Қазақ күй өнерінде көрнекті орны бар Әбдімомын Желдібаевты білмейтін қазақ жоқ шығар. Бүгінде Шу ауданының орталығы Төле би ауылында қарапайым ғана тіршілік кешіп жатқан күйшінің өзі «Мені елдің бәрі үлкен қалалардан іздейді екен. Қалада не бар? Қалада күн көре алмаймын. Ауылда, ағайынның арасында отырғанға не жетсін» дейді. Күйшінің бірқатар ән-күйлерінен бөлек, атақты «Ерке сылқым» күйінің өзі ұлттың күй өнеріндегі ерекше құбылыс емес пе?! Иә, бүгінде еліне еркелеп, халықтың қошеметінде өмір сүріп келе жатқан «Ерке сылқым» авторы осы бір шығармасы туралы және жалпы шығармашылығы жайлы әңгімелеп берді. «Ерке сылқым» бұл күнде халықтың күйі болып кетті. Күй 1973 жылы туды. Әрине, бұл күйдің дүниеге келуіне әсер еткен жан да өмірде болды. Сол арқылы қазақ қызына деген адамның жан-дүниесінің махаббатын күй тілінде көрсеткім келді. Осы күйді жазып жүрген кезім еді. Бір күні мені облыстық партия комитетіне шақырды. Екінші хатшы Ибраев деген кісімен «Алатау» ансамблі туралы әңгіме болды. Кейін бұл орынға Ғайникен Бибатырова келді. Ансамбльдің репертуарына бір-екі жаңа шығарма сұрады. Содан Жамбылда жатып осы күйді аяқтадым. «Ерке сылқым» алғаш рет сол кездегі Жамбыл қаласындағы «Алатау» ансамблінде орындалды. Алтынбек Қоразбаев сонда басында көркемдік жетекші болып келіп, кейіннен директор болды. Театрда болған концертке қатысып отырған облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Хасан Бектұрғанов орнынан атып тұрып, «Мынау қай ғасырдағы күй?» деді. Авторы мен екенімді білген соң арқамнан қағып, құрмет көрсетті. «Ерке сылқым» Алматыда да, Мәскеуде де көп тартылды. Қазір мұны жапон да, орыс та тартады. Шетелдіктердің де қызығушылығы басым», дейді күйшінің өзі.
Ауылда жүрсе де қазақ өнеріне үлес қосып келе жатқан Әбдімомын Желдібаев дегенде бірден еске «Ерке сылқым» түсетіні рас. Бірақ шынайы шығармашылық адамының қабілеті, әрине бір шығармамен ғана шектелмейтіні түсінікті. Кезінде қазақ даласын лирикалық күйімен тербеткен күйші бүгінде өнердің өзге жолына түсіпті. Біраз уақыттан бері қазақ күйлерінен симфониялық поэма жазып келеді екен. Үш бөлімнен тұратын «Төле би» толғауының өзі күйшінің қазақтың күй-дастан жанрын жасауға еңбек сіңіргенін көрсететін құнды дүние. Мұнда ғасырлар бойғы ұлттың ұлы арманы, еліміздің басынан өткен қилы жағдайлардың тарихи суреті, халық үшін туған тектілердің сәулелі болмысы көрініс табады. Сол сияқты, «Жамбыл баба жыр толғайды», Кенен Әзірбаев туралы «Күй-Көкшолақ», «Нұрсұлтан», «Шабыт», «Әулиеата» поэмаларының өзі қазақ өнерінің ерекше табысы деуге болады. Қазіргі кезде бұл шығармалар түрлі сахналарда орындалып жүр. «Менің ұстаздарым – Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей, Қазанғап, Түркеш сияқты ұлы күйшілер. Бала күнімізден осындай ғажап күйшілердің күйлерін естіп өстік. Одан өзіміз де тарттық. Нұрғиса Тілендиевтің өзімен жақын болдық. Алматыға барған сайын Нұрғисамен жолығатынмын. Мұның бәрі де өнер үшін еді. Өнер – халықтың рухын көтеретін күш. Түсіне білген адамға күй деген қазақтың жан-тәні ғой. Қазақтың егіз тілі – ана тілі мен күй тілі. Адамда бірінші дыбыс пайда болады. Дыбыс болмаса ештеңе де болмайды», дейді атақты күйші...
Әңгіменің соңында екі саусағының арасына шылымын қыстырып, қою түтінді бұрқ еткізген Әбдімомын Желдібаев «Ерке сылқым» күйі халықтікі болып кетті. Өз күйін қазақтың өзіне бердім. Ал менің жанымда оның кейіпкері жұмбақ күйінде мәңгі жасай беретін болады», деді. Осы сәт «Ерке сылқым» күйінің әрбір иірімі ойымызда ойнап тұрғандай еді. Күйдегі шабыт та, қуаныш пен өкініш те, сыр мен мұң да қазақ баласымен бірге жасайтын құндылық болып қалатыны шын. Кезінде осы күйдің құрметіне Шу ауданының орталығы Төле би ауылында ескерткіш те орнатылған болатын. Ол ескерткіш туындының тылсым тарихын әйгілеп әлі тұр.
Жамбыл облысы