Руханият • 10 Қараша, 2020

Бату ханның алтын арғымақтары

1265 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Әлем тарихында қызықты оқиғалар көп. Соның бірі – Алтын Орда билеушісі, хандықтың территориясын Ертістен Дунайға дейін кеңейтіп, ұлан-ғайыр өлкеге билік жүргізген Бату (Батый) ханның «Алтын арғымақтары» жайлы аңыз.

Бату ханның алтын арғымақтары

Тарихтан білеміз, Бату қаған 1250 жылы өзінің құдіретін күллі әлемге әйгілеу үшін алтынмен апталған, кү­міс­пен күптелген сән-салтанатты қала тұрғызады. Бұл шаһар кейін «Сарай Бату» деп аталды. Қазақша айтқанда Бату ханның сарайы. Қала Алтын Орданың алғашқы астанасы ретінде тарихта қалды. Ұлы хан осы жауһар ордасының алдына биіктігі 2 метр болатын қос алтын арғымақ мүсінін тұрғызғаны жайлы дерек бар.

Бұл оқиға жайлы К.Хеллердің «Золотая орда и торговля с Западом» атты еңбегінде және 2006 жылы Ұлан­батыр қаласында жарық көрген зерт­теуші Ч.Чойсамбаның «Бату хан жо­рық­тары», моңғолиялық тарихшы С.Цолмонның «Алтын Орда ұлысы» (Ұлан­батыр қаласы, «ADMON» баспасы, 2006) еңбектерінде айтылған екен.

Жоғарыдағы Бату ордасының ірге тепкен орны жайлы археологтер – бүгінгі Ресей Федерациясы Астрахань об­лысы орталығынан тіке солтүстік бағыт­та 100 шақырым жердегі Ахтуба өзе­нінің шығыс жақ жағасы деген тоқ­там жасаған.

Кезінде Сарай (Сарай-Бату) керемет көркем, қазіргі тілмен айтқанда коммуникациясы толық шешімін тапқан қала болыпты. Э.С.Кульпиннің 1998 жы­лы жарық көрген «Золотая Орда» кіта­бында бұл қалада 75 мыңнан 175 мыңға дейін халық тұрғаны жайлы айтылады. Көшелерінің кеңдігі – 7-8 метр. Қа­ла­ның ортасында таза су құбыры тар­тылған, арам су ағатын бөлек каналы бар, ер мен әйел дәретханалары бөлек-бөлек... Сол тұста мұндай халқы көп мә­дениетті қала Еуропаның өзінде бола қой­маған. Көне тарихтың көгін сөгіп көр­сеңіз, ХІІІ ғасырда Римде 35 мың, Парижде 40 мың адам өмір сүргені жайлы дерек бар.

Жоғарыдағы «Алтын арғымақтар» туралы аңызда осы қос атты жасау үшін 15 тонна алтын жұмсалған дейді. Бірақ жылқылар мүсіні сом алтыннан бітеу құйылды ма, әлде іші қуыс болды ма, ол жағы белгісіз. Кейбір зерттеушілер сол тұста Киев қаласының сом алтын­нан құйылған шіркеу қоңырауы түркі-моңғол әскерінің қолына түскен, кейін бұл қоңырау екі алтын арғымаққа ай­нал­ған шығар деген пайым айтыпты.

Екінші бір аңыз-деректе: «Бату әуелі сарайының алдына бір дана алтын арғымақтың мүсінін соқтырған. Онысы көз тартарлық керемет бол­ған­дықтан, кешікпей екіншісін де жа­сатқан» десе, француз саяхатшысы Гильом де Рубрук өзінің естелігінде «Алыстан қарағанда күн сәулесіне шағылысып, көз тойғысыз сәнімен адам баласын таңдандыратын алтын ар­ғымақтардың мінсіз мүсіні шынында керемет. Осыны жасау үшін қан­шалықты алтын жұмсалғанын ой­лаудың өзі қорқынышты» деп жазған кө­рінеді.

1255 жылы Бату өлген соң хан та­ғына отырған інісі Берке өз атына жаңадан «Сарай-Берке» атты қала (Волгоград облысы, қазіргі Царев қа­ла­шығының маңы) тұрғызып, екі ал­тын атты хан ордасының алдына алып барып қойған дейді. Содан бас­тап алтын аттар 100 жыл бойы Тоқ­тамыс билікке келгенге дейін тапжылмай тұрған. Арғымақтардың кейінгі тағдыры жайлы аңыз көп. Соның бі­рінде Куликов шайқасында (1379 ж) орыс князьдарынан жеңілген Мамай хан Қырымға қарай ығысқанда алып кеткен дейді.

Бір нұсқада қос арғымақ Сарай-Бер­ке қаласы тұрған жерде терең апан болған, сонда жасырылған дейді. Осы нұсқа негізінде қала орнына ұзақ жыл барлау жұмыстары жүргізілген. Әзірге алтын аттарды тапқан ешкім жоқ.

