Абай • 11 Қараша, 2020

Көкше тұлғалары танымындағы Абай мұрасы

695 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Жалғыз қазақ халқының ғана емес, тұтас адамзаттың мақтанышы Абай Құнанбайұлы шығармаларының құндылығы уақыт өткен сайын артып, ұлтымыз бен әлемнің абыройын асқақтата түскендей. Ақынның биылғы 175 жылдық мерейтойы халықаралық деңгейге көтеріліп, онлайн режімде кең көлемде өткізіліп жатқаны мәлім. Абайды тану, оның мұрасын бүгінгі және болашақ ұрпаққа насихаттау – барша Қазақстан азаматының айрықша парызы.

Көкше тұлғалары танымындағы Абай мұрасы

Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарла­малық мақаласында: «Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жыр­лары мен Құрманғазының күйлері, ғасыр­лар қойнауынан жеткен бабалар үні... ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бо­йымызда мәңгі қалуға тиіс» деп айқындап берсе, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласында: «Абайды ұлтымыздың мәдени капиталы ретінде насихаттауымыз керек. Өркениетті елдер қазақтың болмыс-біті­мін, мәдениеті мен әдебиетін, рухани өресін әлемдік деңгейдегі біртуар перзенттерінің дәрежесімен, танымал­дығымен бағалайтынын ұмыт­пайық. Сондықтан Абайды жаңа Қазақстанның бренді ретінде әлем жұртшылығына кеңінен таныстыру қажет» деп, жаңа межені нұсқады. Біз мұны – отандық ақыл-ойдың, дәстүрдің сабақтастығы деп білеміз.

Білім ордасының негізгі миссиясы – өскелең ұрпаққа өнегелі білім, дәйекті тәлім беру болғандықтан, Мемлекет бас­шысының аталған мақаласы – біз үшін елдік тапсырма сынды. Бұл – жа­уап­­кершілік қана емес, абайтануды жа­ңа, тың бағытта зерделеп, ерекше көз­қа­распен пайымдайтын сара жол, сындарлы сүрлеу. Біз қазіргі заман үдерісіне қан­ша­лықты ілесе аламыз, жастарымыз осы лекке дайын ба, олардың бойына Абай аманаттаған ізгі мұратты сіңіре алдық па – міне, осы сұрақ, осы ой бәрімізді толғандырады.

Президент аталған мақаласында шет мем­лекет­тердегі елшіліктер мен оқу орын­дары жанынан ұлы ақынға арнал­ған орталықтар ашу қажеттігін айтты. Өте құптарлық іс. Абайды әлемге та­ны­татын уақыт әлдеқашан келді. Осы орай­да Шоқан атын иеленген Көкшетау университеті кешенді жоспар құрып, біраз іс-шараны бастап та кетті. Алда біраз жұмыстар да бар.

Мәселен, облыс әкімшілігімен бірле­сіп қазан айында «Абай тұлғасы: ұлттық руханият және әлемдік өркениет» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізілді. Студенттік форумдар, көрме мен бай­қаулар, түрлі кештер мен кез­де­су­лер өтіп жатыр. Қараша айын­да өз­­ара келісімге сәйкес, Беларусь Рес­пуб­ликасы Минск Ұлттық техни­ка университеті жанындағы Абай орта­лығында шығармашылық көрме ұйым­дастырып, тағылымдық дәрістер өткіз­бекпіз. Мақсатымыз – Абай әлемін бауыр­лас беларусь халқына таныстыру, ғылыми-мәдени байланыс орнату. Абай арқылы қазақ халқының тарихын, руха­ни-материалдық болмысын таныстыру. Облыс басшылығы бұл бастамамызды толық қолдап отыр.

Ұлы Абайдың даналық ойлары – ұлт руханияты мен мәдениетінің тұғыры, темірқазығы. Ғұлама ілімі халықтың тыныс-тіршілігімен, болашақ дамуымен, рухани жаңғыруымен тығыз байла­нысты. Сондықтан да Абай даналығы қазіргі заманмен үндесіп жатуы керек. Дана ақын Көкше еліне де бөтен емес. Оның тағдыры, мұрасы, ізашар істері Ұлы даланың Шоқан Уәлиханов, Біржан сал, Науан хазірет, Шәймерден Қосшығұл, Зейнелғабиден әл-Омскауи, Мұхаметсәлім Кәшімов, Смағұл Садуа­қасұлы, Ғаббас Тоғжанов, Ысқақ Дүй­сенбаев, Есмағамбет Ысмайылов, Мә­лік Ғабдуллин, Айқын Нұрқатов, Тұр­сынбек Кәкішұлы, Серік Негимов сынды бұрын-соңды ірі тұлғаларының, ғалымдарының бағдарында, жазған­дарында, арнайы монографияларында, іліктес зерттеулерінде көрініс тапқан.

