту­ған жердің қасиетін сезінесің, тыны­сың кеңиді. Бейнеуден велосипедпен шығып, Шалқарға дейін алты күн жүр­­­дім. Темір жол бойындағы елді ме­кен­­­дердің тұрмысымен танысып, маң­­дай терімен тапқан нанның дәмі тәт­ті болатынын еңбегімен дәлелдеп жүр­­ген қазақ жастарымен кездестім. Бұл темір жолдың бойында 3000-дай жас еңбек етеді. Бәрі де – тәуелсіздік таңы атқаннан кейінгі жылдары өмір­ге келген талапты өрендер. Бәрі де ері­нуді білмейді, жұмысын ерекше құл­шы­­­ныспен істейді. Тәуелсіз елімнің ертеңі жарқын екеніне сенген жалынды жастардың еңбекқорлығына тәнті бол­дым. Жүрдек автокөлікпен жүрсем, мұның бәрін көрмеуім мүмкін еді, – деп тебі­ренді алғашқы жорығы туралы Раб­бым Борашев.

Ал биылғы Көрісу күні қарсаңында Бейнеуден Тәженге, одан Отпантауға дейін жол жүріпті. Шартарапты шарла­ған қауіпті індеттің таралуы сапарын тоқтатуға әсер етті. Бірақ арада айлар өткенде ойға алған мақсатын іске асы­руға қайта кірісті.

– Бұл жолғы сапарымды Сай-Өтес стансасынан бастауды жөн көрдім. Мұның өзіндік себебі бар. Әкем – теміржолшы болған адам. Жұмыс бабымен Сай-Өтесте де, №10 бекетте де тұрды. Балалық шағым өткен ауылдар ыстық қой. Әлі күнге сағынып жүремін, – дейді шыбықты ат қылып мініп, алаң­­сыз ойнаған балдәурен күндерін ес­ке алып, бір сәт үнсіз қалған Раббым Бо­рашев.

Бұдан соң алғашқы тоқтаған нүктесі – №11 бекет. Одан әрі Тобықты аталатын жердегі Бекет атаның төртінші мешітіне маңдай тіреді. Мешіт қайта жаң­ғыртылып, жарық, табиғи газ желі­лері тартылды. Су да бар.

– Жол бойында әрі батыр, әрі би Бердалының тамына да тоқтадым. Ел ішінде ерекше танылған дарын иесі Сүгір жыраудың туған мекені – Өгіз-Өреуілді де көрдім. Оның әкесі Бегендік – екі рет Меккеге қажылыққа барған адам, – дейді өзі тоқтаған жерлердің тари­хынан сыр ақтарған жолаушы. – Қазір мұнда төрт-бес отбасы мал бағып отыр. Ал Қызылсу ауылында Ораз­мағанбет ахунның кіндік қаны там­ған ғой. Оның әкесі де, өзі де ахун атан­ған. Кейін геология саласында жұ­мыс істеп, «халық жауы» атаныпты. Иран жеріне жасырынуына тура келіпті. Алайда тыңшылар оны алдап-арбап, қолға түсіріп, ату жазасына ке­сіп жіберген. Елден кетерінде құнды кітап­тарды үңгірге жасырып үлгеріпті. Елу­ден астам кітабы табылғаннан соң Маң­ғыстау өңірінде мұнай бұрқағының тығыны ағытылды деген әңгіме бар. Шопан ата қорымының да шежірелі тарихы тым тереңде жатыр.

Міне, Үстірт сілеміндегі Оғландыға жет­кенге дейін бірнеше киелі мекенге тоқтап, елдің, жердің тарихынан сыр ше­ртетін осындай құнды деректерді көңі­ліне тағы бір рет түйді. Бекет ата мәңгілік тыныстаған киелі мекеннен Ақ­мешітке дейінгі сапарында жары Айзада мен інісінің баласы көлікпен ере шығыпты.

– Отбасым бұл жолы мені жалғыз жібер­гісі келмеді. Жасымның үлкей­генін алға тартты. Бірақ олар менің са­па­­рыма кедергі келтірген жоқ. Алға озып кетіп, жолдан күтіп алды. Қан қы­сы­мымды өлшеп, жүрегімнің соғы­сын тыңдап, ас-суымды әзірлеп отырды, – деп күледі ол.

Енді жапан даламен жалғыз жортып жүрген жолаушы Шығыс өңіріне сапарлауды ойластырып отыр. Студенттік жыл­дары өткен Өскемен қаласына бар­ғысы келеді. Кезінде осындағы Жол құрылысы институтының архитектура факультетінде жоғары білім алған. Қазір Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты ретінде мұнайлы түбектің әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне үлесін қосып жүр.

– Біздің елімізде киелі мекен де, қас­т­ер тұтатын тарихи қалалар да, өңірлер де көп. Соның бірі – Алаш туы тігілген Семей қаласы. Адамзаттың ұлы ойшылы Абайдың, Шәкәрім мен Мұхтардың, өзге де тарихи тұлғалардың кіндік қаны тамған өңірлер мен қалаларға велосипедпен баруды көздедім. Дәл қазір қашан жолға шығарымды айта алмаймын. Бірақ бұл мақсатымның орындаларына сенемін, – дейді алыс жолға көз тіккен Раббым Борашев.  

Жортқанда жолыңыз болсын, жолау­шы!

 

Атырау облысы,

Жылыой ауданы