Оқиға • 11 Қараша, 2020

Тегін олжаға кенелемін деп, түрмеге түсті

365 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Биылғы жылдың 10 шілде күні Астрахан аудандық соты мал ұрлығына байланысты іс қарады. Серіктестіктің бағымындағы 18 бас қара малды ұрлап, оңай олжа таппақшы болған бес адам әділ жазасын алып, түрмеге тоғытылды. Оңай олжа десе, құнығып тұратын, көзі қараятын өзгеге сабақ.

Тегін олжаға кенелемін деп, түрмеге түсті

2019 жылдың 16 қазан күні айыпталушылардың үшеуі А.Есенбаев, С.Иванов, Н.Тұр­манбаевтар аудандағы мал шаруа­шылығымен айналысатын серіктестіктің ірі қара малын ұрламақшы болып сөз байласады. Арам ойларын жүзеге асыр­мақшы болғандардың екеуі анықталмаған «Нива» автомашинасымен Ягодное ауылының жанына келіп, жайылымда жүрген серіктестіктің малын көздейді. Бұл уақытта ауылда оларды атқа мінген Н.Тұрманбаев тосып тұрған болатын. Мал ұрла­маққа бел буған үшеу ауыл ма­ңындағы жайылымда емін-еркін жайылып жүрген бір табын қара малды көреді. Мал маңында бақташының жоқ екендігіне көз жеткізгеннен кейін үш қазақтың ақбас, 15 бас «Герефорд» асыл тұқымды сиырларын тапа-тал түсте алдарына салып айдап алып кетеді.

Жалтыр ауылының жанын­дағы темір жол бойындағы тоғай­­дың қойнауына малды ен­гіз­­ген­нен кейін бұрыннан таныс Д.Олжабаев пен Р.Шинте­мі­ров­терді ұрланған малды сойып, сіңіріп кету үшін кө­мек­­ке шақырады. Олар мал­дың ұрланғандығын біле тұра, бас пайдаларын ойлап, бау­кес­пелердің айтқандарына көнеді. Егер арам істері жүзеге асса, ұрттары майланып, қал­талары томпайып шыға келмек. С.Иванов үйінен ТОЗ-16 карабинін оқ-дәрісімен қоса алып шығады. Кейін сот барысында өзінің айтуына қарағанда ол мылтықты 2008 жылы Жал­тыр ауылының маңынан тауып алған. Оқ-дәрісімен қоса үйін­де сақтаса керек. Көз байлана осы қарумен бір сиырды атып өлтіреді. Мұнан соң Д.Олжабаев пен Р.Шинтеміров оққа ұшқан сиырды асықпай мүшелеп бұзып, етін автокөлікке артып алады. Ендігісі оңай. Олжа болған мал етін өткізіп, ақшаға айналдыру. Р.Шинтеміров пен Д.Олжабаев сиыр етін Нұр-Сұл­тан қаласына апарып, «Әлем» базарында 240 мың теңгеге сатып жібереді. Оңай олжаның дәмін татып дәніккен әлгі екеуі ауылда қалған баукеспе ұры­лармен бірлесе отырып, арам ойларын әрі қарай жүзеге асыруға бекінеді. Ол үшін семіз, асау сиырларды ебін тауып сою керек. Базардан қара малды қаумалап ұстау үшін металдан жасалған тор мен басқа да құрал-жабдықтар сатып алады.

Келесі күні оқиға болған орында ұрылардың барлығы кездеседі. Базардан әкелген металл тордан қоршау құрып, қалған 17 бас қара малды сонда қамайды. Қоршаудан бір-бірден айдап шығып тұрып, үш сиырды мылтықпен атып өлтіреді. Сол жерде сойып, көлікке артады. Кейін үшеуі полиция қызметкерлерінің қолына түсіп, А.Есенбаев пен Н.Тұрманбаев бас сауғалап қылмыстық оқи­ға орын алған жерден әупі­рімдеп қашып құтылады. Осы қылмыстық әрекеттің кесірінен ұрылар серіктестікке 12 млн 606 100 теңге көлемінде мате­риал­дық шығын әкелген. Оқи­­ға орнында қолға түскен С.Ива­новтың автокөлігін мұқият тек­­серген кезде нөмірі 572-ші мылтық табылған. Мылтықты С.Иванов заңсыз сатып алып, үйінде заңсыз сақтаған.

