23 Қараша, 2013

ПАРЛАМЕНТ «Егемен Қазақстанның» арнаулы беті

220 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

02-сенат2Көкше өңірінің Бурабайдан кейінгі табиғатының жаратылысы да бір бөлек жер сұлуы Зеренді болмақ керек. Бұл күндері бұрынғы Көкшетау облысының қысқартылып кеткен екі бірдей ауданының жер аумағын алып жатқан Зеренді ауданының орталығы соңғы жылдары көркейіп, өсіп-өркендеп келеді. Және бұл күндері Зеренді аймағында туризмнің де өркендей түсуіне жол ашылып, бұл салада игі істер қолға алына бастады.

 

Сізді не толғандырады?

АУДАН ОРТАЛЫҒЫ БАЛАБАҚШАҒА ЗӘРУ

Көкше өңірінің Бурабайдан кейінгі табиғатының жаратылысы да бір бөлек жер сұлуы Зеренді болмақ керек. Бұл күндері бұрынғы Көкшетау облысының қысқартылып кеткен екі бірдей ауданының жер аумағын алып жатқан Зеренді ауданының орталығы соңғы жылдары көркейіп, өсіп-өркендеп келеді. Және бұл күндері Зеренді аймағында туризмнің де өркендей түсуіне жол ашылып, бұл салада игі істер қолға алына бастады.

Әлеуметтік-экономикалық жағ­дайы жақсарып келе жатқан жә­не де ауасы таза, орманы қалың, кө­лінің суы тұнық әрі облыс ор­талығы Көкшетаудан небәрі елу-ақ шақырым қашықтықта жат­қан күре жолдың бойындағы аудан орталығы болып саналатын Зеренді ауылына маңайдағы ауылдардың және экологиясы нашар Қазақстанның өзге де өңірлерінен, алыс-жақын шет елдерден қоныс аударған қандастарымыз көшіп келіп, орнығып жатыр.

Бұл жай соңғы жылдары аудан орталығы Зеренді ауылы халқының санының күрт өсуіне ықпал етіп отыр.

Осыған байланысты бала­бақ­шаның зәрулігі де айқын сезіле бастады. Қазір мектеп жасына дейінгі тәрбие беретін 240 орынды бар-жоғы екі ғана балабақша, бір шағын орталық бар. Ал, өздерінің жас балаларын балабақшаларына бергісі келетін 300 ата-ана өз кезектерін күтіп отыр. Зеренді ауылын болашақта дамытудың және мектеп жасына дейінгі балалар санының жыл сайын өсіп келе жатқандығы ескеріліп, аудан орталығында 280 орынды жаңа балабақша салу мақсатында жалпы құны 4 миллион 280 мың теңгенің жобалау-сметалық құжаты жасалып, ол мемлекеттік сараптамадан оң бағасын алды. Осы жобалау-сметалық құжат бойынша аудан орталығында салынуға тиісті 280 орынды балабақшаның сметалық құны 560 миллион 163 мың 892 теңге болып отыр.

Республикалық бюджеттен осы қаржы қарастырылса, елді мекеннің бір әлеуметтік проблемасы жеңілдеп қалар еді.

Жабал ЕРҒАЛИЕВ,

Сенат депутаты.

 

Әріптестік әлеуеті

ПАРЛАМЕНТТІК ФОРУМҒА ҚАТЫСТЫ

Қазақстан Республикасы Парламенті Се­натының депутаты, «Қа­зақстан Респуб­ли­ка­сы – Ресей Федерациясы» парламенттік ын­­тымақтастық комитетінің мүшесі Қай­сар Омаров Мәскеу қа­ла­сында өткен II ха­лық­аралық парламенттік форумға қатысты.

Шара Ресей Конституциясы мен Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысының 20 жылдығына арналды. Форум тақырыбы «Конституция. Демократия. Парламентаризм» деп аталды.

Секциялық отырыстар аясында демо­кратиялық құндылықтарды ны­ғай­тудағы, саясат және сайлау жүйелерін дамытудағы парламен­таризм­нің рөлі, конституциялық реформалардағы Ресей және әлемдік тәжірибелер, сондай-ақ, дүние жүзіндегі парламенттік дипломатия мәселелері талқыланды, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.

 

ФОТОКҮНДЕЛІК

ERA 6304

Суретті түсірген Ерлан ОМАРОВ.

