Экономика • 12 Қараша, 2020

Қазақ құрық ұстаудан қаша ма?!

1158 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алыстағы Американың ковбойларын бүкіл әлем біледі. Ковбой десе, елдің көзіне ат құлағында ойнайтын, басынан стетсон қалпағын тастамайтын, көз ілеспес қимылмен револьверін суырып алып жауын жайратып салатын сұрмергеннің романтикалық образы елестейді.

Қазақ құрық ұстаудан қаша ма?!

Ковбой сөзі ағылшын тілінен аударғанда  kowboy, яғни сиыр бағатын бозбала дегенді білдіреді. Шеті мен шегі жоқ прерияны жаулаған һәм жайлаған халықтың мыңғырған малын бағып, қажет кезде жергілікті тайпа­ларға да, қарақшыларға да тойтарыс бер­гендердің ерлігі талай әнге, балладаларға, аңыз-әпсаналарға арқау болған. Сол дәуірге деген сағыныштың әсерімен ковбойлар тақырыбы кантри сияқты музыкалық жанрда, кинодағы вестерн жанрында көрініс тапты. Комикстің де басты кейіпкеріне айналды. Кеңес кезінде түсірілген «Капуцин бульварынан шыққан адам», «Бассыз салт атты» сынды фильмдерге қарап-ақ вестерн жанры Голливудтың аясынан шығып, әлемге тарағанын байқауға болады. Яғни прерияда мал бағып жүрген жалғыз атты кедейдің образы әлемдік мәдениеттен ойып тұрып орын алды десек қателеспейміз.

Қарап отырсақ, төрт түлік мал бағудың қыр-сырын біздің бабамыздан артық білгендер аз. Қазақ әлмисақтан байлықты малмен өлшегені мәлім. Оны бата-тілек, мақал-мәтел, жыр-дастандарына қарап-ақ аңғаруға болады. Көне дәуірден сыр шертетін «Алпамыс батыр» жыры да:

«Байбөрі деген бай бопты,

«Төрт түлігі сай бопты,

Шұрқырап жатқан бір жылқы,

Тоғай сайын мың жылқы,

Есебі жоқ көп жылқы...» деп басталмау­шы ма еді.

Жарайды, бұл баяғыдағы жыр делік. Жетпіс-сексенінші жылдардың өзінде Қадыр-Мырза-Әлі қазақтарды:

«Сәйгүлікті құйрық жалы таралған,

Мінетұғын қазақ осы, қараңдар,

Қазақ осы күй шығарып, ән салып,

Көкпар тартып, қыз қууға жаралған», деп таныстырмап па еді.

Қазір де ат десе, бәйге десе делебеміз қозып сала беретіні рас. Сонау бір жылдары бәйгеге шапқаны, атақты аламанды көргені жайлы, аттың сыны туралы сағаттап сөз сапыратындар әлі де бар арамызда. Соғымға семіз жылқы союға тырысамыз. Алайда жүйрік атқа құмар болса да, малдың етінің тәттілігіне қызықса да, еңбегінің қаттылығына шыдайтындар аз сияқты. Олай дейтініміз, ауылда шаруа қожалығы бар танысымыз мал бағатын адам таппай біраз қиналғанын айтты. Өзінің жақын інілері де көнбепті. Оның сөзіне сеніңкіремей интернет сайттарды ашып қалсақ, малшы, сауыншы іздегендердің жарнамасы самсап тұр екен. Біреуіне әдейі хабарласып, малшының кейпіне еніп сөзге тартқанбыз. Шаруа қожалық иесі 150 мыңнан 200 мың теңге аралығында еңбекақы төлеуге уәде етті. Табиғаты әсем Жетісудың төрінде, Шамалған ауылында орналасқан шаруашылық.

– Бізде жылқы да, қой да, сиыр да бар. Мал бағатын адам, бие, сиыр сауатын адамдар да керек, – деді.

– Шаруашылықтың басында үй, жарық, су бар ма?

– Үй, су, жарық, интернет, монша... бәрі бар. Тамақты аспаз дайындайды, тек жұмыс істесең болды... 

Малшы іздеген жарнамалардың біразы­ның сайтқа салынғанына бірнеше ай болыпты. Жарнама берушілердің айтуынша, көпшілігі әлі іздегенін таппапты. Себебі құрық ұстауға құлшынып тұр­ғандар аз. Келіскендерінің өзі жоғарыда айтқанымыздай, бірер айдан кейін қиқаңдап, кеткісі келіп тұрады.

Әрине, мал бағудан қашқаны үшін жұрт­ты жаппай жазғырудан аулақпыз. Себебі біздің елде малшының образын америка­лық ковбоймен салыстыра алмайсыз. Амери­каның ковбойлары қазір джиппен жүреді, имиджіне сай талғаммен киінеді. Ал біздің малшылардың кейпі мүлде басқаша. Бірнеше жыл бұрын ауыл шаруашылығы вице-министрі Арман Евниев «ковбойларға қалай құрмет көрсетілсе, қазақ малшыларына да солай құрмет көрсетілуі керектігін» айтып, министрлік малшылардың жағдайын көтеруді қолға алатынын айтқан-ды. Алайда көп ұзамай салада ауыс-түйіс көбейіп, ол сөзі орындалмай қалды.

Қазақтың малшыларының дәрежесі қашан, қалай көтерілері белгісіз. Содан да шығар, құрық ұстауға қызығатындардың қатары көп емес. Жылқы мінез атқұмар қазақ әзірге ипподромда жарты сағат атпен серуендеп, селфи жасаудан аспай тұр.