Ведомство басшысы «CASPI Bitum» БК» ЖШС битум өндіру зауытының жұмысымен танысты. CASPI Bitum» БК» ЖШС үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама аясында ішкі нарықты жол битумымен қамтамасыз ету мақсатында Маңғыстау облысында инвестиция есебінен салынған алғашқы кәсіпорын.
Мұнай «Қаражанбас» кен орнынан жеткізіліп, техникалық сипаттамалары жағынан жол битумдарын өндіруге арналған оңтайлы шикізат.
2014 жылдан бастап 2019 жылға дейін кәсіпорында 1,590 мың тонна жол битумы өндірілді. Кәсіпорынды тексеру барысында Нұрлан Ноғаев жол битумын өндірушілердің жұмысын жақсарту үшін Энергетика министрлігі қабылдап жатқан шаралар туралы айтып берді.
«Мемлекеттік сатып алулардың кешіктірілуіне байланысты жол салушылар көктем мен жаз айларында өндірушілерден битумды жаппай сатып ала бастайды. Сол арқылы битумға сұраныс артып, бұл өз кезегінде нарықтық қатынастармен реттелетін өнімнің құнына әсер етеді», деді Энергетика министрі.
Н.Ноғаевтың айтуынша, құрылыс маусымы кезінде битум бағасы өсіп, қыс айларында оған деген сұраныс пен баға төмен болады. Сол себепті жол салушылар жыл бойы битуммен біркелкі қамтамасыз етілуі тиіс. Бұл өнімнің бағасын төмендетіп, жол битумын өндірушілердің технологиялық процестеріне оң әсер етеді.