_____________

Сайлаушы сөзі

ОҚУШЫЛАР ҚУАНЫШЫНДА ШЕК БОЛМАДЫ

Парламент Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясының бюро мүшесі Нұртай Сабильяновтың атқарып келе жатқан істері маған жақсы таныс. Каникулға шығысымен ел-елді аралап, халықтың мұң-мұқтажын құлағымен естіп, көзімен көреді.Көріп қана қоймай, шешілмей келе жатқандарын Үкіметке депутаттық сауал ретінде жолдайды. Сөйтіп, шешімін табуына көмектеседі. Шығыс өңірінде бармаған ауылы жоқ десем қателеспеспін.

Халық қалаулысымен өткен қыста бір кездескенімде: «Шығыс Қазақстанда бармаған жеріңіз жоқ. 40 жылғы тынымсыз жарылыстан көз ашпаған Абыралы аймағының тыныс-тіршілігін көріп, бір барып қайтпайсыз ба?», деп наз айтқан едім. «Өзімнің де көптен ойымда жүрген шаруа еді. Биыл міндетті түрде барамын», деген болатын ол.

Биылғы тамылжыған тамыз айының ортасында бірінші рет Семей полигонының жанындағы бұрынғы Абыралы ауданында, Қайнар ауылында болып, атом ядролық полигонынан көбірек зардап шеккен тұрғындармен кездесіп қайтты. Халық Н.Сабильяновпен кездесуге тайлы-тұяғы қалмай келді. Депутат сөзінен кейін сұрақтар да қарша жауды. Өйткені, оның айтса орындайтындығын жақсы білетіндіктен де жұртшылық сауалы көп болды.

Кездесу соңында абыралылықтардың ең бір көкейкесті мәселесі – жолға байланысты сұрақты Үкіметтің алдына қоятындығына, оны өзі қадағалап отыратындығына уәде берді. Сондай-ақ, ұстаздардың сұрауы бойынша әке-шешесі қайтыс болған бір баланы Астанада грантпен оқытатындығын айтты. Абыралы өңірі бойынша 15 оқушыны күн санап көркейіп, абыройы асқақтап келе жатқан әсем елордамен таныстыру мақсатында Астанаға алдыратындығын қоса мәлімдеді.

Жақында сол уәдесін орындап, әлеуметтік жағынан аз қорғалған отбасылардың 15 баласын Астанаға шақырып, 3 күн бойы қаланы аралатып, Парламент үйімен таныстырып, ауылдан шықпаған балаларға естен кетпес көңілді демалыс сыйлады.

Қасиетті Абыралы өңірі халқының ыстық сәлемін еліміздің бас газеті арқылы жеткізгім келді.

Бейбітбек ӘБДІКӘРІМОВ,

журналист.

АСТАНА.

 

Талқылау тағылымы

ЗАҢДАРҒА ӨЗГЕРІСТЕР – ЗАМАН ТАЛАБЫ

Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының халықаралық шарттар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылаған дөңгелек үстел өткізді.

Заң жобасы Парламент Мәжі­лі­сі­нің депутаттары, Халық­ара­лық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшелері М.Әшімбаев, З.Балиева, Қ.Сұл­та­новтың бастамасымен әзірленген.

Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев дөңгелек үстелге қатысушыларға депутаттардың ұсыныстары халықаралық шарттарды жоспарлау мен жасау үдерісін бір жүйеге келтіруге, олардың сапасын арттыруға, осы салада ұлттық мүдделерді қамтамасыз етуге, еліміздің сыртқы саяси қызметінде мемлекеттік тілдің рөлін нығайтуға бағытталғанын атап өтті.

Сонымен бірге, құжат жайында жоба авторлары Қуаныш Сұлтанов пен Зағипа Балиева және Әділет министрінің орынбасары Эльмира Азимова баяндап берді.

Отырыс барысында қаралып отырған мәселелердің әртүрлі қырлары талқыланды. Мәжіліс де­путаттары әзірлеушілердің ха­лықаралық шарттар жасауды жос­парлау үдерісін ұйымдастыруға қатысты ұсыныстарының бүгінгі таңда өзекті мәселе болып отыр­ға­нын атап көрсетті. Сондай-ақ­, отырысқа қатысушылар халық­аралық шарттардың мемлекеттік тілдегі мәтіндерінің дайындалу сапасына ерекше назар аударды.

Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің хатшысы Виктор Рогалев дөңгелек үстел жұмысын қорытындылай келе, қаралып отырған мәселе­лер жан-жақты әрі нақты тал­қы­ланғанын және талқылау барысында айтылған барлық сындарлы ескертулер мен ұсыныстар заң жобасымен одан әрі жұмыс істеу кезінде ескерілетінін атап өтті.

Дөңгелек үстел жұмысына Парла­мент Мәжілісінің депутаттары, мем­ле­кеттік органдардың өкілдері қатысты.

«Егемен-ақпарат».

Соңғы жаңалықтар