Оқиға • 10 Қараша, 2020

Көкшетауда жаңа аурухана ашылды

792 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Облыс орталығында медицина, өрт сөндіру ұйымдары мен құқық қорғау органдарына жаңа диагностикалық медициналық кешеннің, автокөліктердің кілттері тапсырылды. Жұқпалы ­аурулар орталығы ашылып, облыстық көпбейінді ауруханада магнитті-резонансты томография кабинеті пайдалануға берілді. Жаман тұмау жайлаған кезде көрсетілген қамқорлық айтарлықтай көмек болды.

Көкшетауда жаңа аурухана ашылды

Облыста 3 жылжымалы ме­­ди­­циналық кешен жұ­мыс іс­тейді. Индустрия және инфра­құ­ры­лымдық даму министрлігінің Индустриялық даму және өнер­кәсіптік қауіпсіздік комитеті біз­дің облыс, соның ішінде Қор­ғалжын, Зеренді, Жарқайың, Есіл, Ерейментау, Астрахан, Арша­лы, Ақкөл аудандары үшін өз елі­мізде өндірілген 8 жылжымалы медициналық кешенді сатып алуды жүзеге асырған болатын. Салтанатты жиында облыс әкімі аудандық ауруханалардың бас дәрігерлеріне аталмыш жылжымалы кешендердің кілттерін тапсырды.

Облысқа қаржылық лизинг бойынша санитарлық авиация және жедел жәрдем қызметі үшін 58 санитарлық көлік жеткізу көз­­делген. Оның 30-ы Hyundai H350, 25-і JAC Sunray, 3-еуі УАЗ Профи көліктері. Бүгінгі таңда осы көліктердің жартысынан астамы келіп жетті. Барлық көліктер тұрғындарға көмек көрсетуге ар­нал­ған қажетті медициналық құрал­дармен жабдықталған. Облыстық жедел жәрдем станциясына реанимобильдер, облыстық полиция департаменті мен Көкшетау қалалық полиция басқармасына патрульдік автокөліктер, облыстық төтенше жағдайлар департаментіне өрт сөндіруге арналған техникалар табыс етілді.

– Барлық материалдық және адами ресурстар індетпен күресуге бағытталған. Ауруды одан әрі та­ратпау үшін елімізде барлық қа­жетті шаралар қабылдануда. Ко­ро­навируспен күрес мәселесі – ел Президенті Қасым-Жомарт То­қаевтың жіті бақылауында. Соң­­ғы күндері елімізде инфекция жұқ­­тыр­ғандар саны өсіп жатыр. Біз­дің облыс – эпидемиялық ахуалы күр­делі төрт аймақтың қа­та­рында, – деді облыс әкімі Ермек Маржықпаев.

Жаман тұмаудың алғашқы легі жан алқымнан алған кезде адал еңбегімен көрінген бірқатар сала мамандарына «Халық алғысы» медалі табыс етілді.

Тағы бір маңызды оқиға Көк­ше­тауда 200 орындық жұқпалы ­аурулар орталығының ашылуы екені сөзсіз. Үкіметтің қолдауымен небәрі аз уақыттың ішінде бой көтерген бұл орталықта пандемия кезінде, одан кейін де жұқпалы ауруларға шалдыққан науқастардың сапалы, жоғары білікті медициналық көмек алуына қажетті жағдай­лар­дың барлығы жасалған. Орта­лықтың ұйымдастырушылық құры­лы­мы­ның өзіндік ерекшеліктері бар. Мұнда жұқпалы ауруларға шал­дыққан науқастар толық оқшау­ланып, індеттің тарал­мауы үшін барлық жағдай қарасты­рыл­ған. Желдету, сүзгілеу жүйесі ви­рус­тың науқастан өзгеге жұқ­па­­уын қамтамасыз етеді. Орта­лық компьютерлік томограф, цифр­лық рентген, ӨЖЖ аппа­рат­­тары секілді заманауи құрал­дар­мен жабдықталған. Әр кереует оттегі стансасына қосылған. Өт­кен жаз айларында індеттің өршіп кетіп, өлім-жітімнің орын алуының негізгі себебі осындай жабдықтардың болмауынан еді. Бүгінде облыстың медициналық ұйымдарында 425 ӨЖЖ аппараты, шамамен 600 оттегі концентраторы, 32 рентген аппараты, 9 ком­пьютерлік томография бар.

Ашылу салтанатында сөз сөй­леген Көкшетау қаласының құр­метті азаматы, медицина сала­сының ардагері Болат Жанәділов пен жазушы-драматург, қоғам қай­раткері Жабал Ерғалиевтің лебіз­дерінде елге жасалып жатқан қам­қорлыққа халықтың разы екені айтылды.

Орталық 8 корпустан тұрады. Мұнда 180 төсектік орын тәуліктік емделуге арналған және 20 төсек­тік орын қарқынды терапия бөлімше­сі болып табылады. Бір палата екі науқасқа лайықталған. Ішінде жуы­натын орын, ауыз суы бар. Реа­ни­мациялық бөлімше бейнекамерамен бақыланып отырады.

Жақсылық жауған осы күні облыстық көпбейінді ауруханада магнитті-резонансты томогра­фия кабинеті ашылды. Signa Creator аппаратын сатып алуға жергілікті бюджеттен бөлінген 568 млн тең­­ге бөлінген. Аурухананың бас дәрігері Нұрлан Жаровтың айтуын­ша, бұл томография аппараты «гелидің нөлдік буға айналуы» технологиясының арқасында қиын жағдайда да аурудың нақты көрінісін білуге мүмкіндік береді. Ең бастысы, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында МРТ зерттеуі тегін жүр­гізіледі. Ол үшін тұрғындар өз учас­келерінен жолдама алуы қа­жет. Медициналық сақтандыру жар­насын аудармайтын тұлғалар диагностиканы ақылы өте алады.

 

Көкшетау