Қоғам • 10 Қараша, 2020

Биыл елімізде 94 мыңнан аса баспана пайдалануға берілді

201 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ағымдағы жылдың 10 айында өңдеу өнеркәсібі, көлік және құрылыс салаларын дамыту туралы мәселе қаралды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Биыл елімізде 94 мыңнан аса баспана пайдалануға берілді

Отырыста баяндама жасаған Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов бүгінгі таңда экономиканың өсуі баяуласа да, өңдеу өнеркәсібі өсімнің негізгі драйвері болып отырғанын атап өтті.   

2020 жылдың 10 айының қорытындысында өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс 3,2%-ға өсті.  Министрдің айтуынша, өңдеуші саланың барлық секторында оң динамика байқалады. Машина жасау саласында биыл 10 айда тұрақты өсім сақталды.  

Есепті кезеңде саланың нақты көлем индексі 116,5% құрады. Автокөлік құралдары, трейлерлер және жартылай тіркемелер 53,6%, өзге көлік құралдарын жасау 87,1%, электр жабдықтарын жасау 3%, машиналар мен жабдықтар өндірісі 4,3% өсті.  Түсті металлургияда өндіріс көлемі 1,9%-ға артты.  Оған тазартылған алтын 6,4%, раффинирленген мыс 8%, құйма алтын өндіру 35%, түйіршіктердегі күміс 25%, бастапқы алюминий 1% және басқа да көрсеткіштердің өсуі арқылы қол жеткізілді.   

Қара металлургияда өсім 0,3% болды.  Арматура илемі 11%, ферро-силико-марганец 13%, арматуралар, шарлар және домалақ шыбықтардың тауар өндірісі 3% өсті. Б. Атамқұлов атап өткендей, жаңа жағдайға бейімделіп, жаңа өндірістерді жолға қою арқылы өндіріс қуатын арттыру фармацевтика өнеркәсібінде 39,7% өсуге қол жеткізуге мүмкіндік берді.  Жеңіл өнеркәсіпте өндіріс 16,4% өсті, ол тоқыма бұйымдары өндірісінің 4,4%, киімнің 1,4% және былғары өнімдердің 160,3% ұлғаюы есебінен мүмкін болды.   Қағаз және қағаз өнімдерінде өндіріс көлемінің өсімі 15% құрады. Ағаш және тығын бұйымдарының өндіріс көлемі 52,6% қамтамасыз етілді. 

Көлік саласында нақты көлем индексі 2020 жылдың 10 айында 82,7% құрады.

"Пандемияның көлік саласына теріс әсеріне қарамастан, оның жекелеген бағыттарында өсім байқалды", — деді Б. Атамқұлов.

Контейнерлердің транзиттік тасымалы өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 35,4%-ға артып, 718 мың жиырма фунттық баламаны құрады. Көліктің барлық түрімен жүк тасымалдау көлемі 3,2 млрд тоннаны құрады. 2020 жылдың қазан айында тасымалданған жолаушылар саны қыркүйек айымен салыстырғанда 15,5%-ға өсті.

Әуе тасымалы арқылы жолаушылар тасымалдау 1,6%-ға артып, 621 мың адамды құрады. Қытай-Еуропа-Қытай бағытында контейнерлік тасымалдар 10%-ға немесе 5,1 жиырма фунттық баламаға артып, 55,9 жиырма фунттық баламаға жетті.  Жүк тасымалы саласында да өсім бар. Атап айтқанда, қазан айында жүк тасымалының жалпы көлемі 2020 жылғы қыркүйекпен салыстырғанда 3,4%-ға өсті. Құрылыс саласында нақты көлем индексі 2020 жылдың 10 айында 110,7% құрады. 

15 өңірде оң динамика байқалады. Тұрғын үй құрылысында биылғы 10 айдың қорытындысында 10 млн 744 мың шаршы метр баспана салынды, бұл өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 109,7% құрайды.  Бүгінге таңға республика бойынша барлығы 94 мың 737 баспана пайдалануға берілді. Өткен жылмен салыстырғанда тұрғын үйді пайдалануға беру көлемінің 15 өңірде артқаны байқалады.  

"Министрлік 2020 жылға қойылған міндеттерді орындау үшін рецессиясының таралуын тежеу және барынша зардап шеккен салалардағы жағдайды тұрақтандыру үшін қажетті барлық шараны қабылдап жатыр. Жыл қорытындысында жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткіземіз", — деп түйіндеді Б. Атамқұлов.