Кемінде бір жарым ғасырлық тарихты шолсаңыз, Көкше тұлғаларының танымы ұлт танымына олжа салып, елдің рухани деңгейін әлеуеттендіре түскенін байқайсыз.

XIX ғасырдың екінші жартысында қазақ даласында туған демократтық, ағартушылық мәдениеттің алғашқы өкілдерінің бірі, қазақтың мәңгі жарық жұл­дызы, ғалымдардың ғалымы Шоқан Уәлиханов пен жаңа жазба әдебиеттің негізін қалаушы, философ, композитор, аудармашы, ұлт мәдениетінің реформаторы, қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының мұралары мәңгілік тұтастықта сабақтасып, ұлт руханиятына айналып, терең үндестікпен тамырласып жатыр. Абай мен Шоқанның рухани үндестігі, ең біріншіден, ауыз әдебиетінің асыл жауһарларын жас кезінен санаға сіңіре отырып, тағылым алуында және шешендер мен ақындардың ұлағатты, ғибратты сөздерін тоқуында; екіншіден, шығыс тамырын, араб, парсы, түркі тіл­деріндегі шығармаларды іздене оқып, білімін байытуында, орыс, еуропа классиктерінің еңбектерімен жете таныстығында. Шоқан халық әдебиетін – тарихты танудың бағалы мұрасы деп таныса, Абай көркемсөз байлығын – адам­затты адамдық жолға баулып тәрбиелеудің, жақсылықтарды өнеге тұтып, зұлымдық, надандық атаулымен күресудің жолы деп санады. Абай мен Шоқанның қазақ тарихы туралы толғамдары ұлттың болашағын ойлаудың талабынан туған. Шоқан секілді Абай да шығыс пен батыстың тарихи шежірелерін жақсы білді. Бұл құбылысты бірі ғалым сипатында, екіншісі суреткер көзімен бағалады, екі тұлғаның да қазақ ұлтын өркениеттің жолына түсіру ойлары сабақтасып, үндесіп жатты. Ұлы ғалым Шоқан мен ұлы ақын Абайдың әдебиет, фольклор, мәдениет, философия, этнография, тарих, экономика т.б. жайлы құнды еңбектері, пікірлері ұлттың тұтас құндылығына айналған мұралар, осы қазыналары екі ұлы тұлғаны рухани сабақтастырып, тамырын тереңдетіп тұрары айқын. Ұлы сабақтастықты қазақтың әйгілі ақыны, сазгер Біржан сал өмірінен де аңғарамыз. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов «Абай жолы» ро­ман-эпопеясына ақындық мектептің ұс­тазы Абай мен сал-серілер мектебінің ұс­тазы Біржан салдың кездесуін суреттеу негізінде өнердің, шығармашылықтың баяндылығын екі ұлы тұлғаның рухани дидарласуы арқылы мәдени-табиғи үндестікте көркем жеткізеді.

Абай мен Біржан салдың рухани сабақ­тастығы – олардың өнерді аса жо­ғары бағалаған, жастардың өнерін қадірлеп, көкке көтерген жанашыры болуында. Міне, осы қасиеттер, көзқарастар бірлігі екі тұлғаны рухани жағынан тоғыстырды. Біржан салдың ерекше дарынын, жастарға берер өнегесін дөп тануы Абайдың көрегендігін дәлелдейді. Абай мен Біржан салды үндестірген, сырластырған – ән мен жырдың құдіреті, киесі. Әнші Біржан салдың ақын Абаймен шығармашылық үндестігі – ұрпаққа үлгі өнерпаздық пен жасампаздық жолы. Біржан салдың Абай ауылына келуі – қос тұлғаның шығармашылық соқпағын баянды етіп, өнер қасиетін ардақтаудың, дарынды шынайы бағалаудың рәмізі еді. Дәуірнамалық туындыда Біржан салдың сал­танаты, оған деген халықтың ықыласы, Абай­дың Біржанға көрсеткен зор құрметі терең жазылған. Эпопеяға осы үйлесімді орайлы енгізген М.Әуезов ұрпаққа тарихи байланыстарды ұмытпауды ама­нат­тағандай.

