Әлемдегі ең танымал Coursera онлайн-оқыту платформасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен және Еңбек ресурстарын дамыту орталығымен бірлесіп, қазақстандықтар үшін тегін онлайн білім берудің ауқымды жобасын іске асыруда. Жоба 31 қазанға дейінгі мерзімге есептелген еді. Алайда жобаны ұйымдастырушылар арасында курстарға тіркелу мерзімін 2020 жылғы 14 желтоқсанға дейін және оқу мерзімін 2021 жылғы 15 ақпанға дейін өтеусіз негізде ұзарту туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Дағдыларды арттыру мақсатында тегін курстар ашылған сәттен бастап 57 мың өтінім берілген, соның ішінде 24 мыңнан аса қатысушы курстарға қатысып жатыр. Оқытудың ең танымал бағыттарының ішінде ІТ-технологиялар, бизнес курстары, тілдерді оқыту, жеке және мәдени даму, өнер, әлеуметтік ғылымдар бар. Қазақстандық білім алушылар арасындағы үздік 5 курс бұл – «Teach English Now! Technology Enriched Teaching», «Programming for Everybody», «Business English: Basics», «Python-ға ену», «Жобалар мен өнімдермен жұмыс жасаудағы Agile және Scrum».
IT-курстардың ішінде Python, бағдарламалау негіздері, Adobe Photoshop, HTML және CCS, Android, Big Data негіздері үлкен қызығушылық тудырды.
Ағылшын тілін үйрену барысында азаматтар оқыту әдістемелеріне, сөйлеу және іскерлік тілді меңгеру дағдыларын арттыруға, сондай-ақ грамматикаға баса мән береді.
Сонымен қатар қазақстандықтар корей тілін, жобалық менеджментті, SMM-ді, интернет-кәсіпкерлікті, суретке түсіру негіздерін, сөйлеу этикетін және басқа да танымдық курстарды оқуға ынталы болды.
Coursera білім беру платформасы GOOGLE, IBM, Facebook, Stanford University, Yale University, Johns Hopkins University, Princeton University сияқты әлемнің жетекші компаниялары мен университеттерінен 4 мыңнан аса тегін курстан өтуге бірегей мүмкіндік береді. Курстарды сәтті аяқтағаннан кейін білім алушылар сертификат алады.
Биыл 14 желтоқсанға дейін www.enbek.kz/ru/free-coursera Электрондық еңбек биржасы арқылы өтінім бергендер және www.coursera.org платформасында тіркелгенін растағандар үшін Coursera алаңында тегін оқыту курстары 2021 жылғы 15 ақпанға дейін қолжетімді.