Оқиға • 10 Қараша, 2020

Тарихи стансаға «Түрксіб» атауы берілді

677 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жуырда Үкімет қаулысы бойынша «Жамбыл темір жолы» бөлімшесіне қа­рас­ты «Луговая станциясы» «Түрксіб» стансасы болып өзгертілді. Бұл ше­шімді те­міржолшылар кезінде аталған магистралды дамыту жолын­да еңбек ет­кен азаматтардың еңбегі мен станса тарихына құр­мет деп баға­лауда.

Тарихи стансаға «Түрксіб» атауы берілді

Осы күнге дейін «Луговая стансасы» аталып келген бекетке Түрк­сібтің 90 жылдығына орай «Түр­ксіб» атауы қайтарылып отыр. Осы­дан тура 90 жыл бұрын Түрксіб бойынша өтпелі жұмысшылардың қозғалысы басталған. Жаңа салынған болат жол арқылы Алматы уездік қаласы республиканың әкімшілік және мәдени орталығына айналды. Сонымен қатар Жаңасемей, Чарск, Ақтоғай, Лепсі, Матай, Сарыөзек, Шу, Аягөз және Отар сияқ­ты көп­те­ген жаңа қалалар мен стансалар пайда болды.

Тарихи деректер бойынша 1927 жылы 21 қараша күні осы Луговая стансасында темір жолдың алғашқы рельстері салынған. Ал аталған стан­са 1930 жылы пайдалануға бе­ріл­ген. Осы жерде сол кездегі Ха­лық Комис­сарлары Кеңесі төра­ға­сының орынбасары, көрнекті Алаш қайраткері Тұрар Рысқұловтың қа­ты­суымен құ­рылыс алаңының ресми ашылуы өткен. Түрксібтің болат магистралі 1 500 шақырымға дейін созылған. Сол 1930 жылы Түрксіб рельстері қосылып, өтпелі қозғалыс үшін жол ашылды. Луговой стансасынан сол кездегі Жамбыл, Шу және Бішкек қалаларына пойыздар жүрді. Бұл күнде аты аңыз­ға айналған магистраль сол кезде экономиканың дамуында маңызды рөл атқарып қана қоймай, үлкен аумақтың табиғи ресурстарын игеруге, өнеркәсіп және ауылшаруашылық әлеуетін іске асыруға да мүмкіндік алды. Қа­рапайым халықтың ерлігінің ­нәтижесінде дүниеге келген Түрк­сібті ел «Жаңа өмір жолы» деп ата­­ды. Кейін магистраль бойында қала­лар мен жұмысшы поселкелері пайда болды. Сол кезеңде бүгінгі Т.Рысқұлов ауданының аумағына қа­рай­­тын Луговой ауылы да құрыл­ды.

Бүгінде Түрксіб стансасы тек Қазақ­станның ғана емес, Орталық Азияның да барлық елдерінің экономикасында маңызды орын алады. Тасымалды Қытайдан бастап, Ресей, Орталық Азия, Таяу Шығыс елдері арқылы және Еуропаға дейінгі бірыңғай Жібек жолына біріктіретін орталыққа айналды. Луговой ауылдық округінің әкімі Мұрат Сыбановтың айтуынша, стансада бүгінде 10 385 адам тұрады. Темір жол салынғанда құрылған ауылдың тұрғындары да стансаның «Түрксіб» деп аталуын дұрыс көріп жатыр екен. Ал Түрксіб стансасының басшысы Тимур Қуанышұлы бұл жерден күн са­йын 35 жолаушылар және жүк тасымалдаушы пойыз өтетінін айтты. Сондай-ақ аталған станса Қырғызстаннан 5 по­йызды қабылдап алып, 5 пойызды жібереді екен.

 

Жамбыл облысы