Аймақтар • 10 Қараша, 2020

Көне шаһар жаңарып жатыр

360 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

2 мың жылдан аса тарихы бар көне Тараз шаһарын түрлендіру қазіргі кезде кезек күттірмейтін мәселе болып отыр. Қалада бүгінде тұрғындардың игілігіне орай бірқатар нысан пайдалануға берілген. Енді Тараз қаласын заманауи әрі жұртшылық үшін жайлы қалаға айналдыра отырып, оның бай тарихи мұрасын таныту жұмыстары басталды.

Көне шаһар жаңарып жатыр

Жамбыл облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Арман Әбдешовтің айтуынша, әрбір жоба бойынша жұмыс істейтін сәулетшілер, құрылысшылар және басқа да мамандар тарихи шаһарды тартымды әрі өмір сүруге ыңғайлы етуге барын салуда.

Шыны керек, осы уақытқа дейін Тараз қаласын түрлендіру жұмыстарына байланысты көптеген сын айтылған болатын. Енді біраз уақыттан бері осы олқылықтың орны толып келеді. Мәселен, жуырда ғана облыс орталығынан ашылған «Қазақ халқына мың алғыс» монументі бүгінде тараздықтар үшін көрнекті орынға айналған. Сол сияқты Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығына орай тұрғызылған ескерткіш те ұлттың көрген қиындығын, түрлі тарихи сәттерді еске салады. Аталған ескерткіштің биік­тігі 30 метр. Оның жоғарғы бөлі­гінде қалықтаған қыран, ал сәл тө­ме­нірек барлық этностың бірлігі мен ы­нтымағын білдіретін шаңырақ ор­на­ласқан. Сонымен қатар 580 метрлік Арбат-1 аллеясы да – қазіргі кезде қа­ланың көркін арттырып тұрған сәу­лет­тік жоба. Мұнда екі сазды және екі құрғақ субұрқақ орнатылған.

«Бүгінде құрғақ субұрқақтар қала сәулетінің ажырамас бөлігіне айналуда. Мұндай құрылымдардың су ыдысы жер бетінде емес, жер астында жасырылған. Ағындар одан тіке атқылайды, ал фонтан жұмыс істемеген кезде тротуар құрғақ күйде сақталады. Құрғақ субұрқақ деген атауы да осыдан шыққан. Осындай ерекше субұрқақтарды қаланың тағы бірнеше жеріне орнатуды жоспарлап отырмыз», дейді А.Әбдешов.

Бүгінгі таңда Тараз қаласында «Арбат-3» жаяу жүргіншілер аймағының үшін­­ші кезеңінің құрылысы жүргізілуде. Аталған аймақ «Көне Тараз» кешені мен Қарахан кесенесін байланыстырады. Арбатта 22 травертиндік тақта орнатылып, ол тақталарда ежелгі Тараз тарихының маңызды кезеңдері қаша­лып жазылады. Жұмысқа жауапты мер­дігерлер көп ұзамай 320 метрлік саз­ды субұрқақтардың құрылысын аяқ­тайды. Сол сияқты «Біз біргеміз!» мо­ну­менті де – ұлттық нақышпен көмке­рілген туындылардың бірі. Компо­зи­ция­ның ортасындағы Жер шарын қол ұстасқан дәрігерлер, әскери, полиция қызметкерлері, өрт сөндірушілер, құтқарушылар және еріктілер секілді түрлі мамандық иелері қоршап алған.

«Сәулетшілер бірлік пен қоғамдық келісім идеясын жеткізуге тырысты. Біздің халқымыз коронавирус індетімен күрес кезінде, Арыс қаласында жарылыс болған кезде, Түркістан облысының Мақтаарал ауданында төтенше жағдай орын алғанда да ұйымшылдық пен ынтымақтастықтың үлгісін көрсете білді. Бұл ескерткіш болашақ ұрпақ үшін осындай оқиғалардың естелігі болып қала береді», дейді А.Әбдешов.

Қазіргі кезде Тараз қаласының барлық бөлігінде құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Жуырда «Қарасу» массивінен «Денсаулық» паркін ашу жоспарланған. Сонымен қатар Қ.Рысқұлбеков атындағы саябақ маңынан «Анаға тағзым» орта­лы­ғы салынуда. Аталған орталықтың алдынан аналардың құрметіне арналып ескерткіш орнатылады. Сондай-ақ «Ұлан» стадионының қайта құру жұ­мыстары басталғанын да айта кету керек. «Мамыр тоғайы» аймағында ауқымды қайта құру жұмыстары жоспар­лан­ған болса, «Тектұрмас» этно-тарихи кешенін қалпына келтірудің екінші кезеңі бойынша қолға алынған жұмыстар аяқталуға жақын екен. Мұнда ұзындығы 15-20 метр болатын панорамалық панель, аймақтың тарихи нысандарының макеттері, жағажай, жасанды сарқырама салынуда. Бұдан бөлек тарихи Тараз шаһарынан салынатын нысандар көп. Алдағы уақытта тараздық тұрғындар көп­те­ген игілікке куә болады деген сенім бар. Кезінде Тараз қаласының ескі­ріп, тозып бара жатқаны жиі айтылатын. Дегенмен мемлекет қолдауының нәти­же­сін­де көпшіліктің тілегі ескеріліп, көне шаһар жаңартылуда.

 

Жамбыл облысы