23 Қараша, 2013

Балалар күлкісі айналаны шұғылаға бөлесін!

1020 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

01-Счастливые детиБалалар күлкісінен асқан тамаша бар ма? Тіпті, күннің шұғыласын, кемпірқосақтың жарқын түсін онымен салыстыруға бола ма? Тек қана балалар күлкісіне бөленген үйде ғана нағыз бақыт орнайтыны анық. Кез келген ата-ана, соның ішінде балалар ауруын бастан кешірген ата-аналар ғана мұны жақсы түсінеді.

Балалар күлкісінен асқан тамаша бар ма? Тіпті, күннің шұғыласын, кемпірқосақтың жарқын түсін онымен салыстыруға бола ма? Тек қана балалар күлкісіне бөленген үйде ғана нағыз бақыт орнайтыны анық. Кез келген ата-ана, соның ішінде балалар ауруын бастан кешірген ата-аналар ғана мұны жақсы түсінеді.

Осыдан біраз уақыт бұрын ғана балалардың жүрек ауруы, ақ қан, сал аурулары жеткіншектер мен олардың ата-аналарына айтылған тағдырдың үкімі секілді естілетін. Өйткені, орталық клиникалардан науқастардың бәріне орын табыла бермейтін, ал шетелдерге шығарып емдетуге жағдай жоқ еді. Тек 2008 жылы ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Астанада алғаш рет Ұлттық медицина холдингінің бірінші клиникасы ашылған кезде ғана мыңдаған қазақстандық балалардың сауығып кетуіне нақты үміт пайда болды. «Қазақстан-2050» Стратегиясында ұлт денсаулығының біздің тамаша болашағымызға негіз қалайтындығын мәлімдеген Президент Нұрсұлтан Назарбаев 16 жасқа дейінгі барлық балаларды медициналық қызмет көрсетудің барлық қырларымен қамтамасыз ету қажеттігін атап көрсетті. Міне, сондықтан да, қазір заманға лайық жабдықталған орталықтарда балаларға жұлын трансплантациясы мен бүйрек ауыстыру операциялары жасалу үстінде. Тіпті, кеше ғана жарық дүние есігін ашқан нәрестенің жүрегіне операция жасау, дене кемшіліктерін түзету ісі жүзеге асырылатын болды. Балалар сауықтыру технологияларын кеңінен пайдалану мүмкіндіктеріне қол жеткізді.

Біздің дәрігерлердің шетелдік әріптес мамандармен қатар тұрып, жұмыс істеу жағдайлары да жиі кездеседі. Мемлекет бұған көптеген қаржы шығындауда. Өйткені, болашақ ұрпақтың денсаулығы бәрінен де жоғары қойылып отыр. Дегенмен, бұл айтылғандардың бәрі науқас балалар мен олардың ата-аналарының куәландыруынсыз құрғақ сөз болып қана қалар еді. Егер сіз холдингтің орталықтарына барсаңыз онда жазылған алғыстардан кітап құрас­тырып шығуға болатындығына көз жеткізесіз. Ол алғыстардың әрқайсысында балдырғандар мен олардың отбасыларының тарихы мен тағдыры, ауруды қалай жеңіп шыққандығы туралы жайларға куә боласыз. Еліміздің әр түкпірінен, тіпті шетелдерден Астанаға келіп, науқастарынан сауығып, ризашылықтарын жеткізген жандар жазған жолдарды оқи отырып, біздің еліміздің қол жеткізген табыстарына өзіңіз де таңғалатындығыңыз анық.

01-Счастливые дети

ҮМІТ ОТЫН ЖАҚТЫ

63b9ddd3-d418-4d99-80e8-c52c466c48eeРеспубликалық балаларды сауықтыру орталы­­ғында біз осымен екінші рет ем қабылдау үстін­де­міз. Бірінші рет былтырғы жылы келген едік. Қа­зір денсаулығымызда оң өзгерістер бар. Осы­ның өзі біз үшін ерекше маңызды болып табыла­ды. Сондықтан мұнда қанша келсек те, шаршамас едік.

Дәл осындай орталықтың бізде, Қазақстанда, құрылуы «ерекше» балаларды тәрбиелеу үстіндегі және оларды сауықтыру үшін қазіргі замандық кәсіптік көмекті қажет ететін біз секілді қадамдар үшін маңызы зор оқиға. Әрине, бізге облыс орталығында да көмек көрсетілер еді. Бірақ медициналық кластер қарқынды дамып, жекелеген аурулардың үздік дәрігерлерін шетелдерден шақыра алу мүмкіндігі бар Астанада жағдай мүлдем ерекше. Менің ұлым Тұрар 6 жасқа келгенімен өз қолын қиналыссыз көтеріп көрген емес. Саусақтарын да қиналып жұмады. Орталықта сауықтыру шараларынан өткеннен кейін осының бәрі оған жеңіл түсетін болды. Бәлкім, біздің бұл жетістігіміздің өзі кейбіреулер үшін маңызды көріне қоймас. Бірақ қиындықты көп бастан кешірген біз мұны баламыздың нағыз ерлігі деп қабылдаймыз.

