Руханият • 10 Қараша, 2020

Тыл ардагерлері тасада қала бере ме?

2562 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бүгінде жастары тоқсаннан әлдеқайда асып кеткен, кейін­гілерінің өзі сексеннің бесеуіне арқа сүйеген аға ұрпақ өкілдері Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде тылдағы ауыр жұмыстардың бел ортасында болғанына ешкім талас туғыза алмайды.

Тыл ардагерлері тасада қала бере ме?

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

1941 жылдың 22 маусымы күні фашистік Германия КСРО-ға басып кірген кезде олардың алды 14-15 жас­та болса, соғыс аяқ­тал­ғанда 18 жасқа келіпті. Міне, осы сұм соғыс балалық шағын ұр­лап, ерте есейіп, еңбекке ерте араласқан буын бүгінгі күні «тыл ардагері» деген мәртебеге өте лайықты екені дәлелдеуді қажет ет­пейді. Қазіргі кезде соғысқа қаты­сушылармен қатар, олардың ізін баса өкшелес дүниеге келген тыл ардагерлерінің де қатары күн сайын селдіреп, азайып барады. Оларға тыл­дағы иықтары қайы­сып, бел­дері майысып жасаған ауыр жұмыстары үшін орден-медальдар берілмеген. Тіпті, оны аламын деу үш ұйық­таса түс­теріне кірмегені анық. Рас, ол жылдары тылда еңбек еткен ересектердің арасында КСРО-ның марапаттарына ие болғандар да бар еді. Әйтсе де биылғы 2020 жылдың 6 мамыры күні «Ардагерлер туралы» заң күшіне енген кезде олардың өмірден өтіп кеткеніне біраз жыл болған-ды. Сондықтан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әзірлеген о бас­тағы заң  жобасының бабында: «тыл­дағы еңбегі үшін КСРО-ның ор­ден-медаль­дарымен мара­пат­талған ең­бек ардагерінің санатына жа­тады» деп көрсетудің де еш­қандай қисыны жоқ еді. Ең болмағанда осы баптағы ең­бек деген сөзді тыл деген атаумен алмастырғанда шындыққа біртабан жақындар еді.

Заң бойынша 1941 жылдың 22 маусымы мен 1945 жылдың 9 мамырына дейін алты ай жұ­мыс істегендер де еңбек арда­герінің санатына енгізілген. Бұл да еңбек деп емес, тыл деп жазы­луы қажет еді дейді бір топ батысқазақстандық тыл ар­да­гері. Алдымыз 94-ке, соңы­мыз 85-ке келген 4 жыл­ға созылған соғыс ке­зінде 6 ай емес, осыншама уа­қыт бойы тылда жұмыс іс­те­сек те, жалпылама еңбек ар­да­герлерінің қатарында кете беріп­піз.

Тұтастай алғанда, тыл ар­да­­герлері «еңбек ардагері» де­лінген тіркестің тасасында қала беріпті. Сондай-ақ атал­ған заңда тыл арда­гері деген бірауыз сөздің атал­ма­ғаны қалай? Мәселен, биылғы 2020 жылы 63 жасқа толып, зейнетке шыққандар да ең­бек ардагері деп саналады. Олар­дың әкесіндей, тіпті бұдан да үлкен біздер де тыл емес, бар болғаны еңбек ар­дагері екенбіз. Үлкенді-кішілі ардагерлердің бәрін бұ­лайша бір санатқа кір­гізу әділеттілікке жатпайды дей­ді жастары тоқсанның  о жақ, бұл жағындағы есімдері елге елеулі Жайсан Ақбаев, Сайын Айт­қалиев, Асқар Атаев, Әділ­ғазы Нұрғалиев және Ғазиз Хаймул­дин сынды Ақжайықтың ардақты ақсақалдары.