Сот барысында айыпталушы А.Есенбаев өз кінәсін ішінара ғана мойындады. Сөз сыңайына қарағанда әуел баста мал ұр­лаймын деген ой болмаған. Өз үйінде алаңсыз отырған кезінде Н.Тұрманбаев телефон шалып, кездесуге шақырды дейді. Көз байлана, ымырт үйіріле А.Есен­баев, С.Иванов үшеуі Жалтыр ауылының маңында кездес­кен. Сол жерде Н.Тұрманбаев Ягодное ауылының жанында бақ­ташысы жоқ бір қора қара малдың жайылып жүргендігін жеткізген. Иванов екеуі «Нива» автомашинасымен барған кезде Н.Тұрманбаев салт атқа мініп, соңдарынан жеткен. Қараушысы жоқ қыруар малды тасалау жерге айдап апарғаннан кейін Тұрманбаев жұмысына кеткен. Жолсапардан келгеннен кейін Иванов екеуі «Субару» автомашинасымен Жалтыр ауыл­ы маңындағы мал қамалған жерге жеткен. Дәл сол күні Ива­нов автомашинасының жүк салғышынан оқтаулы мыл­тық­ты алып, іле бір малды атып өлтіргенін мойындады. Иванов екеуі қамалған малды күзетіп, мал етін сатуға кеткендерді тос­қан. Олар таңғы төрт кезінде оралыпты. Барлығының басы жиналған соң тағы да үш сиырды атып өлтірген. Әйтсе де екі бас қара малдың терісін алып, мү­шелеп бұзып үлгермеген. Кеш­кі сағат тоғыздың кезінде жарығын жаққан автокөлік көрінген соң сескеніп қалған. Бұл келгендер өздерінің сыбайластары болып шықты. С.Иванов, Д.Олжабаев, Р.Шинтеміров ав­то­көлікке отырып кетіп қалған кезде Н.Тұрманбаев атына мініп Жалтыр ауылы жаққа аттанған. Оны келесі күні кешкі бестердің шамасында ұстады. Қолға түс­кеннен кейін ол кінәсінен арыл­мақ болып, жасалған қыл­мыстық ісін бірден мойындады. Ол да оқиғаның қалай өрбігенін тергеу бары­сында айна-қатесіз айтып берді. Айыпталушы С.Иванов қылмыстық іске қаншалықты қатысы барын ішінара ғана мойындады. Ұрлық туралы қашан, қандай жағдайда сөз байласқандықтарын дәл айтып бере алмайды. Айыпталушы Р.Шинтеміров болса сот барысында Нұр-Сұлтан қаласына мал етін апарып беру үшін 20 мың теңгеге жалданғанын айтып ақталды. Ұрланған мал сойылған жерге келгенде тұр­ған адамдардың ішінде Тұр­ман­баевты ғана таныған. Сөйт­се олар ағайын адамдар екен. Сойылған малдың етін автокөлікке арт­қаннан кейін Н.Тұрманбаев екеуі Нұр-Сұлтан қаласындағы «Әлем» базарына жетіп, мал етін сатып жіберген. Кейін қайтқан кезде Тұрманбаев уәде еткен 20 мың теңгесін төлепті. Бірінші әрекеттері өздері ойлағандай жүзеге асқаннан кейін тағы бір сиырды жеткізіп беруі жөнінде өтініш айтқан. Ал ұрыларды ұстау кезінде неге қашқандығын былай­ша түсіндіреді. Айда­лада өзінің өміріне қауіп төн­ді ме деп ойлаған. Айып­талу­шы Д.Олжабаев болса, осы мал ұрлығы барысында мүл­де кінәсізбін дейді. Қа­зан­ның 17-сі күні белгісіз нө­мір­ден бұрыннан таныс Н.Тұр­ман­баев телефон шалып, бү­гін келіп жолығатындығын айт­­қан. Автокөлікпен келген Н.Тұрманбаев мал союға кө­мек­тесуін сұраған. Әр малды сойғаны үшін 10 мың теңгеден төлеймін деп уәде еткен. Ақшаға қызыққан бұл бірден келісе кеткен. Тұрманбаев малдың қай жерде тұрғандығын түсіндіріп берген.

Мал ұрлығы қалай ашылды? Ауыл тұрғындары темір жол маңындағы тоғайдан бейсауат жүрген екі автокөлікті байқаған. Содан соң жергілікті егерьге бақылап, байқау қажет­тігін тапсырған. Егерьмен бірге әлденеден сақтанған ауыл тұр­ғындары қылмыстық оқиға болып жатқан жерге келген кезде әлгі белгісіз автокөліктерге мінген ұрылар қаша жөнелген. Әйтсе де ұзаған жоқ. Қолға түсті. Көліктен есірткі заттары, ақша, қару мен бір сиырдың еті табылды. Оның үстіне терісі жаңа сыпырылып, алына бастаған екі сиыр бірден көзге түсті. Міне осылайша біреудің ақ адал малын ұрлап, материалдық игі­лікке кенелмек болған баукеспе ұрылардың арам ойлары әшкере болды. Серіктестік дирек­торының анықтамасына қарағанда, келтірілген зиян мөлшері 12 млн 606 100 теңге көлемінде.

Сот барысында айыпталушылар ақталып бақты. Бірақ, дәлел-дәйек жеткілікті. Бұлтартпас айғақ, куәгерлер бар. Әділ сот үкім шығарды. Оңай олжа тап­­пақ болған Н.Тұрманбаев, А.Есен­баев, Р.Шинтеміров бес жылға сотталды. Қалған екеуіне екі жыл­дан үкім кесілді.

Мал ұрлығы айрықша ауыр қылмыс екендігі айтылып жүр. Мал ұрлағандардың қолға түс­кені туралы ақпарат та аз емес. Тек сотқа жеткені сирек. Бұл жолы адал асқа арам қолын созғандардың жолы болмай­тын­­дығын көрсету үшін жазасын алған бесеу туралы жазуға тура келді.

Тағы бір жай ойға оралғаны. Әдетте кейбір әріптестер мал ұр­лаған оқиғаны барымта деп жазады. Барымта бағзы замандағы өш алу, кек қайтару шарасы. Ал мынау қаны шығып тұрған қылмыс. Ауылдағы ағайын­ның қолындағы бірер қарасының сүмесімен күн көріп отырғандығы шындық. Демек, оған көз аларту балаларының бола­шағын кесумен тең күнә. Айдың-күннің аманында күнәлі, кінәлі болған қайбір жақсы?!

 

Ақмола облысы

Ескерту: кейіпкерлердің аты-жөндері өзретіліп алынды.