Мұнда жұмыс істейтін мамандар маған үміт шоғын ұстатып, өз күшімізге деген сенімді қалыптастырды. Мен өз бастамасымен осындай биік деңгейдегі сауықтыру орталығын біздің елімізде ашып берген Мемлекет басшысына шексіз алғысымды білдіремін. Осыған дейін көптеген ата-аналар осындай ауруға ұшыраған балаларының жазылып шығатындығына үміт арта алмайтын. Тіпті, оны емдеп жазатындай маман іздеуге де сенімсіздікпен қарайтын. Өйткені, ол кезде жағдай солай еді. Ал біз болсақ, еліміздегі қазіргі өзгерістерден қуат алып, балаларымыздың алаңсыз болашағына сеніммен қарау мүмкіндігіне ие болдық. Сондықтан осындай орталықтардың әрбір қалада болғанын қалар едім.

Айқын ОШАҚБАЕВА,

Тұрар Өмірзақтың анасы.

Қызылорда.

 

ҚУАНЫШЫМДЫ СӨЗБЕН АЙТЫП ЖЕТКІЗУ ҚИЫН

04 4Бір жарым жастағы менің ұлымның өмірі респуб­­ликалық балаларды сауықтыру орталығы дәрігерлерінің қызметімен тығыз байланыста десем болады. Мұнда оны былтыр еңбектеуге үйреткен еді. Ал биыл орталық мамандарының көмегімен ол өзінің алғашқы қадамын жасады. Енді тұсау кесу дәстүрін өткізуге әзірлік үстіндеміз. Бұл шараны да осында өткізетініміз анық.

Логопедпен өткізілген дәрістерден кейін Радмир алғаш рет «ана» деген сөзді айта алды. Баланың осындай жетістіктерін көрген ата-ананың қуанышында шек бар ма? Сондықтан мен мұндағы мамандарға өте ризамын.

Мұнда еліміздің әр өңірлерінен ғана емес, шет­елдерден де адамдар келіп балаларын емдетіп жатады. Мәселен, Санкт-Петербургтан келген бір науқаспен таныстым. Оның айтуынша, барлық қажетті мамандар бір шаңырақ астына жиналып, балаларды сауықтыру үшін жан-жақты күш-жігер жұмсайтын мұндай орталық Ресейдің ешбір жерінде жоқ. Ескерте кететін жағдай, әрбір қазақстандық осынау тамаша қызметтер кешенін мұнда квота бо­йынша тегін ала алады. Әрбір емдеу курсы 24 күнді құрайды. Міне, осы уақыт аралығында баланың өзін-өзі жетілдіруіне жақсы мүмкіндік қалыптасады.

Гүлден ТӨЛЕГЕН,

Радмир Сағындықтың анасы.

Тараз.

 

ҒАЖАЙЫП СӘТ ОРНАДЫ-АУ АҚЫРЫ!

04 1Аса құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы!

Қазақстанның бас қала­сын­да бірқатар иннова­ция­лық ор­талық­тардың басын қосқан меди­цина кластерін қалып­тастыр­ғаны­ңыз үшін Сізге зор алғы­сымыз­д­ы білдіруге рұқсат етіңіз. Біздің бала­ларымыздың өмірі үшін берілген осынау зор көмекке Сізге шын жүре­гімізден алғысымызды арнаймыз.

Сіздің бастамашылдығыңызбен құрылған серпінді жоба біздің мемлекетіміздің технологиялық дамуын жаңа деңгейге көтеруге, қазақстандықтардың өмір сапасын жақсартуға зор мүмкіндік беріп отыр. Сіздің осынау тамаша емханалар кешенін құру жөніндегі көреген шешіміңіздің нәтижесінде қазірдің өзінде мыңдаған адамның өмірі сақталып қалды. Бұдан артық қандай қамқорлық болуы мүмкін?

