Экономика • 10 Қараша, 2020

Таяқтың екі ұшы немесе тұйықтан шығар жол қайсы?

458 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қазақстандық кәсіпкерлер несиенің қымбаттығына жиі шағымданады. Ал Ұлт­тық банк базалық мөл­шерлемені төмендете ал­мау­дың себебі ретінде өн­­ді­­ріс­тің жоқтығын ал­ға тар­тып, бизнестің өзін кі­нә­лайды. Бірақ база­лық мөл­­шер­леменің жоға­ры­­лы­ғынан несие қымбат­тап, соның салдарынан өн­діріс­­тің аяғы тұсалуда.

Таяқтың екі ұшы немесе тұйықтан шығар жол қайсы?

Бизнесті қаржыландыру

Өндірістің оңалмауынан инфляция күшейіп, айналып келіп қайтадан база­лық мөлшерлемені өсіріп отыр. Эконо­миканы осы тұ­йық шеңберден алып шығуға мін­детті Үкіметтің ұзақ мерзімді стратегиялық жоспары жоқ. Қолдан бар келетіні – азық-түлік бағасын бақылау.

Бұл шеңберден шығу үшін не Ұлттық банк макроэко­но­ми­калық тәуекелге барып базалық мөлшер­лемені түсіруі, не банк­тер бизнеске несиені арзандатып беріп шығынға батуы керек. Я болмаса бизнес жаңа қар­жы көздерін табуға тиіс. Осы­ның ішінде ең оңайы және тиім­дісі – бизнеске ақша тауып беру.

Зерттеу институттары мен жеке­леген сарапшылар­дың бол­жамына сүйенсек, коро­надағдарыстың кері әсері­нен Қазақстандағы шағын және орта бизнес субъектілерінің орта­ша есеппен үштен бірі бан­­кротқа ұшырайды. Десе де, басқа-басқа шағын және орта бизнес банкрот болғаны үшін экономика тоқырайды деу­ге келмес. Бүгін банкрот бол­ған ша­ғын және орта бизнес күні ер­тең оңай қалпына ке­летіні бел­гілі. Қазір болмаса да, ер­тең нарықтағы бос орынды бас­­қа­лар толтырады. Мәселе шағын және орта бизнестің қал­пына келер-кел­месінде емес, айна­лымдағы ақ­шаны қайдан алатынында және ха­лық­тың сатып алу қабілетінің қан­ша­лықты қалпына келетінінде жатыр.

«Банктер шағын және орта бизнеске несие бермейді», «Банк несиесі тым қымбат». Бұл – кәсіпкерлердің тарапынан бизнесті ашуға және оны айналдыруға қатысты ең көп айтылатын шағымдар. Рас, банктер шағын және орта бизнеске оңайлықпен ақша бере қоймайды. Оның объективті себептері бар. Біріншіден, жалпы банк атаулы шағын және орта бизнеске ақша салуға тым сақ қарайды. Бұл біздің елге ғана тән емес. Өйткені шағын және орта бизнес ұзақ мерзімді өлшемде тым тұрақсыз.

Шағын және орта бизнестің басты ерекшелігі де осы. Жыл өтпей банкрот болуы да қалып­ты құбылыс. Сондықтан банк­тер ірі, әсіресе белгілі бір дең­гей­де кепілдігі бар жобалар­ға қа­ра­­жат салады немесе жеке тұл­­ға­ларға тұтынушылық, тауар­­­лық, ипотекалық, авто не­сие­лер ұсынады. Айналып кел­­генде, осының өзі бизнесті қар­­жы­­ландыру емес пе? Сон­дық­­тан шағын және орта бизнес әу бастан, табиғатынан жеке тұл­ғалардың қаражатына сүйенеді.

Ұлттық банктің мәліметінше, 2020 жылғы қыркүйекте заңды тұлға­ларға ұлттық валютамен бе­рілген несиелер бойынша ор­таша алынған сыйақы мөлшер­лемесі 12,1% болған. Былтырғы қы­р­­күйекте көрсеткіш 11,7% бол­­ған еді. Есесіне жеке тұл­ға­лар­­ға берілген несиелер бойын­ша орташа сыйақы мөл­шер­леме­сі былтырғы 18,4%-дан биыл қыр­күйек­те 17,3%-ға түсті. Биз­неске беріле­тін несие­нің қым­баттауын дағдарыс­пен бай­­ланыс­тыруға болады. Ал жеке тұлға­лар үшін пайыз­дың төмендеуі ең алдымен осы нарықтың банктер үшін ма­ңыз­­дылы­ғы. Банктердің несие порт­­фелінде жеке тұлғалардың үле­сі алдағы уақытта әлі де өсе тү­се­­тіні болжануда. Шағын және орта бизнеске сенбейтін банк­тер бұл нарықты жеке тұлғалар ар­қылы игеріп отыр. Олар үшін эко­номикалық тұрғыда ең ақылды әдіс те осы. Қарыз алып, қайтара ал­­май қалуы мүмкін бизнеске қа­ра­ғанда, олардың өнімін несиеге алатын қарапайым ха­лық­ты қар­жыландырған әлдеқайда тиімді.