Таулары көк тіреген Көкше – аузы дуалы көсемдерімен, күміс көмей ше­шен­дерімен, сал-серілерімен, батыр, билерімен, ғұлама ғалымдарымен ұлт тарихын байытқан өңір. Сондай тарихи тұлғалардың қатарында діндар ғұлама, әдебиетте де, халық арасында да Науан хазірет деп аталып кеткен ағартушы, ұлт қамын жеп, мұсылмандықтың шапағатын жаюға бүкіл өмірін арнаған қайраткер Наурызбай Таласұлы есімі ерекше аталады. Алаш көшбасшысы Ә.Бөкейхан оны М.Ломоносовқа теңеуі жайдан-жай емес. Университетіміздің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Қадыр­жан Әбуев «Шығыс өркениетінің орта­лықтары болып саналатын Бағдат пен Бұхар жоғары оқу орындарын тәмамдап елге оралғанда Науан хазірет жан-жақты білімдар, ғұлама ғалым, тәжірибелі ұстаз болып қалыптасумен қатар, жәдиттік бағытты ұстанған қоғам қайраткері де болып үлгергендігін, оқып-білгенін, өз қызметін ел игілігіне жарату, халқын отаршылдық бұғаудан азат ету жолдарын ойластырғандығын, 1886 жылы көпшілік қауымның сұрауымен облыстық діни басқарма Науан хазіретті Көкшетау мешітіне имам етіп тағайындағанын» жазған еді. Қазақ халқының тарихи қос тұлғасы – Абай мен Науан хазірет арасында тарихи-рухани байланыстың мәні зор. Н.Таласұлы халық арасында дін-исламның, ұлттық дәс­түрлердің қорғаушысы ретінде үлкен беделге ие болды. Отарлау саясатынан исламды қорғауға қазақ қоғамының ықпалды адамдары Абай Құнанбайұлы, Ақан сері, Мұса Шорманұлы, Шыңғыс төре, Мұхамед-Салық Бабажанов, Мәмбетәлі Сердалин, Әлихан Бөкейхан, т.б. үн қосты. Мұсыл­ман дініне патша үкіметінің орыстандыру, шоқындыру саясатына қарсы тұра алатын рухани күш ретінде қарап, ұлттық дәс­түрлерді сақтау ісіне халықты топтастыру үшін қазақ даласының беделді тұлғаларынан көмек сұрады. Науан хазірет кейін Госдума депутаты болып сайланатын Шаймерден Қосшығұл ар­қылы Абай Құнанбайұлына ұлттың рухани-мәдени тәуелсіздігі жолындағы күресті басқаруды ұсынады. Міне, осы бір тарихи оқиғалар, ұлы Абай мен Науан хазі­реттің ұлт тағдыры, ұлт еркіндігі үшін жасалған қадамдары тарихи тұрғыдан ұлы сабақтастықты танытады.

Қазақ әдебиетінің классигі Абай Құ­нан­байұлының әдеби мұрасын жинау, жариялау, зерттеу, насихаттау ісінің күр­делі тарихы бар. Ұлт абайтануы Әли­хан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Мір­жақып Дулатұлы мақалаларынан бас­талып, кеңес дәуірінде Мұхтар Әуезов, Қайым Мұхамедханұлы, Зәки Ахметов, Мекемтас Мырзахметұлы, Жұмағали Ысмағұлов т.б. еңбегімен жалғасты. Қазіргі абайтану – замана нәубетімен, сола­қайлықпен күрескен абайтанудың жауап­ты мұрагері. Сондықтан бұл ұлы істе өңірлердің орны, еңбегі ұмытыл­ма­ғаны абзал.

Абай мұрасына «қазақ әдебиетінің жаһұты» деп баға беріп, ең алғашқылардың бірі болып ақын өлеңдерін баспа бетінде жариялап, күллі түркі әлеміне алғаш насихаттап таныстырушылардың бірі – Зейнелғабиден ибн Әміре әл-Жауари әл-Омскауи. Абай өлеңдерінің алғашқы жинағы Санкт-Петербургте Борагинский баспасында 1909 жылы жарық көрсе, ал көкшелік ағартушы Зейнелғабиден ибн Әміре әл-Жауари әл-Омскауи 1909 жылы Уфа қаласында шыққан «Насихат қазақия» кітабына «Тобықты Ыбырай мар­құмның өлеңдерінен» деген топтама енгізіп, бастырған еді. ХХ ғасырдың басындағы жәдитшілдіктің қазақ дала­сындағы ірі өкілі Зейнелғабиден Әмі­реұлының зерттеулері ешқашан құн­дылығын жоймайды. Осы бір ұлы істі «Айқап» журналының тілшісі Мұха­метсәлім Кәшімов жалғастырып, мақа­лалары мен кітаптарында Абай мұра­ларын жұртқа кеңінен насихаттады. Көкшелік әдебиеттанушы, қоғам қайрат­керлерінен Смағұл Садуақасұлы Абай туралы 1918 жылы «Қазақ әдебиетінде» очер­к жазса, Ғаббас Тоғжанов 1935 жылы «Абай» атты монография жариялады. Екі тұлға да ақын өлеңін дәуірімен, сана жаңғыруымен байланыста қарады.