Біздің отбасымызда егіз қыз бен ұл өмірге келген кезде жұбайым екеуміздің қуанышымызда шек болған жоқ. Ұлдың денсаулығы қалыпты болып туды да, ал қызы­мыз Еркежан, тағдырдың басқа салғаны осы болған шығар, нау­қас болып шықты. Дәрігер нәрес­теге «балалардың церебральды параличі» деген диагноз қойған кезде не болғанымызды білмей есіміз шығып кетті. Осы кезден бастап қызымыздың бойындағы қорқынышты науқаспен күресіміз басталды. Біз көптеген ауруханалар мен орталықтарда ем қабылдадық. Дәрігерлердің айтқанын мүлтіксіз сақтадық. Сөйтіп жүргенімізде 2008 жылы біздің емдеуші дәрігеріміз былай деді: «Сіздерге Астанаға бару керек. Онда жаңа сауықтыру орталығы ашылды. Бұл орталық қазіргі замандық ең озық құрал-жабдықтармен жабдықталған. Сіздерге бір көмек болса, сол жерден болады».

Басында Астанаға баруға дәтім бармады. Үш баламды қайда тас­тап кетпекпін?! Бірақ дәрігер өз айтқанынан қайтпай тұрып алды.

Республикалық балаларды сауық­тыру орталығына бірінші рет келген кезімізде мұндағы қызмет­керлердің ыстық ықыласы мен жүрекжарды жарқын сөздері бізді қатты толқытты. Осы сәттен бас­тап қызымның сауығып кететініне үлкен үмітім пайда болды. Бұл жерде қызымыздың науқастық диагнозы толық айқындалып, жедел түрде операция жасау қажет деген шешім қабылданды. Мұндай операция Еркежанға Аналар мен балалар орталығында жасалды. Осының нәтижесінде қызымыз 6 жасқа келгенде жүре бастады. Мұнан кейін біз өзімізге үлкен үміт шоғын сыйлаған орталыққа тағы да келіп, «Болашақ» бөлімшесінің дәрігерлерінің бақылауымен қайтадан тексерістен өттік. Бұл жерде еліміздің әр өңірінен келген балалар аз емес екен. Олар мұнда тек қана ем қабылдап қоймай, сонымен қатар, шығармашылық дағдыларды қалыптастыра бастайды. Сурет салып, өлең жазады. Осындай сәттегі балалардың жарқын күлкісін көрсеңіз. Оны көргенде жаның шуаққа бөленеді.

Осынау тамаша балалар орта­лығының барлық қызмет­керлеріне олардың бізге көрсет­­­кен қамқорлығы мен риясыз көңілдері үшін алғысымды білді­ремін. Ұжымдағы жоғары кәсіп­қойлық, адамға деген ыстық ықылас пен мейірім, бір сөзбен айтқанда, біз секілді жаны мен тәні қатар жүдегендер үшін жасалған қамқорлықты ғажа­йып сәтке балаймын. Менің бұл пікіріммен алғыстарын ақ қағаз­ға жазып қалдырған аналардың толық келісетіндігіне сенім мол. Жоғары білікті мамандарға және ұжымның барша мүшелеріне айтылған мұндай алғыс хаттар­ды Балаларды сауықтыру орталығы, Ана мен бала орталығы, Нейрохирургия орталығы секілді холдинг ме­кемелерінен көптеп кездестіруге болады.

Аса құрметті Нұрсұлтан Әбіш­ұлы! Осындай тамаша клини­­­калар­­дың біздің елімізде қызмет көрсетіп жатқандығы үшін біз өте қуаныштымыз. Сіздің осы мекемелерді қалыптастырған тарихи ерлігіңіз халық жадында мәңгі қалады деп ойлаймын. Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Сізге зор денсаулық тілеуге рұқсат етіңіз. Әрбір арайлап атқан таң Сіздің үйіңізге келісім мен бақыт әкелсін. Сізге және жақындарыңызға барлық жақсылықты тілеймін.

Гүлмира ӨТЕГЕНОВА,

Еркежан Ыстанбекованың анасы.

Түркістан.

 

ЖОҒАРЫ СТАНДАРТТАР ДЕҢГЕЙІНДЕ

04 2Республикалық балалар сауықтыру орта­л­ығына біз жыл сайын келіп тұруға тырысамыз. Өйткені, біз баламыздың денсаулығы жөнінен бұл жерде жақсы жетістіктерге қол жеткіздік. Бекнұрға осындағы сауықтыру шараларынан кейін «БЦП жеңіл түрі» деген диагноз қойылған болатын. Көрсетілген көмектердің нәтижесінде Бекнұр өз денсаулығын толықтай қалпына келтіруге қол жеткізді. Енді біз мұнда түзету жүргізетін ұстаздардың дәрісін алып жүрміз. Ойын терапевтің, музыкалық терапевтің, дефектолог, логопед секілді мамандардың көрсет­­кен қызметін Бекнұр балаға тән қуанышпен қабыл­­­дайды. Өйткені, бұл көмектердің өзі музыка және басқа да көңілдендіру түрінде беріледі. Бұрын баламыз партаға бес минут қана отыра алатын болса, енді жиырма минут қиналмай отыра алады.