1

 

Бизнесті қаржыландыруды банктерден үйренген абзал

Қазақстанда шағын және орта бизнестің жалғыз инвесторы – мем­лекет. Мұнайдың қымбат кезі­нен қалыптасқан дәстүр квази­мем­лекеттік саладан бастап жеке кәсіп­­керлердің өзін бюджетке масыл етіп қойған. Заманның ты­ныш кезінде Ұлттық қордың миллиардтарымен әзер жүрген ша­ғын және орта бизнес қазір тіпті қиын жағдайда қалды. Жалғыз үміт мемлекетте. Ал мемлекет бұ­рынғы көмегінен ары аса алмайды. Тиісінше бизнестің «табы­сы» азаяды. Табиғатынан тым қара­пайым шағын және орта бизнеске былайғы инвесторлар да қара­жат сала қоймайды. Тәуекелі өте жоғары болмаса да, бәсекелестік күшті.

Жалпы, мемлекет бизнесті қаржы­лан­дыруды банктерден үй­ренуі қажет. Жыл сайын бюд­жеттен салалық, өңірлік және басқа да мақсаттарға миллиард­таған теңге бөлінетіні мәлім. Осы қаражаттың эконо­микаға қан­­ша­лықты жұмыс істеп жат­қанын ешкім есептемейді. Мем­ле­кеттің салған инвестициясы көр­кейген бизнеске айналды ма, әлде кәсіпкерлер тарапынан «иге­ріліп» кетті ме, оның да есебі шама­лы. Мемлекеттің бизнесті осы­лай­ша қолдауы нарықтық эко­но­микада нонсенс саналады. Қанша жерден популистік пікір болса да, сол қаражатты бюджет қызметкерлеріне жалақы ретінде берсе, экономикаға сол тиімді болар еді. Неге десеңіз, бюджет қыз­меткерлерінің жалақысы бәрі­бір шағын және орта бизнеске барып түседі. Орта таптың табысы «жас­тықтың астында жиналатын» ақша емес, сайып келгенде айналып бизнеске табыс болып түседі. Ал бұл дегеніңіз қазіргідей өндірілмейтін тауар үшін емес, өндірілген тауар үшін төлеген ақы болады.

 

 

Реформа бір ғана салада жасалмайды

Айлықты жаппай көбейту инфляцияға төте жол. Былтыр Президент Қ.Тоқаевтың әлеумет­тік бастамалары іске қосылып, атап айтқанда жалақы мен жәрдем­ақы көбейіп, қосымша әлеу­мет­тік төлемдер пайда бол­ған­да бірінші күнделікті тұ­ты­ну тауарларының күрт қым­бат­тап кеткені есімізде. Жала­қы­ны көбейту оңай, ол инфляцияны күшейтіп, тиісінше халықтың сатып алу қабілеті сол қалпы қалады дейтін орынды пікір айтылуы мүмкін. Сөз басында инфляция, несиенің қымбаттығы, өндірістің жоқтығы секілді бизнес пен Ұлттық банктің пробле­маларын тізгенде бұл мәселе­лер­ді тек Үкімет пен Ұлттық банк­­­­тің үндескен сая­саты, ортақ стратегиясы арқылы ғана еңсе­руге болатынын айттық. Сондық­­­тан, макро­эко­номикалық тұрақ­ты­лық пен шағын және орта бизнестің көркеюі экономикалық рефор­маның басы десек, онда жекелеген ведомст­воларды ғана міндеттемей, барлық мемлекет­тік аппаратты жұмылдыру керек. Жал­ақыны көбейткеннен ке­йін инфляция күшеймеуі үшін протекционистік саясат қажет. Еуразиялық одақтың ішін­де мұн­дай бастама қаншалықты өтеті­ні белгі­­сіз, алайда жалғыз жол – импортқа салық­ты көбейту. Тауарын Қазақстанға таситын экспорттаушыларға кедендік баж салы­ғын төлегеннен гөрі, олардың өндірісті Қазақ­станға көшіріп әкелуіне ықпал еткені тиімді.

Транзиттік экономикадағы проблеманың шешімі нарықтың бетіне қалқып шығып көрі­ніп тұратыны рас болса керек. Ұлттық банк пен кәсіпкерлердің базалық мөлшер­лемеге қатысты дауларының бір шешімі осылайша Салық кодексінде жатыр. Импорт қымбаттаса отандық кәсіпкерлер өндірісті күшейтпесе де, шетелдік компания­лардың өндірісті ішке алып келуіне алғышарт болады. Бұл ішкі өндірісті арттырып, тиісін­ше инфляцияны төмендетер еді, ал инф­ляцияның төмендеуі – базалық мөл­шер­лемені түсірудің жалғыз жолы. Ол төмен­детілсе, кәсіпкерлер де арзан қаражатқа қол жеткізеді. Бастапқыдағы жалақы­ның көбеюі кейін созылмалы дертке айналмай, кәсіп­керлер үшін нарықта балама қаржы көз­дері де қалыптасады.

Түйіндей келгенде, мұның бар­­лығы күр­делі мәселенің оңай ше­шімі секілді көрі­неді. Эконо­ми­ка­лық реформаның тым күр­делі көрі­нетін себебі – әр орган өзі­нің қысқа мерзімді мін­дет­терін оры­н­дауды ғана ойлайды. Ұлт­тық банк­тің биылғы мін­деті инф­ля­­ция­ны 8%-дан асырмау болса, Үкі­мет­тің бір міндеті – жыл са­йын бел­гілі бір мөлшердегі қара­жат­ты кәсіп­керлерге тарату. Ұзақ мер­зім­ді ортақ стратегиялық жос­пар қарас­тырылса, әр орган өз көр­сеткішін ғана жақсартуды ойламас еді.