Тағы бір аңызда Мамайды жерлегенде бір атты қоса көмген дейді. Бұл аңызға сенген орыс ағайындар күні бүгінге дейін Мамайдың зиратын іздеумен келеді. Бір деректе, «Мамай Ахтуба өзені жағасына жерлеген» делінсе, ке­лесі біреулерінде Мамайдың жамбасы тиген жер Қырым даласы делінуде. 1995 жылы ескі Қырым қонысына қаз­ба жұмысын жүргізген археологтер уақыттық тұрғыдан ХІІІ ғасырдың ал­ғашқы жартысына жататын Алтын Ор­даның ықпалды тұлғаларының бірінің зиратын тапты. Мүрдені зерттеген антро­пологтер оның 50 жас шамасында, бойының биіктігі 1,5 метр екенін анық­тады. Бірақ алтын ат жоқ.

Енді біреулер нақты құжатқа негіз­делген дерек «Мамай қайтыс болды де­ген хабар алған Тоқтамыс оны жерлегенде өзі барып топырақ салды» дегенге сүйеніп, олай болса алтын аттың бірін онымен бірге жерлеуі әбден мүм­кін дегенді алға тартады.

Ендеше алтын аттың бірі Мамаймен бір­ге көмілді дейік, екіншісі қайда? Осы сұрақ бүгінгі дейін көп адамды қызық­тырып келді. Ертеден келе жатқан аңыз-деректе, мұздай қаруланған бір топ бүлікті казак қарақшылары ойда жоқ­та қамсыз жатқан Сарай-Беркені шап­қан дейді. Мақсаты алтын атты олжалау. Бірақ екі жақтың жойқын тартысы кезінде аттар жоғалған. Қарақшы казактар алмағаны анық. Біреулер оны Еділ дариясына ағызып жіберген десе, екінші топ «олай емес, абыр-сабыр кезінде ұрланған» деп жүр.

Қалай десекте, әлемді аузына қа­ра­тып отырған алтынордалықтар қолы­нан алтын атты тартып алу екінің бі­рі­нің қолынан келетін шаруа емес. Ол тұста ордаға шабуыл жасау деген ба­сыңа өлім тілегенмен бірдей. Демек «алтын аттарды қарақшы казак жасағы алып кетуі мүмкін емес» деген пайым айтады барлық тарихшылар.

Соңғы жылдары бұл аттар Дон да­риясының табанына көмілген немесе терең қазылған апанға жасырылған деген нұсқалар айтылып жүр. Тағы бір бол­жам: 1391-1395 жылдары Сарайды ақсақ Темір шапқанда алтын аттар жо­ғалған дейді. Бірақ бұл деректі мойын­дамайтындар өте көп. Демек алтын аттар қайда? Олардың тарихта болғаны таң атып, күн шыққандай шындық.

Ресейдің маман археологтері, одан қал­ды ерте дәуір һәм ортағасырлық оба-қабір тонаушылар түгелдей дер­лік ұзақ уақыт осы алтын аттарды іздеу­мен әлек. Әлі іздеп де жүр. Бұлар Ресей Федерациясының Волгоград об­лысының территориясына және Украинаның Қырым жеріне күні бүгінге дейін барлау-іздеу әрекетін тоқ­татқан жоқ.

Іздеушілер Волгоград қаласының аңызы – «Мамай қорғанын» негізгі нысана деп қарайды. Бұл төбеде «атақ­ты Алтын Орда билеушісі Мамай жер­ленгені» жайлы аңыз да бар. Алтын атты іздеушілер осы дерекке сүйенетін тәрізді. Орыстар бұл төбені қазудай-ақ қазды. Бірақ Ұлы Отан соғысы кезінде пайда болған зираттардан басқа ештеме іліктіре алған жоқ.

Тіпті соңғы кезде баспасөз беттерін­де Ресей мен Украина арасындағы Қы­рым үшін тартыс осы алтын аттарға қатысты болуы мүмкін деген сөздер де еміс-еміс айтылып жүр. Алып алтын кім­ді қызықтырмайды.

1990 жылы ресейлік жазушы Сергей Алек­сеев өзі жазған «Сокровища Валь­кирии» атты романында КСРО-ның қауіпсіздігін қорғау саласының арнайы тобы 1960 жылы алтын аттарды та­уып алғаны жайлы жазыпты. Бұл оқиға жоғарыдағы аңыз-деректерге май тамызып жібергендей әсер етті. Бұған сенушілер көп.

Бұл жерде бір ғана ақиқат бар. Алтын арғымақтардың болғаны шын­дық. Олар қайда кетті, кім алды, әл­де әлі күнге дейін жасырулы жатыр ма? Алтын аттарды іздеушілерді толған­дырып жүрген сұрақ осы.