Абай мұрасын зерделеу ісіне көкшелік ғалымдардан Ысқақ Дүйсенбаев, Есма­ғам­бет Ысмайылов, Айқын Нұрқатов елеу­лі еңбек сіңірді. Мәлік Ғабдуллин, Тұр­сынбек Кәкішұлы, Серік Негимовтер өз зерт­теу бағытының аясында үлес қос­ты.

Қазақ әдебиеттану ғылымымен бір­ге өсіп, біте қайнаған Қазақ ССР Ғылым академиясының корреспондент-мү­шесі, филология ғылымдарының докторы, профессор, атақты сыншы-ғалым Есмағамбет Ысмайылов абайтанудың өркендеуіне мол еңбек сіңірді. Ол – Абайдың толық шығармалар жин­а­ғының бірқатар ака­демиялық басы­лымдарын құрастырып, редакция­сын басқарудан бастап, көптеген еңбектерінде Абай шығармашылығын талдауға барған ғалым. 1934 жылы Зейін Шашкинмен бірі­гіп жазған «Абайдың поэтикасы» деген еңбегінде «Абайдың ақындығы тура­лы» атты сүбелі зерттеу жазып, «Абай­дың ақындық шеберлігі», «Абай­дың өлең өрнектері», «Кемеңгер Абай», «Қазақ халқының кемеңгер ақыны», «Абай өлеңдерінің сұлулық, әуезділік ерекшеліктері», «Абайды зерттеу жайынан» сияқты мақалаларында Абай поэтикасына қатысты біраз тың ойлар айтты.

Әдебиеттану ғылымында жарқын із қал­дырған Айқын Нұрқатовтың «Абай­­дың ақындық дәстүрі» атты мо­но­гра­фиясы ұлт руханиятындағы ұлы құ­былыс Абай тұлғасын, оның шығар­­машылық әлемін, көркемдік дәстүрін байыптаған айрық­ша зерттеу еңбектердің біре­гейі. Әдебиеттанушы-профессор Се­рік Негимов бұл еңбек жайында: «Айқын Нұрқатов ұлт ақы­ны Абайдың сурет­керлік өнегесін, «алыптығы мен ұлы­лығын», ақындық айналасын әдеби мекте­бімен, қазақтың ХХ ғасыр басындағы әдебиетімен сабақ­тастыра талдап тү­сін­діреді, қазақ­тың байырғы ауыз әде­биетінің көркемдік тәжірибелерін жоққа шығар­мағанын қадап айтады», – деп айрықша атап көрсетеді. «Абай мұрасын игеру, оның творчествосын терең зерттеу – өт­кен­дегі мәдени қазынамызды пай­да­ланудағы ең түбегейлі мәселелердің бірі болғаны сияқты, біздің әдебиетіміз, әсі­ресе поэзиямыз өзінің қалыптасып да­муының қай кезеңінде де ұлы ақынның жемісті, құнарлы дәстүрлерінен сырт­ қалған емес. Бұл – даусыз шын­дық», – деп Абай дәстүріне байланыс­ты өз позициясын анық ұсынған Айқын Нұрқатов монографиясының «Абай твор­чествосының дәстүрлік және жа­ңа­­шылдық сипаттамалары», «Абай тұсындағы ақындар», «Абай дәстүр­лерінің арнасында», «Орыс реализмінің дәстүрлері және қазақ әдебиеті», «Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы» атты тарау­ларында дәлелді ой-пікірлерді алға тартып, жан-жақты талдап береді.

Хакім Абайдың қоғамдық-фило­софия­лық ойларын, ұлт мәдениеті мен әдебиетіндегі көркемдік ізденістерін зерттеп-зерделеуде түбі көкшетаулық ағар­тушылар, ғалымдар аянып қалған емес. Бұл дәстүр бүгін де қоғамдық аяда өз жалғасын тауып отыр. Ш.Уәлиханов универ­ситетінің ғалымдары, ақмолалық мәдени-рухани қауым Абай даналығын, ақын есімін әрқашан жоғары қояды. Мектеп те, кітапхана да, мәдени ошақтар да, жоғары оқу орындары да «Білімдіден шыққан сөз – Талаптыға болсын кез» жолында.

Біз Абайды тану арқылы ұлт тағ­дырын, өз болмысымызды танып, бола­шағымызды бағдарлаймыз. Абай арман­даған «бүтін адам», Абай зерделеген «толық адам» тұжырымдамасы ең озық идея ретінде ұрпақтан ұрпаққа үзілмей жете берері сөзсіз.

 

Марат Сырлыбаев,

«Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамының басқарма төрағасы-ректордың міндетін атқарушы