Орталықтағы жағдай мен көңіл күй шуағы өте тамаша. Психологтар, психотерапевтер мұнда аналармен де жұмыс істеп, балаларға қандай тәрбие беру қажеттігін үйретеді. Мұның сыртында біз осы жерде басқа елдерден келген мамандармен де кеңесу мүмкіндігіне ие болдық. Мәселен, мен Литва мен Ресейден келген дәрігерлермен сөйлесіп, олардың да ақыл-кеңестерін тыңдадым.

Осындай клиниканы салып берген Президен­тімізге үлкен рахмет. Мұндай алғысты Астанаға еліміздің әрбір түкпірінен келіп, балаларын емдеткен әрбір ата-ананың айтатындығына сенімім зор.

Нұргүл,

Бекнұр Зұбайровтың анасы.

Атырау.

 

АМАНГЕЛДІНІҢ АРМАНЫ ОРЫНДАЛАДЫ

04 3Республикалық балаларды сауықтыру орталығымен менің қарым-қатынасым ерекше: оң жақ гемипарез ауруына шалдыққан менің ұлым үш жасында нақ осы орталықта алғаш рет қадам басты да, осы жерде оған тұсау кесер рәсім жасалды. Бұл жерде біздің балаларымызға өте қымбат тұратын дәрілер беріліп, қазіргі заманғы құрал-жабдықтарда қызметтер көрсетіледі. Балалар, тіпті, осы жерде мектепке бару мүмкіндігіне де ие болды.

Мұнда тек балаларды ғана сауықтырмайды. Олардың аналары психотерапевтердің, психологтардың көмегіне ие болып, жанына жағымды қуат алады. Өйткені, мұнда бүкіл ұжым болып жеткіншектің жетістігіне қуанып, әркім өзінің тәжірибесімен бөліседі. Менің ойымша сапалы медициналық қызмет дегеніміздің өзі осы.

Менің мақсатым – дені сау баланың анасы болу. Баламның да өзіндік арманы бар: ол кез келген бала басқара алатын машина құрастырып шыққысы келеді. Нұрсұлтан Назарбаевтай көреген Президенттің арқасында оның бұл арманына жететіндігіне деген сенімім зор.

Мәдина ҒАНИЕВА,

Амангелді Уәлихановтың анасы.

Семей.  

 

АЛДЫМЫЗДАН ӘЛЕМ АШЫЛҒАНДАЙ

04 5Балалардың сауық­тыру орталығының көр­­сеткен қызметінің арқа­­сында БЦП диагнозы бойынша науқасқа шал­дыққан менің қы­зым Оля ақыры жеті жасқа жет­кенде өз аяғы­­­нан тұр­ды. Біз орта­лықтағы ал­ғашқы пациент­­тердің бірі болдық. Мұ­нан кейін де жиі келіп тұрдық. Сонда бір байқағаным, ор­талық қызметкерлері на­ғыз өз істеріне беріл­ген жандар екен. Бұл кли­­­никада мектеп те жұмыс істейді. Соның нәтижесінде са­ба­ғымызды үзбей-ақ сауықтыру курстарын өтуге қолымыз жетті.

Мен бұл медициналық холдингті қалыптастыру идеясы Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтан бас­тау алғанын жақсы білемін. Осы үшін Елбасына аналық алғысымды айтамын.

Оның үстіне елімізде соңғы жылдары мүгедек бала­­­­ларға деген қоғам көзқарасы да өзгеріп, балалар бақшалары мен мектептерде дене түзету топтары ашылуда. Әдетте, Оля үйде дайындалады. Бірақ соған қарамастан сыныптастары оны өз орталарынан көруге әрдайым қуанышты. Балалардың өздеріне аса бір жылы көзқараспен қарайтынын Оля да сезіп, бұл жайында әңгіме қозғап қояды. Осындай жылы көзқарастар қызымды қанаттандырып, өз ауруын жеңуіне күш-жігер беретіндігін сезінемін.

Сіздердің барлықтарыңызға түсініктеріңіз бен кө­мектеріңіз үшін үлкен алғысымды айтамын.

Ирина РОМАНЬКОВА.

Шығыс Қазақстан облысы,

Зырян қаласы.

_______________________________________________

«Егемен Қазақстан» мен «Казахстанская правда»

газеттерінің бірлескен жобасы.

Соңғы жаңалықтар