Бұл тұрғыда олар алдағы уа­қытта «Ардагерлер туралы» заңға тиісті өзгертулер мен толық­ты­рулар енгізіліп, оған: «1941-1945 жылдары еңбек еткен тыл арда­гер­лері» деген арнайы санат енгі­зілуі қажет деп есептейді. Әрі оны бүкіл еліміздегі 100 мыңға жуық тыл ардагерінің ортақ тілегі деп санайды. Сөз жоқ, дәл солай екеніне де шек келтіру қиын. Сөйтіп олар өз ұсыныс-тілек­терін республиканың Ең­бек және халықты әлеуметтік қор­ғау министрі Біржан Нұрымбе­товтің атына жолдаған екен. 2020 жылғы 15 мамырдағы №21-10/ВҚ-ЖТ-А-1658//ВҚ-ЖТ-­А-9062,1 санды жауап хатына көңіл­дері толмағанын ашық жеткізді. Әрі оның мә­тінімен бізді таныстыра кету­ді де жөн кө­ріпті. Бұл тұрғыда айтарымыз Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік ор­­ган бас­шыла­рының хат ие­лері­­не қайтарған жауаптары мей­лінше ықшам, тұжырымды, қара­пайым, етек-жеңі жинақы, ең басты­сы онымен танысатын же­ке тұл­ғаларға түсінікті бо­луын атап көрсеткені бел­гілі. Әйт­се де министр Б.Б.Нұрым­бе­тов­тің тыл ардагерлеріне қай­тарған жауап-хатында бұл талаптар белден басылғаны бірден бай­қалады. Тіпті сұ­рау салынған мә­селеге үш қай­наса сорпасы қосыл­майтын база­лық зейнетақы мөл­шерін қай­та есептеу мен индекстеу жөніндегі ұзын-шұбар баян­дау­лардың егжей-тегжейлі тәп­тіштелгені де көңілге қон­бай­ды.

Сөйтіп ол алты бетке дейін созылған сала-құлаш жауабын: «жоғарыда баяндалғанның не­гізінде жаңадан қабылданған заң­да тыл еңбеккерлерінің бар­лық әлеуметтік кепілдіктерін сақ­тай отырып, дербес санат­ бел­­гіленгенін хабарлай­мыз» деп тұжырымдапты. Бұл тұр­ғыда министрдің бұл жауа­­бы шындыққа сәйкес кел­мейтіні дәлелдеуді қажет етпейді. Өйт­­кені «Ардагерлер туралы»­ заңда нақты түрде атап көр­се­тілген әлеу­меттік тұр­ғы­дан қорғалатын 5 санатта «тыл ардагері» немесе Б.Нұ­рым­­бетов атап көрсет­кен­дей, «тыл­ еңбеккері» деген бір­ауыз­ сөз жоқ екен. Сонда қа­лай­ болғаны? Яғни жоғарыда айтыл­­­­ғандай тыл ардагері деген қауым еңбек ардагері деген санат­тың тасасында қалып қойып­ты.

Соған қарағанда бесіктен белі шықпай жатып, 4 жыл бойы тылдағы қиындық пен ауыр еңбектің азабын тарт­қан сол кездегі 6 мен 17 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдерге тыл арда­герлері немесе бұдан кейінгі кезектегі «соғыс балалары» деген мәртебелерді белгілеу алдағы күндердің еншісіне қалып отырғанын аңғару қиын емес секілді. Бүгінде бұ­лардың алды 94-95 жасқа жа­қындап қалғанын ескерсек, бұл мәселеде арқаны кеңге сала берудің де жөні жоқ екені анық.

Бұл бағытта басты жауап­кер­шілікті «Ардагерлер тура­лы» заң жобасын дайындаған Ең­бек және халықты әлеу­меттік қор­ғау министрлігі, бұ­ған қоса Мәжі­ліс пен Сенат депутаттары арқа­лайтыны хақ. Жоғарыда аты-жөндері атал­ған тыл ардагер­лерінің айтуынша, олар заң жобасын талқылау кезінде өз ұсыныс-тілек­терін жоғарғы жаққа жол­­дапты. Әйтсе де оның дені заңда көрініс таппай қалған.

Түйіп айтқанда,  «Ардагер­лер туралы» заң қабылданған биылғы 2020 жылдың 6 мамыры еліміздің әлеуметтік-экономикалық саласы үшін өте ауыр кезең болғаны, бұл кезде экономикалық өсім деңгейі төмендеп кеткені де атап өтуге тұрарлық фактор болса керек. Дегенмен қо­ғам­дық өмір бір орнында тұр­майтыны, ұдайы өзгеріс даму үстінде болатыны – табиғи жайт. Осы кезде тыл арда­герлерінің талап-тілектері де ес­керусіз қалмайтынына сенім мол демекпіз.

 

ОРАЛ